Исламда жар таңдау: Өмірлік серік таңдаудағы негізгі қағидалар
Жар таңдау – адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Бұл тек эмоцияға немесе сыртқы келбетке емес, ақылға, иманға және болашаққа деген көзқарасқа негізделуі тиіс. Отбасы – исламда қасиетті байланыс, сондықтан оны құруда саналы түрде дұрыс қадам жасау қажет.
Алла Тағала Құранда былай дейді:
وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِّتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُم مَّوَدَّةً وَرَحْمَةً إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ
“Олардың арасынан сендерге өздерің тыныштық табу үшін жұбайлар жараттық, әрі араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салдық. Расында, ойланған елге бұл – ғибрат.”( Рум сүресі, 21аят)
Бұл аяттан отбасының негізі сүйіспеншілік, мейірім және түсіністік екенін көруге болады. Демек, жар таңдауда адам тек уақытша сезімге емес, ұзақ мерзімді бақытқа жетелейтін қасиеттерге мән беруі керек.
Жар таңдаудағы негізгі қағидалар:
- Діндарлық – басты өлшем
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты:
وعن أَبي هريرة ( عن النَّبيّ- صلى الله عليه وسلم — قَالَ : « تُنْكَحُ المَرْأَةُ لأَرْبَعٍ لِمَالِهَا ، وَلِحَسَبِهَا ، وَلِجَمَالِهَا ، وَلِدِينِهَا ، فَاظْفَرْ بِذاتِ الدِّينِ تَربَتْ يَدَاك » . مُتَّفَقٌ عَلَيهِ .
“Әйелді төрт себепке қарап таңдайды: байлығы, тегі, сұлулығы және діндарлығы. Сендер діндар болғанын таңдаңдар, сонда бақытты боласыңдар.” (Бұхари, Муслим)
Бұл қағида ер адамдарға да, әйелдерге де қатысты. Өйткені, тақуалық – адамның рухани құндылықтарын көрсететін басты белгі. Діндар адам отбасына адал, сабырлы, әділ және қамқор болады.
- Жақсы мінез – тұрақты қарым-қатынастың негізі
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ:
(رواه الترمذي)”خَيْرُكُمْ خَيْرُكُمْ لِأَهْلِهِ، وَأَنَا خَيْرُكُمْ لِأَهْلِي.”
“Сендердің ең жақсыларың – өз отбасына (жұбайына) жақсы қарағандарың. Ал мен өз отбасына ең жақсы қараушы адаммын.” ( Имам Тирмизи 3895).
Жақсы мінез – уақыт өте өзгермейтін, адамның ішкі дүниесін көрсететін сипат. Сұлулық немесе материалдық жағдай уақыт өте келе өзгеруі мүмкін, бірақ адамның мінезі – отбасының берекелі болуының кепілі.
- Некенің мақсаты – тек дүние емес, ақырет
Исламда отбасының мақсаты – тек материалдық байлық немесе әлеуметтік мәртебе емес. Ең бастысы – Алла разылығы үшін бірге өмір сүру.
“الدنيا متاع. وخير متاع الدنيا المرأة الصالحة”.
(رواه مسلم)
“Бұл дүниенің барлығы – уақытша игілік, ал оның ең жақсысы – ізгі әйел.” (Муслим 1467)
Бұл хадистен мұсылман ер адам үшін ең үлкен нығмет – тақуалы, сабырлы және мейірімді жар екенін көруге болады. Сол сияқты, әйел адам үшін де ең үлкен нығмет – жауапкершілікті түсінетін, әділ және қамқор ер адам.
- Жар таңдауда ата-ана мен ақылдасу маңызды
Исламда ата-ананың батасын алу маңызды. Дегенмен, шешімді өз ойыңмен қабылдау да қажет, өйткені өміріңді бірге өткізетін адамды сен таңдауың керек.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
إِذَا جَاءَكُمْ مَنْ تَرْضَوْنَ دِينَهُ وَخُلُقَهُ فَزَوِّجُوهُ، إِلَّا تَفْعَلُوا تَكُنْ فِتْنَةٌ فِي الْأَرْضِ وَفَسَادٌ كَبِيرٌ
(رواه الترمذي)
“Егер сендерге мінезі мен діні разы қылатын адам келсе, оған (қыздарыңды) үйлендіріңдер. Егер олай істемесеңдер, жер бетінде бүлік пен үлкен бұзақылық болады.” (Тирмизи 1084)
Бұл хадис екі жаққа да қатысты – жақсы мінезді, жауапты және сенімді жарды бағалау керек.
Жақсы жардың сипаттары
Ер адам қандай әйелді таңдауы керек?
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты:
“الدنيا متاع. وخير متاع الدنيا المرأة الصالحة”.
(رواه مسلم)
“Бұл дүниенің барлығы – уақытша игілік, ал оның ең жақсысы – ізгі әйел.” (Муслим 1467)
Ізгі әйелдің белгілері:
Тақуалық – Алланың әмірлерін орындап, күйеуіне адал болады.
Кешірімділік – отбасының тыныштығы үшін сабырлық танытады.
Ата-анаға және туыстарға құрмет – мұндай әйел өз жұбайының отбасына да құрметпен қарайды.
Әйел қандай ер адамды таңдауы керек?
Исламда ер адам – отбасының қорғаушысы, асыраушысы және жетекшісі.
Алла Тағала Құранда былай дейді:
الرِّجَالُ قَوَّامُونَ عَلَى النِّسَاء بِمَا فَضَّلَ اللّهُ بَعْضَهُمْ عَلَى بَعْضٍ وَبِمَا أَنفَقُواْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ
“Ер адамдар әйелдерге қамқоршы. Өйткені Алла олардың кейбірін кейбірінен артық жаратты әрі олар өз мал-дүниесінен (әйелдерге) жұмсайды…” (Құран, Ниса сүресі, 4:34)
Жақсы ер адамның сипаттары:
Діндарлық – Алланың әмірлерін орындайды.
Мейірімділік және әділдік – отбасына әділ, жұбайына қамқор болады.
Жауапкершілік – отбасы үшін қам жейді, адалдықты сақтайды.
Жар таңдауда дұға мен истихара намазы
Жар таңдау – жауапты шешім, сондықтан Алладан дұрыс жол көрсетуін сұрау маңызды. Егер күмәндансаңыз, истихара намазын оқып, Алладан дұрыс шешім сұраңыз.
Қорыта айтар болсақ, жар таңдау – тек өткінші сезімдерге емес, дін, мінез, жауапкершілік және мейірімділік қағидаларына негізделуі керек.
Ер адамға – ізгі, сабырлы, мейірімді әйел іздеу керек.
Әйелге – жауапты, әділ, қамқор ер адамды таңдау маңызды.
Екі жаққа да – некеге жеңіл қарамай, дұға ету және ақылмен шешім қабылдау қажет.
Алла барша мұсылмандарға ізгі жар нәсіп етсін! Әмин!
Құнанбай қажы мешітінің бас имамы Болат Самырбай
Пікір қалдыру