Негізі әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуының оқасы жоқ. Бірақ үйінде оқығаны абзал[1].
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَا تَمْنَعُوا نِسَاءَكُمْ الْمَسَاجِدَ وَ بُيُوتُهُنَّ خَيْرٌ لَهُنَّ
«Әйелдеріңе мешітке баруға тыйым салмаңдар. Бірақ үйлері олар үшін мешітке барудан да қайырлы» [2], – деген.
Ханафи мәзһабының ғалымдары фитнаға (бұзақылық) түсіп қалу қаупі болғандықтан жас әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуын мәкруһ санаған. Себебі Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үйлері олар үшін мешітке барудан да қайырлы», – деген. Ал жасы үлкен қарт әйелдердің таң және ақшам мен құптан намаздарында мешітке баруына болады. Бұл имам Әбу Ханифаның көзқарасы. Өйткені ниеті бұзақылар бесін мен екінті намазында қаптап жүреді. Ақшам намазында кешкі асын ішумен әлек, таң намазы мен құптанда ұйқыда болады дейді. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірі бойынша қарт әйелдер барлық парыз намаздарда мешітке бара алады[3].
Алайда мешітте әйелдерге арналған бөлек жер болса және ол жерге барар жол да көпшілікке көрінбейтіндей болса оқасы жоқ. Басты мақсат әйелдің абыройы мен қоғамда түрлі бүліктердің тууына жол бермеу.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
[1] «әл-Һидәя», 2/354. «Бәдәиу әс-сәнәйығ», 1/275.
[2] Әбу Дәуіт, №5468.
[3] Мәусули, «әл-Ихтияр», 1/204-207. Бурхануддин, «әл-Мухит», 2/208-209. Мәрғинәни, «әл-һидәя», 1/57. Ибн Абидин, «Радду әл-мухтар», 2/307.
Пікір қалдыру