МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ РАМАЗАН АЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елін күллі мұсылман қауымының сағына күтетін мерекесі Рамазан айымен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтауы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

«Құрметті отандастар! Баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Бұл – халқымыздың рухани өмірінде айрықша маңызы бар кезең.

Ораза кезінде сабырлылық пен қанағатшылдық, жанашырлық пен қамқорлық секілді ізгі құндылықтар ерекше дәріптеледі. Азаматтарымыз мұқтаж жандарға көмек беріп, қайырымдылық жасауға ұмтылады. Мұның бәрі ислам дінінің гуманистік идеяларынан бастау алады.

Халқымыз үшін дін мен дәстүр – бірін-бірі толықтырып, өзара сабақтасып жатқан егіз ұғым. Асыл дініміз де, ата дәстүріміз де жұртты жақсылық пен жасампаздыққа үндейді.

Биыл Рамазан айы Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Мазмұны терең, мағынасы үндес қос мереке халқымыздың берекелі бірлігін одан әрі нығайта түсуге шақырады.

Оразадан оразаға аман-есен жете берейік! Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Ниет қабыл болсын!» делінген Президент құттықтауында.