ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ – АЛЛА СҮЙМЕЙТІН ІС

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауат пен сәлем болсын!

 

Алла Тағаланың тарту еткен несібесін бет алды шашу, ысырап ету –  түбінде адамға өкініш алып келетін іс. Ысырап дегеніміз – ішіп-жеуде, киім кигенде, қаражат, мал-дүние жұмсағанда мақсатсыз, рәсуа етуді білдіреді. Ысырап тек дүние-мүлік пен қаражатқа ғана қатысты емес. Мысалы, уақытты бос өткізу, мағынасыз, пайдасыз өсек-аяң айтып алтын уақытты зая кетіру, білімді пайдасыз істерге жұмсау бұл да – ысырап. Нақтырақ айтқанда, Алла Тағаланың бізге берген әр нығметін мақсатсыз, әділетсіз пайдалану ысырап болып табылады. Ысырап сөзі арабтың «әл-исрафу» деген сөзінен енген. Бұл сөздің тілдік мағынасы «шамадан тыс асып кету, шектен шығу, мақсатсыз, орынсыз және асығыстықпен жұмсау» дегенді білдіреді. Ал діни терминдік мағынасы «кез келген нәрсені өзіне қажет мөлшерден артық жұмсау» деген сөз.

Имам Журжани (Алла оны рақымына алсын): «Ысырап – көп мөлшердегі мал-мүлікті пайдасыз нәрсеге жұмсау, шығын шығару шегінен асып кету. Кейбіреулердің айтуынша, ысырап – адамның өзіне рұқсат етілмеген нәрсені жеуі немесе рұқсат етілген тағамды қажеттіліктен тыс тұтынуы. Ысырап – белгілі бір мөлшерден асып кету, яғни өзіңе берілген несібенің қадірін білмеу және оны қажетсіз артық жұмсау. Бұл – бейберекет шашу», – деп түсіндірген.

Ысырап – Алла Тағала тыйым еткен істің бірі. Мұсылман өзіне берілген нығыметті қалауынша пайдалануына болады, бірақ ысырап жасамауы қажет. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَهُوَ الَّذِي أَنْشَأَ جَنَّاتٍ مَعْرُوشَاتٍ وَغَيْرَ مَعْرُوشَاتٍ وَالنَّخْلَ وَالزَّرْعَ مُخْتَلِفًا أُكُلُهُ وَالزَّيْتُونَ وَالرُّمَّانَ مُتَشَابِهًا وَغَيْرَ مُتَشَابِهٍ كُلُوا مِنْ ثَمَرِهِ إِذَا أَثْمَرَ وَآتُوا حَقَّهُ يَوْمَ حَصَادِهِ وَلَا تُسْرِفُوا إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«Ол сондай Алла – сабағы шырмалма (яғни бір нәрсеге асылған) және (жерге) сұлатпа жүзім бақшаларын, құрмалықтарды, дәндері әр алуан егіндерді һәм кейбір қасиеттері жағынан бір-біріне ұқсағанымен, бір-бірінен өзгеше зәйтүн мен анар жемістерін жаратты. Жемістері піскен кезде, олардан жеңдер. Жемісін жиған күні садақасын (яғни, ондағы пақыр- міскіндердің ақысын) беріңдер. Алған өнімдеріңді орынсыз жұмсап, бейберекет шашып (немесе дұрыстап сақтамай), ысырап етпеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді», – деген («әл-Анғам» сүресі, 141-аят).­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­

Бұл аятта Алла Тағала ысыраптың барлық түріне тыйым салғанын баяндап тұр. Яғни, адамның қажеттен тыс шамадан көп тамақтануы, сондай-ақ өз жағдайына, отбасына немесе қарыздарын өтеуіне зиян келтіретіндей артық мөлшерде қолдануы ысырапқа жатады. Мұндай бейберекет шашуды Алла жақсы көрмейді, оны ұнатпайды.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде:

كُلُوا وَاشْرَبُوا وَتَصَدَّقُوا وَالْبِسُوا فِي غَيْرِ إِسْرَفٍ وَمَخِيلَةٍ

«Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер», – деген (имам Ахмад).

Бұл хадис адам баласының өзін дұрыс басқаруының, өзін-өзі тәртіпке салуының негізгі қағидаларын қамтиды. Өйткені әрбір шектен шығу денсаулыққа зиян келтіреді, тұрмыс-тіршілікті күйзелтеді, нәтижесінде адамды қиындыққа ұшыратады. Ал менмендік болса, адамның жан-дүниесін бұзады, оны тәкаппарлыққа жетелейді, ақыретте күнәға себеп болады, ал бұл дүниеде адамдардың жеккөрушілдігін тудырады.

Сондықтан бұл хадис ислам дінінің кеңдігін, оның адамзатқа жеңілдік жасауға негізделгенін көрсетеді. Шариғат адамның өмір сүруіне қажетті халал нәрселерге рұқсат береді, алайда оларды шектен тыс қолдануға немесе сараңдық танытуға тыйым салады. Сонымен бірге, ол өзін-өзі басқару мен нәпсі қалауына берілмеуді үйретеді. Осылайша, ислам адамды ақылмен өмір сүруге, өзіне де, өзгелерге де пайда әкелетін жолды ұстануға шақырады. Яғни, Алланың берген ризық-несібесінен шариғат рұқсат еткен нәрселерді пайдаланып, еркін жұмсауға болады. Алайда бұл әрекеттерге ысырап араласпауы тиіс, өйткені ысырап шектен шығу, артық кету, орынсыз жұмсау болып табылады. Сонымен ысырапшылдықтың да бірнеше түрлері бар. Қысқаша тоқталар болсақ:

Бірінші: дүниедегі ысырап

Бұған мал-дүниені орынсыз жерге шашу, харам нәрсеге жұмсау сынды істер жатады. Алла Тағала:

وَالَّذِينَ إِذَا أَنْفَقُوا لَمْ يُسْرِفُوا وَلَمْ يَقْتُرُوا وَكَانَ بَيْنَ ذَلِكَ قَوَامًا

«Олар мал-дүниені жұмсағанда ысырап та етпейді, сараңдық та істемейді, осы екеуінің ортасын ұстайды», – деген («Фұрқан» сүресі, 67-аят).

Мұсылман баласы сараң болмаймын деп ысырапқа жол беріп кетуіне болмайды. Керісінше үнемдеймін деп сараңдыққа түсіп кетуден де сақтану қажет. Ең дұрысы – осы екеуінің ортасы.

Бұл аяттың мағынасын тәпсіршілер әртүрлі түсіндірген. Құранның тілдік мағынасын зерттеген ғалым Ән-Нахаас (Алла оны рақымына алсын): «Бұл аяттағы ең көркем мағына – адам егер мал-мүлкін Алланың разылығынан тыс нәрселерге жұмсаса, бұл – ысырап. Ал егер Алланың бұйырған нәрселеріне мал жұмсамайтын болса, бұл – сараңдық. Ал кімде-кім дүние-мүлкін Алланың разылығы үшін, шариғат рұқсат еткен жолда жұмсаса, міне, осы – әділдік», – деген.

Екінші: ішіп-жеудегі ысырап

Адам баласы үшін ішіп-жеу – өмір сүрудің негізгі қажеттіліктерінің бірі. Алайда тағамды тұтынудағы шектен шығу, артық тамақтану немесе тамақты бей-берекет ысырап ету – қоғам үшін де үлкен зиян. Өйткені ол адамның денсаулығына, рухани күйзеліске түсуіне әсер етеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَكُلُوا وَاشْرَبُوا وَلا تُسْرِفُوا إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«Жеңдер, ішіңдер алайда ысырап етпеңдер! Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді», – деген («Ағраф» сүресі, 31-аят).­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

مَا مَلأَ آدمِيٌّ وِعَاءً شَرًّا مِن بَطْنٍ ، بِحَسْبِ ابنِ آدَمَ لُقَيْمَاتٌ  يُقِمْنَ صُلبَهُ ، فَإِن كَانَ لَا محالةَ فثُلُثٌ لِطَعَامِهِ و ثُلُثٌ لِشَرَابِهِ وثُلُثٌ لِنَفَسِهِ

«Адам баласы ешуақытта асқазанынан өткен жаман ыдыс толтырған емес. Негізінде, адам баласына белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана тілім жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеу керек болса (асқазанының) үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға және үштен бірін ауаға арнасын», – деген (имам Термизи).

Бұл хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамның асқазанын ас-ауқатты сақтайтын ыдысқа теңейді. Яғни, адамдар өз ыдыстарын толтыруға қаншалықты тырысса, асқазандарын да солай толтыруға құмар болады. Алайда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл әрекетті ұнамсыз іс ретінде сипаттайды, өйткені асқазанның толып кетуі адамның діні мен дүниесіне, сонымен қатар денсаулығына да зиян тигізеді. Артық тамақ ағзаға зиян, ол басқа біреудің хақын жеп қойғанмен тең. Халқымызда «Ауру – астан» деп айтатыны осыдан болса керек.

Бұрынғы даналар: «Егер сен қарныңның қалауына еріп, арсыздыққа құмар болсаң, біліп қой! Саған қарата айтылған жаман сөздердің бәрі – әділ», – деген екен. Хакім Абай өзінің өлең жолдарында

Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын
, – деуі де бекер болмаса керек!

Үшінші: уақыттағы ысырап

Уақыт – адам баласына берілген ең құнды нығметтің бірі. Бұл нығметтің қадірін білмегендер оны зая кетіріп, соңында өкінішке душар болады. Дініміз уақыттың қадірін түсінуді, оны дұрыс пайдалануға үгіт жасайды. Себебі уақыт – адамның өмірі, ал өмір – аманат.

Алла Тағала Құранда уақыттың маңыздылығына назар аударып:

وَالْعَصْرِ. إِنَّ الْإِنْسَانَ لَفِي خُسْرٍ. إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ

«Ғасырға серт! Шынында, адам баласы зиян шегуде. Тек иман келтіргендердің, соған сай игілікті іс атқаратындардың, бір-біріне ақиқатты насихаттайтындардың және бірін-бірі сабырға шақыратындардың жөні бөлек», – деп, уақытты пайдалы өткізудің шарттарын баяндаған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ الصِّحَّةُ وَ الْفَرَاغُ

«Адамдардың көпшілігі қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет бар. Олар – денсаулық пен бос уақыт», – деген (имам Бұхари). Бұл хадис бізге уақытты текке өткізудің орнына оны ізгі істер мен пайдалы нәрсеге жұмсау керектігін көрсетеді.

Төртінші: ысырапшылдықтың зияны

а) Рухани зияны 

Ысырапшылдықтың ең басты рухани зияны – адамның нәпсіқұмарлыққа бой алдыруы. Өйткені нәпсі – адамның шексіз құмарлықтары мен қалау-тілектері. Нәпсіге ере беру адамды зиянға ұшыратады. Ал ысырапқа салынып, байлықты орынсыз шашқан адам ақыл-ойын әлсіретіп, рухани құндылықтардан алыстайды. Бұл оның ішкі жан-дүниесінің азып-тозуына, жүрегінің қараюына алып келеді. Ысыраптың рухани зиянынан құтылудың ең жақсы жолы – қанағатшыл болу. Қанағатшыл адам өзіне керектісін ғана пайдаланып, шектен шықпайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде:

ليسَ الغِنَى عن كَثْرَةِ العَرَضِ، ولَكِنَّ الغِنَى غِنَى النَّفْسِ

«Нағыз байлық – дүние-мүліктің молдығында емес, бәлки нәпсінің байлығында (яғни өзіне берілген нәрсеге қанағатын ету)», – деген (имам Бұхари).

б) қоғамға келтірер зияны 

Қоғам – әрбір адамның өмір сүру ортасы, өркендеуінің немесе құлдырауының тікелей себебі. Қоғамдық қатынастардың беріктігі жеке тұлғалардың іс-әрекеттеріне, өмір сүру қағидаларына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, ысырапшылдық – қоғамға үлкен қауіп төндіретін теріс құбылыс. Ысырап – адамның материалдық және рухани ресурстарды жөнсіз пайдаланып, бейберекет жұмсауы. Бұл – әлеуметтік теңсіздікке, экологиялық проблемаларға және жалпы қоғамның әлсіреуіне әкелетін зиянды әдет. Ал ысырапшылдық бай мен кедей арасындағы теңсіздікті көрсетеді. Біреулер қажеттіліктен қиналып жатса, басқалары байлығын мәнсіз жұмсап, әділетсіздік тудырады.

б) экономикалық зияны 

Ысырапшылдық экономикалық тұрғыдан да қауіпті. Қажетсіз шығындар ұлттық байлықтың дұрыс бөлінбеуіне, экономикалық ресурстардың тиімсіз пайдаланылуына алып келеді. Тұрмыстық және өндірістік деңгейдегі ысыраптар – экономикалық өсімді тежейтін факторлардың бірі. Ысырапшылдық қоғамның әл-ауқатын әлсіретеді, адамдардың бейберекет өмір сүруіне әкеледі. Көптеген табиғи ресурстар дұрыс пайдаланылмағандықтан, қоршаған ортаға зиян келеді. Су, азық-түлік, энергия көздері бекер жұмсалып, экологиялық апаттарға себеп болады.

 

Құрметті жамағат!

Алланың пенделеріне берген нығметі сансыз әрі шексіз. Алла Тағала бұл жайында қасиетті Құранда:

وَإِنْ تَعُدُّوا نِعْمَتَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا

«Егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар», – деген («Ибраһим» сүресі, 34-аят). Кейбір ғалымдар бұл аятты: «Алла Тағала адамға тек сұраған нығметін ғана емес, тіпті сұрамаған нығметін де берді», – деп түсіндірген. Яғни, ешбір адам осы нығметтің нақты санын есептей алмайды және толық шүкіршілік етуге де қауқарсыз. Алайда Алла Тағала пенделерінің осы шүкіршіліктегі кемшіліктерін кешіреді және оларға мейірімділік танытады. Ол Өз нығметін тоқтатпайды және адамдардың кемшіліктері үшін оларды дереу жазаламайды. Керісінше, аз шүкіршілікті де қабыл етіп, оған мол сауап жазады.

Сондықтан Жаратушы иеміздің сансыз нығметтерін бұл менің тапқаным, қайда жұмсасам да өзім білемге салмай, оңды-солды шашпай, обал мен сауапты ескеру – пенденің басты міндеттерінің бірі

Олай болса, берілген нығметтің қадірін біліп, жеке басымызға, қоғамға пайдасы тиетіндей істерге арнайық. Ысырапты Алланың сүймейтіндігін жадымыздан шығармайық. Алла Тағала қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі