ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ «АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ» МЕШІТІНДЕ УАҒЫЗ АЙТТЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Абай облысына сапары барысында орталық «Абай Құнанбайұлы» мешітінде жергілікті жамағатпен жүздесті.

Тарауық намазына жиналған мешіт жамағатына Бас мүфти Рамазан айының қасиеті жайлы уағыз айтып, Семей тұрғындарын жан-жағына мейірімді, қайырымды болуға және осы айда көп жақсылық, игі істер жасауға шақырды.

«Жыл он екі айда бір келер Рамазанның алғашқы он күніде аяқталып келеді. Хадистерде Рамазанның алғашқы он күні мейірім күндері екені айтылады. Расында Алла Тағала бұл қасиетті ай кіре салысымен барша пендесінің күнәларын кешіріп, мейіріміне бөлейді. Осы ұлық айда тозақ есіктері жабылып, жәннат есіктері ашылады. Біз де көңілімізді кірбіңнен арылтып, маңайымыздағы жақындарымызға, бауырларымызға мейірімді болайық. Бұл ай – асау нәпсіні тізгіндеуге таптырмас мүмкіндік мезгілі. Қандай да бір жаман әдетіміз немесе мінезіміз болса, Алла Тағаладан жәрдем сұрап, жақсы жаққа өзгеруге талпыну керек. Себебі Хақ Тағала өзі өзгеруге қадам жасаған қауымды ғана жақсылыққа жетелейді. Ұстаған ораза мен жасаған құлшылық-ғибадаттарыңыз қабыл болғай» деді ҚМДБ Төрағасы.