Ислам дiнi еңбек етiп, адал ризық табуға, сол арқылы өзiнiң отбасы, балашағасын асырап, өзге адамдарға қол ұшын беруге шақырады. Мұсылман адам Алланың берген күш-қуаты арқылы маңдай терiмен еңбек ете бiлiп, ешкiмге қол жайып, мұқтаждық қылмауы қажет.
Алла Тағала Құранда: «Уа, иман еткендер! Жұма күнгi намазға азан шақырылған кезде Алланы еске алуға асығыңдар! Сауда-саттықты қоя тұрыңдар. Бiле бiлсеңдер осы іс – қайырлы. Жұма намазы аяқталысымен Алланың несiбесiн iздеп, жер бетiне тараңдар», – деп айтқан («Жұма» сүресі, 9-10 аяттар). Бұл аяттар жұма намазының мiндеттелуi туралы болғанымен, мұсылманның қалайша еңбек ететiндігi де сипатталған. Ол жұма намазының азанына дейiн кәсiбiн iстеп, Алланың парызы келгенде жұмысын тоқтатып, жұма намазын оқып, құлшылықтан босағаннан кейiн қайтадан еңбек етуге кipiciп кетедi. Пайғамбарымызың (оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын) хадистеpiнде де өзгеге масыл болмау, адал кәсiп қылу туралы көптеп айтылған. Мысалы, сондай хадистердiң бipiнде: «Сендердiң бiрің қолына арқан алып, тауға барып, отын арқалап әкеліп сататын болса, осы ісі арқылы Алла оның жүзiн абыройлы етеді. Бұл оның сұрағанын беруі не бас тартуы мүмкiн болған адамдарға қол жаюынан қайырлы», – делiнген (Бұхари). Алла Тағаланың сүйген құлдары пайғамбарлардың әрқайсысының өзiндiк кәсiбi болған. Мысалы, Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Зәкария (пайғамбар) ағаш ұстасы едi», – делiнедi. Дәуіт (оған Алланың сәлемi болсын) пайғамбар жайында: «Өзінің қолымен жасап тапқанымен жеген тамақтан артық тамақты ешкім жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт тек қолымен жасап (сатқанымен) ғана тамақтанған», – деп айтылады (Бұхари).
Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар темірден сауыт, қылыш жасайтын еді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға пайғамбарлық келмей тұрып, Мәдианыда он жыл бойы жалданып қой баққан. Нұх (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар кеме жасаған. Пайғамбарымыз Мұхаммед те (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жас күнінде қой бағып, кейіннен саудамен айналысқан. Алла Тағаланың сүйікті құлы болған пайғамбарлардың бұл істері – бізге үлкен үлгі. Кейінгі сахабалардың ішінде Әбу Бәкір, Осман, Абдурахман ибн Ауф т.б. үлкен кәсіпкерлер көп болған. Мұсылмандар мұқтаждық қылғанда Осман жүз түйені үстіндегі жүгімен қоса садақа қылған. Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын): «Сендердің ешқайсыларың: «Уа, Аллам! Мені ризықтандыр», – деп алып, өздерің амалсыз отырмаңдар. Өйткені аспаннан алтын не күміс ешуақытта жаумайтынын білесіңдер», – деген.
Ата-бабаларымыздан қалған мақал-мәтелдерге назар салсақ, олар «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы», «Еңбек түбі – береке, көптің түбі – мереке» деу арқылы ұрпақтарын еңбек етіп, харекет қылуға үндеген. Еңбексіз жүрген, жалқау, жатыпішер жандарға күйінген хәкім Абай өлең жолдарында:
Адасып, алаңдама жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық, қамалмай.
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай, – деген.
Абай Құнанбайұлы қарасөздерінде: «Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі», – дейді. Ендеше, кәсібін дінімізге сай атқарамын деген әр мұсылман мынадай әдептерді білуі тиіс.
1.Ниетті дұрыстау. Мұсылман жан еңбек етіп, кәсіп қылу арқылы өзі мен отбасын басқаларға қол жайып мұқтаждық қылудан сақтау, ата-анасына жақсылық жасау, мұқтаждар мен жетім-жесірлерге жәрдемдесу сияқты ниетте болу керек. Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кәсіптің ең қайырлысы – ықыласпен атқарылған жұмысшының қол еңбегі», – деген (Ахмад).
2. Адал кәсіп істеу. Алдап, арбап, ұрлап, тартып алынған дүниеде ешуақытта береке болмайды. Ондай кәсіп істеген кісінің қияметтегі жазасы да ауыр. Мол табыс әкелетін арам кәсіптен, табысы аз болса да адал кәсіп артық. Халқымызда мұндайда «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деп жатады. Құранда Алла Тағала: «Және Алланың сендерге берген халал, таза несібесінен жеңдер. Сондай-ақ өздерің иман келтірген Алладан қорқыңдар», – деп бұйырған («Мәида» сүресі, 88-аят). Жәбир ибн Абдулладан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арам жолмен нәпақа табудан қайтарып: «Харам пайдадан өскен (адам денесіндегі) ет жәннатқа кірмейді», – деген.
3. Жалқаулықтан сақтану. Ибн Хажар атты ғалым: «Жалқаулық – әлдебір іске шамасы келе тұра атқармау», – деп түсіндірген. Алла Тағала адам баласы тырысып, харекет етіп жетсін деп, әр жақсы істі өзіндік себебіне байлаған. Ырыс пен береке те адамның еңбегі арқылы келеді. Халқымыздағы «Жаман болар жігіт шегіншек келер, Кедей болар жігіт еріншек келер» немесе «Жалқау тек жатар, ырысы да қашар» деп жататыны содан. Жалқаулық рухани дерт болғандықтан, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді бұл жаман кеселден сақтандырып, былай деп дұға қылуымызды үйреткен: «Уа, Аллам! Расында, мен өзiңе әлсiздiктен және жалкаулықтан (сақта деп) сиынамын» (Бұхари, Мүслим).
4. Дүние iстерін өмiрдің нeгізгі қамына айналдырмау. Мұсылманның қалтасында дүниенiң болғаны жақсы, алайда дүниенi жүрекке кiргiзуге болмайды. Істегенде де осы қағиданы әркез сақтап, дүние iстері адамды Алланың бұйрықтарын орындаудан тоспауы қажет. Дүниесiн ақыретiнен жоғары қойғандарды Абай хәкім де қатты сөгiп: «Олай болғанда, қай адамның көңiлiнде дүние қайғысы, дүние қуанышы ақырет қайғысынан, ақырет қуанышынан артық болса – мұсылман емес», – деп айтқан. Мұсылманның басты мақсаты – дүние табу емес, дүниесi арқылы Алла Тағаланың бұйрықтарын орындау. Құдси хадисте Алла Тағала былай деген: «Бiз дүниенi намаз оқып, зекет берсiн деп түсiрдiк. Егер адам алтынға толы бiр сайы болса, тағы екiншici болғанын қалайды. Егер екеуi болса, үшiншici болғанын қалар едi. Адам баласының нәпciciн топырақтан басқа ешнәрсе толтыра (қандыра) алмайды. Ал Алла Тағала тәубеге келушiлердiң тәубесiн қабыл алады» (Табарани, «Муғжам әл-кабир»).
5. Кәciбi арқылы қоғамға пайда тигізу. Адал тапқан дүниесiмен өзгелерге жәрдемдесу, мұң-мұқтаждың қажетiн өтеу, сол арқылы Алла Тағаланың разылығын үмiт ету – мүмин жанның кәсiптегi негiзгi мақсаты. Пайғамбарымыз (оған Алланын салауаты мен сәлемі болсын) хадисiнде: «Адамдардың ең қайырлысы – өзге адамдарға көбiрек пайда тигiзгені», – деп айтқан (Табарани, «әл-Муғжаму әл-әусат»). Тағы бiр хадисте: «Адамның жұмсаған ақшасының ең қайырлысы – өзінің отбасы үшін жұмсаған динары және Алла жолында мінетін көлігіне жұмсаған динары мен Алла жолындағы жолдастары үшін жұмсаған динары», – делінген (Мүслим).
Кезінде Ибраһим ибн Адхам (оны Алла рақымына алсын) деген ғалымның танысы Шақиқ әл-Балхи деген кісі болған екен. Ол кісі саудамен айналысатын дәулетті адам болады. Алыс сапарларға шығып, сауда жасап жүреді. Бір күні Ибраһим ибн Адхам досын сапарға шығарып салады. Алайда Шақиқ көп ұзамай сапарынан қайтып оралады. Ибраһим ибн Адхам досының сапардан тез оралуының мәнін сұрағанда, ол: «Сапарда жол бойында демалып отырғанымда, қанаты сынған, көзі көрмейтін, бір құсты көрдім. Апырай, мына байғұс қалай қоректенеді екен деп ойға шомылғаным сол-ақ екен, басқа бір қанаты бүтін құс келіп, жаңағы құстың аузына тамақ салып, қоректендіре бастады. Сонда мен: «Уа, Алла! Мына көзі көрмейтін, қанаты сынған құсты тамақтандырған кезде, мендей құлыңды міндетті түрде аштан қалдырмайсың ғой», – деген ойға келдім де, сапарымды тоқтатып, қайта артқа қайттым», – дейді. Сонда Ибраһим ибн Адхам: «Уа, Шақиқ! Сен неге өзіңді қанаты сынған құсқа теңедің, одан да оған қорек алып келген құсқа теңегінің дұрыс еді», – дейді екен. Осы кезде Шақиқ өз қателігін түсініп: «Уа, Ибраһим! Мен қателескен екенмін. Сен бізге шынайы ұстазсың», – деген екен.
Думан САЙФУЛЛА
«Иман» журналы, №1, 2025 жыл
Пікір қалдыру