Абай облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Абай атындағы Семей мемлекеттік театрында “АДАЛДЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ – АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛЫ” атты МӘУЛІТ КЕШІ жоғары деңгейде аталып өтті. Рухани кештің басты қонақтары – Өнер қырандары театры болды.
Кеш шымылдығы Өнер қырандары әртістерінің Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арнау өлеңдерімен ашылып, Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлының уағыз-насихатымен жалғасын тапты.
Асқар Әбітайұлы Мәуліт мерекесін атап өту кеше ғана пайда болған дүние емес, тарихқа көз жүгіртсек бабаларымыздың Алла елшісі ﷺ өмірге келген айды дәстүрлі түрде атап өткендігін, арнайы түрде Мәуліт жырларының небір түрлерін, Пайғамбарымызға ﷺ арналған махаббатқа толы шығармаларын бізге мұра еткендігін атап өтті. Сондай-ақ, Алла елшісінің ﷺ бойында мұсылман үмметі үшін, тіпті, жаны ізгілікті аңсаған барша адамзат баласы үшін ерекше өнеге бар екендігін, Пайғамбарымыздың ﷺ адалдықтың пен шыншылдықтың, әділдік пен адамгершіліктің, қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің, жалпы барлық көркем мінездің үлгісі екендігін жеткізді.
Мәуліт кешінде Өнер қырандары театры «Адал бағбан», «Ысырапшылдық» сынды мәнді де мағыналы қойылымдар қойып, көпшілікті терең ойға жетеледі.
Сондай-ақ, Мәуліт жыры оқылып, театрға жиналған барша халық Алла елшісіне ﷺ арнайы салауат айтып, жүрек лебіздерін арнады.
Кеш соңында Алла елшісінің ﷺ сүннетін жаңғыртып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Мәуліт сыйы» және «Ел үлесі пәтерге» жобалары аясында қайырымдылық шаралары жасалды.
Мәуліт кешін көруге келген қала тұрғындары рухани шарадан жан тыныштығын тауып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Пікір қалдыру