Жаратқанның қалауымен бір ай бойы Ораза тұтып, Ораза айт мерекесіне де жеттік. Кеше барша Қазақстандық мұсылмандар отыз күн Оразаны тәмамдап, өзара «Ораза қабыл болсын!» айтып, ауыз ашты.
Мұсылмандар үшін екі мереке бар екенін білеміз. Олар – Ораза айт пен Құрбан айт.
Семей аймағының өкіл имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы барлық Қала жұртшылығын мұсылман әлемінің қастерлі мерекесі Ораза айт мейрамымен құттықтап: «Қасиетті Рамазан айы аяқталғанын білдіретін бұл мереке – исламның ғасырлардан бергі игі дәстүрінің, оның маңызды рухани құндылығы болған кең пейілдің, жақсылық пен мейірімділіктің көрінісі. Қасиетті Ораза айт мерекесі арамыздағы ынтымағымызды нығайтып, шаңырағымызға бейбітшілік пен мол игілік, береке әкелсін! Ынтымағымызды нығайта отырып, біз қоғамдағы ұлттық мәдени және рухани алуандылықты сақтауға, азаматтар арасындағы өзара құрмет пен сенімнің нығаюына одан әрі ықпал етуіміз қажет», – деді және ары қарай сөзін Ораза айт мейрамының қасиеті, маңызы және адамгершілік, бірлік тақырыбындағы уағызымен жалғастырды.
Тамаша уағыз-насихат пен құттықтаулардан кейін жамағат ораза айт намазын оқу үшін сапқа тұрды.
Осы қасиетті айт мерекесінде барша мұсылман қауымға амандық-саулық және ауыз біршілік тілейміз.
Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.