Ғылыми танымының қалыптасуы

 

Ғылыми танымының қалыптасуы

Әбу Ханифаның ғылыми танымының қалып-тасуына туған жері Куфа өз әсерін тигізді. Куфа көне мәдениеттердің бесігі болумен қатар, Пайғам-барымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларының да көптеп қоныс аударып, сол сахабалардың ілім кәусарынан сусындаған табиғиндардың өмір сүріп, ілім шырағын шартарапқа таратқан айтулы өңір болатын.

Болашақ мұсылман үмбетінің шамшырағы Әбу Ханифа бала күнінен Құранды жаттап өсті. Құран ілімін атақты жеті қырағат ғалымы Имам Асымнан үйренеді[1]. Құранға деген ыстық ықыласы сонша, рамазан айында Құранды 60 рет хатым еткендігі риуаят етілген[2]. Жас кезінде саудамен айналыса жүріп, хадис және фиқһ ғалымдарынан сабақ алды. Араб тілі мен грамматикасын, әдебиетін меңгерді.

Әбу Ханифа ілім алумен қатар, ешкімге кіріптар болмау үшін әкеден қалған кәсібіне, яғни саудаға көбірек көңіл бөлемін деп, көбіне ілім алқаларына тұрақты қатыса алмайтын. Ғұламалардың біразы Әбу Ханифаның зеректігін, ақылдылығы мен ерекше алғырлығын байқап, мұндай зеректік, данышпандықтың сауда жолында ғана жұмсалуын обал санап, саудаға мән бергенінен гөрі ілімге бет бұрғанын қатты қалады. Солардың бірі әш-Шағби еді. Әбу Ханифа бұл жайында былай әңгімелейді:

«Бір күні әш-Шағбидің жанынан өтіп бара жатқан едім. Мені қасына шақырып алып:

– Қайда барып жүрсің? – деді.

– Базарға, –  дедім.

– Оны сұрап тұрғаным жоқ, қай ұстаздан ілім үйреніп жүрсің?

– Ешқайсысының сабағына тұрақты барып жүрген жоқпын.

– Білім алуды және білімді кісілермен жолығуды ешуақытта тастама. Сен зерек, ақылды да, ерік-жігері мол жігітсің, – деді. Оның бұл сөзі маған айрықша әсер етті. Содан бастап көп уақытымды ілім алуға бөлдім. Аллаһ тағалаға мың да бір шүкір, Шағбидің ақылы менің ілімге терең бойлауыма себепкер болды»[3], – дейді.

Осылайша, Әбу Ханифа ілімге біржолата ден қояды. Алайда, саудадан да қол үзбейді. Өмірінің соңына дейін өзінің сенімді серіктестері арқылы кәсібін жалғастыра берді. Ара-тұра досынан сауданың мән-жайын біліп, шариғатқа сай болуын қатаң қадағалайтын[4].

Әбу Ханифаның ілімнің қай саласынан бастағаны жайлы түрлі риуаяттар бар. Солардың бірінде сол кездегі оқытылатын ілімдердің бәрін салыстырып барып, әуелі ақида (кәләм) ілімімен шұғылданып, ақырында фиқһ ілімі тура жолдан адастырмайды деп тоқтамға келгендігі айтылады[5]. Имам Зәхәби бұл риуаяттардың дұрыстығына күмән келтіре отырып, сынға алған. Осы риуаяттарда әуелі Әбу Ханифа ақида ілімімен айналысқан делінеді. Зәхәби ол кездері әлі ақида ілімінің жүйелі түрде қалыптаспағандығын атап көрсетеді[6]. Десе де, сол кездері төртінші халифа Али ибн Әбутәліп кезеңінде орын алған Жәмәл (656 ж.), Сыффин (657 ж.) және төреші тағайындау мәселесі кәләмдық мәселелердің тууына жол ашты. Осы оқиғалардан кейін «Үлкен күнә, амал-иман, тағдыр, Құранның махлуқ (жаратылған) болып-болмағындығы, Аллаһ тағаланың мүтәшәбих (антропоморфтық) сипаттары[7] секілді кейбір тақырыптар қызу талқыланып, мұсылмандардың арасында қадария, жәбрия, мүржия, муғтазилә секілді топтар, сонымен қатар, әуелі саяси бағыт ұстанып, кейін сенімдерін діни негіздермен байланыстырған харижиттер мен шииттер шыққан еді.

Әбу Ханифаның әуелі кәләм ілімімен айналысқанын айтушылар оның «Әл-Фиқһул-әкбар»[8] деген кітабына сүйенген. Шын мәнінде, ондағы тақырыптар кәләм ілімінде талқыланған мәселелерді қамтығанымен, оның кезеңінде жүйелі түрде қалыптасқан ақида ілімі бар еді деу қиын. Өйткені, ол кездері (хижра жыл санауы бойынша ІІІ ғасырға дейін) әрі Ислам ілімдері сала-салаға бөлініп, өз алдына дербес қалыптаса қоймаған еді. Имам Әбу Ханифаның өзі де кітаптарында термин ретінде кәләм ілімі жайлы сөз қозғамаған. Сөйтсе де, бертін келе ақида ілімінің негізгі мәселелері ретінде қабылданған әрі өзінің кітаптарында көтерген тақырыптарды «Дінде терең білім» ретінде қабылдап, кітабын «Фиқһ» деп атаған. Тіпті, оған «Фиқһтың абзалы» деген. Өз сөзімен айтқанда, «Фиқһтың абзалы – адамның Аллаһ тағалаға деген иманы, шариғат пен сүннеттерді, жаза түрлерін, үмбеттің бір ауыздан келісуі мен (ихтилаф) пікір айырмашылықтарын да білуі»[9] деген.

Қалай дегенде де, ақида ол кезде әлі ғылыми жүйе ретінде қалыптаспаған еді[10]. Десе де, Әбу Ханифаның  ақида іліміне қаншалықты ықпал жасағанын Имам Шафиғи (қ. 204 һ.): «Халық тәпсірде Мұқатил ибн Сүлейменге (қ. 150 һ.), өлеңде Зубайр ибн Әбу Сулмаяға (ө.609 һ.), ал кәлам (ақида) саласында Әбу Ханифаға мұқтаж», – деп көрсеткен[11]. Яғни, Әбу Ханифа қалыптасу жолындағы ақида ілімінің алғашқы өкілдерінен деуге болады.

Осы жерде тағы бір назар аудара кететін жайт, Әбу Ханифа фиқһ іліміне бет бұрғаннан кейін ақида (кәләм) мәселелерімен айналысуды доғарған, кәләммен айналысуға тыйым салған[12] деген көзқарастар тарихи шындыққа аса сәйкес келе бермейтін секілді. Өйткені, кейбір зерттеушілердің[13] айтуы бойынша, ақидаға қатысты пікірлерін қамтыған «әл-Уасия» атты еңбегі өмірінің соңғы жылдарында жазылған. Әбу Хафс Омар әз-Зәнәнжәри Әбу Ханифаның кәләм алқасының болғанын, харижиттер, шииттер, дәхрилер секілді ағымдармен пікірталастыруының фиқһқа бет бұрғаннан кейін де жалғасқандығын жеткізген[14]. Ал Имам Ағзамның тыйым салған кәләм ілімі бастауын Құран мен сүннеттен алмайтын, ақиққатты емес, жалғанды қорғауды, өзінікін дәлелдеп, қарсыласының пікірлерін жоққа шығаруды мақсат еткен кәләм. Әйтпесе, жоғарыда келтіргендей, өзінің «Фиқһтың абзалы» деп атап, имансыздыққа қарсы Ислам ақиқаттарын дәлелдеу үшін қолданған кәләмға тыйым салмаған[15]. Шағбимен болған оқиғадан соң оның түбегейлі ілімге бет бұрғанын көреміз. Ол 22 жасына дейін-ақ, сол кездегі мұсылман қоғамындағы жастар секілді ең қажетті ілімдерді оқып үйренген-ді. Әрі ұстазы Хаммадтың сабағына қатыса бастағаннан кейін кәләммен шұғылданбаған деу тарихи шындыққа жанаса қоймайды. Өйткені, ол өзінің ақида саласындағы еңбектері арқасында ақида ілімінің негізін қалап кеткен көрнекті ғалымдардың бірі.

Ол харижиттер мен қадарияларға қарсы әхлус-суннаның (сунниттік бағыттың) көзқарастарын қорғау мақсатымен жиырмадан көп мәрте Басраға барып, білімділігі мен білгірлігін дәлелдеген[16]. Басра ол кезде әр түрлі ағымдардың қайнаған ордасы еді. Өмірінің алғашқы жылдарындағы секілді соңғы кезеңдерінде де қажет болған жағдайда ақида мәселелерін талқылаған. Әрине, оның фиқһпен терең айналысуы ақида мәселелерімен шұғылдануына кедергі жасаған емес. Ол кездегі ғалымдарға қарасақ, қазіргі кезеңдегідей тек бір мамандықты емес, түрлі мамандықтарды да қатар игергенін байқаймыз[17].

Ақида мәселелерімен айналысып, Исламның иман негіздерін қорғау мақсатында әр түрлі ағым өкілдермен пікірталасқа түскендігі оның пісіп-жетіліп, ғылыми танымының қалыптасуына ерекше ықпал жасады.

Жалпы, Әбу Ханифаның кезеңінде ғалымдар екі салада еңбек еткен еді. Біріншісі, тек Ислам фиқһымен шұғылданғандар. Бұлар басқа саладағы ілімдермен көп айналыспайтын, ары кеткенде қияс[18] пен тахрижул ахадисті[19] ғана оқитын. Ал екінші топтағы ғалымдар ақида мен кәләм саласын түбегейлі меңгеруге тырысатын.

Ол кездері осы  фиқһ пен ақида саласын бірдей меңгерген ғалым жоқ еді. Ең алғаш осы екі саланы бірдей меңгеріп шыққан Әбу Ханифа болды. Жастайы-нан ілімге құштар, парасатты, әрі зеректігімен ерекшеленген ол осы екі салада да ең жоғарғы деңгейге жетті. Сонау ерте кезеңнің өзінде бір жағынан, ханафи фиқһының мектебін, ал екінші жағынан, әхлус-сунна уәл-жамағаттың ақида мектебінің де негізін қалап кетті[20]. Ол фиқһ ғалымдары арасында жүйелі ойлау ұстанымдары мен әдіснамасын басшылыққа алып, сол әдістерді иман негіздері мен діни үкімдер шығаруда шебер қолданған ақида саласының алғашқы ғұлама-ғалымы. Міне, осы ерекшелігіне орай, Әбу Ханифа мен шәкірттерін рай мен қияс жақтастары деп атап кеткен[21]. Әбу Ханифаның фиқһ пен ақида іліміндегі беделінің биік болғаны сол, сунниттердің тысындағы мұғтазилиттер мен мүржия секілді ағымдар оны өздерінің бағытынан етіп көрсетуге тырысқан.

Оның ғылыми танымының қалыптасуында тек қана білім алу жолы емес, сабақ беруінің де өзіндік рөлі болған. Өйткені, сабақтарын өзінің әр түрлі ғылым саласында білімдерін жетілдірген зерек шәкірттерімен пікірталас түрінде өткізгені мәлім. Ал оның сабақ беріп ілім үйренуі өмірінің соңына дейін жалғасқан.


[1] Зәхәби, әл-Ибәр фи хабари мән ғәбәр, Кувейт, 1960, 1-т., 214-б.; Хәйсәми,Хайратул-хисан, 265-б.

 [2]  Әбу Захра, Әбу Ханифа, 30-б.

 [3] Мұстафа аш-Шака, әл-Имам Ағзам Абу Ханифа ан-Нуғман, Дәрул-Кутубил-Мысрия, 1983, 10-б.

 [4] Сауда-саттықтағы әділдігі мен ерекше жауапкершілігі жайында келесі тақырыптарда тоқталамыз.

[5] Бағдади, Тарихул-Бағдат, 13-т., 333-б.; Хәйсәми, Хайратул-хисан, 51-б.; Зәхәби,Сияру Ағламин-нубәлә, Муәссәсәтур-рисәлә, Бейрут, 1982, VІ;  398-б.; Әбу Захра, Әбу Ханифа, 22-25-б.

 [6]  Зәхәби, Сиәр, 6-т., 398-б.

 [7] Ван Эсс, хижраның 70 жылдарының өзінде аталмыш пікірталастардың нәтижесінде сол ерте кезеңде кәләм ілімінің қалыптаса бастауына негіз болғанын тілге тиек еткен. Қараңыз: Ess, Josef Van, Ислам келамынын башлангыжы, (аударған Ш. Али Дүзгүн), A.Ü.İ.F.D, 2000, 401-б.; И. Хаккы Үнал, Имам Ебу Ханифенин хадис анлайышы ве ханефи фықһынын хадис методу, 18-б.; Р. Батыр, Абу Ханифа жизнь и наследие, 32-б.

 [8] Әбу Ханифаның ақидаға қатысты көзқарастарын қамтыған «әл-Фиқһул-әкбар» кітабының мәшһүр риуяттары баласы Хаммад пен шәкірті Әбу Мұтғи әл-Хәкәм ибн Абдуллаһ әл-Бәлхи жолы арқылы жеткен. Қараңыз: Әбул-Хайр Мухаммад Әйюб Али,Ақидатул-Ислам уәл-имам әл-Матуриди, Докка, 1983, 106-б.; Катиб Челеби, Кәшфуз-зунун, Анкара, 1941, 2-т., 1287-б.

 [9] Әбу Ханифа, Фиқһул-әбсат, 36-б.; И. Хаккы Үнал, 18-б.

[10] Алғашқы кезеңдері «фиқһ» сөзі ақида, ғибадат, ахлақ, қарым-қатынас, жеке мәселелер, тәпсір, қоғамдық шаралар және тағы басқа да білімдерді меңгеруге қатысты айтылған. Ал кейіннен табиғин кезеңінде білім саласы өркендеп, жалпылама сипатқа ие ислами ғылымдар хадис, тәпсір, ақида, фиқһ, ахлақ, араб тілі, т.б. секілді түрлі салаларға бөлініп, әр салада маманданған ғалымдар шыға бастады. Ақида және кәләм ілімінің қалыптасуына қатысты кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз: Ислам ансиклопедиси, ТДВ, 2-том, 212-216-б., Стамбул, 1989; 25-том, 196-202-б., Анкара, 2002

[11]  Ибн Халикан, Уәфәятул-аъян, Бейрут, 1978,  5-т., 255-б.

[12]  Бағдади, 13-т., 333-б., Зәхәби, Сияр, 6-т., 398, Мекки, 51-б., 57-б.

[13] Ибнус-Субки, М. Муртаза әз-Зәбиди, Беязизаде Ахмед Эфенди, бертін келе Зәһид әл-Кәусәри, Али Сами ән-Нәшшәр, Инаятуллаһ Иблағ секілді ғалымдар осы көзқарасты жақтаған. Ю. Шевки Явуз, Акаиде даир гөрүшлери, // Ислам ансиклопедиси, ТДВ, Стамбул, 1994,  10-т., 138-б.

[14] әл-Мекки, Манақибу Әби Ханифа, Бейрут, 1981, 57, 124-б.; Бәззәзи, Манақибу Әби Ханифа, Бейрут, 1981, 181, 202-б.

[15]  Беязиззаде Ахмед Эфенди, Ишаратул-мәрәм мин ибаратил-имам (жариялаған Ю. Абдурразақ) , Каир, 1949, 35-46-б.

[16]  Бәззәзи, 137-б.; Хәйсәми, 55-б. Жастайынан жақсы білім алған, сол заманның танымал ғалымдарынан хадис үйренген, фиқһи мәселелерді талқылаған Әбу Ханифа өте зерек еді. Ол жергілікті жердегі түрлі ағымдардың басшыларымен пікірталасып,  оларға  аят, хадис жолымен, ақыл-ойға сай жауап қайтарып, еш қиындықсыз өз пікірін мойындата білген. Ислам топтары ең көп шоғырланған Басра қаласына барып, ол жердегі түрлі ағымдардың басшыларымен жолығып, олардың ұстанған бағыттарының дұрыс емес екенін бұлтартпай әшкерелеген. Жас кезінде жиырма екі топпен діни мәселелерді талқылағандығы риуаят етілген. Өмір бойы Ислам фиқһын қорғаштап өткен. Дахрилермен яғни сол кездегі атеистермен сөз таластырып, оларға Аллаһтың бар екенін, иман келтірудің қажет екенін дәлелдей білген. Тіпті, оның дахрилермен жүргізген пікірталастарына қатысты «Мужәдәлә ли әхәдид-Дәхриин» атты арнайы кітапшасы да бар. Дахрилермен болған қызықты таластардың көпшілігі осы кітапшада топтастырылған.

[17]И. Челеби, Ебу Ханифенин келамжылыгы, итикада даир рисалелери ве бунларын отантик олуп олмадыклары меселеси, // Имамы Ағзам Ебу Ханифе ве дүшүнже системи, 16-19 Еким, 2003, семпозиум материалдары, Куран араштырмалары уакфы, Бурса, 2005, 2-т., 186-187-б.

[18] Салыстыра отырып үкім шығару

[19] Хадистің түп негізін табу

[20]  Әбу Ханифаның қысқаша жүйелеген иман негіздері сол кездері қызу талқыға жол ашқан мәселелер еді. Оның осы тақырыптарды терең түсінігі арқылы белгілі бір жүйеге салуы өзінен кейін келген ахлус-сунна уәл-жамағат имамдарына (Мысырда имам Тахауи (қ. 321 һ. ж.) негізін қалаған тахауия, Иракта құрылған әшғария (Имам Әшғари (қ. 324 һ. ж.) және Орта Азияда кең тараған матуридия (имам Матуриди (қ. 333 һ.) ықпал етті. Кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз: А. Жошкун, Ислам итикадында Ебу Ханифенин тесири ве имам Матуриди, Йени умит, журналы, 2002 ж., Шілде-Тамыз, 57-сан; Ақида іліміне қосқан үлесіне байланысты төменде кеңірек тоқталдық. Қараңыз: 306-б.

[21]  М. М. Шәриф, Ислам дүшүнжеси тарихи, (түрік тіліне аударған: А. Үнал), Стамбул, 1990, 1-т., 281-б.