Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты
Осы күнгі ата-аналар үйіне қонақ келетін болса, балаларын басқа бөлмеге қуып тығады немесе туған-туыстарының үйіне жібереді. Үйге кім келді? Ол жақын туыс па? Берекелі мейман ба? Келген кісі не айтты? Балалар бұл туралы мүлдем білмейді. Туыс-туғанды, жақсы-жайсаңды, жақын-қашықты білмей тұрса, тәрбиесі кем болса, «көргенсіз» деген сөз еститіні анық. Кінәні кімге артамыз?
Бұрын қалай еді? Үйге кісі келетін болса, жасы кіші баланың бірі қолға құман мен сүлгі алып, қызмет көрсететін. Сол арқылы үлкендердің батасын алатын. Қолға су құю дәстүрі кейінгі кезде мүлдем жоғалуға қарады.
Келген мейман дастарқан басында отырғанда көрген-білгенін айтатын. Бала соны тыңдайтын. Бірін ұғар, бірін ұқпас, бірақ осының бәрі белгілі бір деңгейде тәлім-тәрбие өзегі еді. Осы өзекке құрт түсті…
Бала күнімізде ораза кезінде ауызашар жиі өтетін. Кешкілік ауылдың әр үйі кезек-кезек ауызашар береді. Үйден топырлаған адам арылмайды. Қолға құман мен леген алып, алдына жүгіреміз. Жиналғандар асқа отырады. Сәл «жан шақырып» алған соң, нешетүрлі әңгіме бастайды. Ас қайырылғаннан кейін лып етіп, тағы қолға су құямыз. Әр кісі әртүрлі бата береді. «Мақсатыңа жет», «Үлкен азамат бол», «Мерейің өссін» деген сөздер кішкентай болсақ та бойымызға қуат беретіндей.
Қариялардың әңгімесі тіпті қызық. Қозғалмайтын тақырып жоқ. Арасында шариғаттан, діни әдет-ғұрыптан әңгіме сілтейтіндер табылады. Сондай әңгімеге қылқиып отырып құлақ тосамыз.
– «Лаухул махфуз» деген бар, – дейді бір ақсақал. – Адам баласының не істеп, не қойғаны, тіпті не ойлағанына дейін жазылып қойылады екен.
– Ойпырмай, сонда әр адамның не істегені жазыла ма? – дейді бір шал.
– Жер бетіндегі адамзат баласының қай-қайсысы да маңдайына не жазылды, соны көреді, – деп тәптіштейді бірінші қария. – Әр тағдыр – бір кітап.
– Сонда жер бетінде қаншама миллиард адам бар. Оның бұған дейін келіп кеткені тағы бар. Соның бәрін тізіп жазып отыратын болса, дүниенің жазуы шықпай ма? Бұл мүмкін емес қой, – дейді атеист шалдың бірі.
– Құдай Тағаланың шеберлігі деген сол. Бәрін бір кітапқа сыйғызады.
Бұдан әрі қызу пікірталас өрістейді. Әр жақ өзінің дәлелін келтіреді.
– Адам баласы тозаңның салмағындай жақсылық жасаса да өзіне, жамандық жасаса да өзіне. Соның бәрі кітапқа жазылады. «Кирамән», «Катибин» деген періште адамның екі иығында отырады. Бірі – жақсы ісіңді, екіншісі жаман тірлігіңді тізіп, жазып отырады…
Осы әңгімені естіп отырып, дереу екі иығымызға қараймыз. Ештеңе көрінбейді. «Жазып отырған» ешкім жоқ. Денеміз дір етеді.
«Е, жақсылық жасау деген жақсы екен» деп көңілге бір түйіп қоямыз.
Осы күні ойлаймын: Алла Тағаланың ұлықтығын қарапайым флешакадан-ақ көріңіз. Ішіне дүниежүзінің кітапханасы сыйып кетеді; баяғы қарияның «Адам баласының не істеп, не қойғаны, тіпті не ойлағанына дейін жазылады» деген сөзі санаға сәуле боп шашырайды; дүниенің ақпаратын тарыдай нәрсеге сыйғызуға Жаратқанның құдіреті жетеді екен; осыны алыс ауылда жатқан қазақтың қара шалы қайдан білген?..
Ауызашарда небір тәмсіл сөз төгіледі. Тыңдаймыз.
– Баяғыда-а, – деп дауысын созып бастайды бір шал. – Баяғыда Сүлеймен деген өзі патша, өзі пайғамбар адам болған екен. Үш жүз қатыны болған екен…
– Ай, арманы жоқ екен, дә, – дейді мейманның бірі.
– Тыңдаңыз, – деп тамағын кенейді сөз бастаған. – Сол Сүлеймен дүниедегі мақұлық атаулының тілін біледі екен. Үш жүз қатынның ішіндегі бір сүйіктісі: «Маған құс қанатынан қала салып бер» деп өтініпті. Сүлейменге не тұрады? Қала салуға кіріседі. Әлемдегі құсқанаттының бәрін шақырып, қанатын жұлып, қала сала бастайды. Тек үкі ғана шақырғанға келмейді. «Алдыртыңдар» деп әмір береді Сүлеймен. Үкіні алдыртады.
– Неге шақырғанға келмейсің? – деп пайғамбар үкіге дүрсе қоя береді. Үкі айтады:
– Тақсыр, сізге қоятын сауалым бар.
– Айт.
– Мына дүниеде өлі адам көп пе, тірі адам көп пе?
Сүлеймен сәл ойланып, «тірі адам көп» деп жауап береді. Үкі айтады:
– Меніңше, өлі адам көп.
– Неге бұлай дейсің?
– Мен түске дейін ұйықтайтын адамды өліге санаймын, – депті үкі.
– Қош. Ал екінші сауалың қандай?
– Мына дүниеде еркек көп пе, әйел көп пе?
– Еркек көп, – дейді Сүлеймен.
– Мен әйел көп деп ойлаймын.
– Неге?
– Әйелінің тілін алған еркекті қатындардың санатына жатқызамын, – дейді үкі.
Осы тұста «Әттең» деп тілін тістеген Сүлеймен бір қатынның тіліне еріп, жер бетіндегі құс атаулының қанатын жұлғызғаны қате болғанын ұғыпты. Сөйтіп, дүниеде тұмсығында екі тесік жоқ, жалғыз үкі ғана. Басқасының бәрі жіпке тізілгендіктен, тұмсығында екі тесіктен бар…
– Бәсе, біздің қазақ үкіні қасиетті санайтыны осыдан екен-ау…
– Баяғының сал-серілері басына үкі тағатын…
– Үкінің қанатын біздің қатындар бесікке іледі…
– Ай, тегін әңгіме емес қой!
Отырғандар осылай қауқылдасады.
– Мына бала неғып отыр? – дейді бар зейінімізбен сөз тыңдап отырған бізді байқап қалған біреу. – Не бар саған мұнда, әйда бар анда!
Қипақтап қаламыз.
– Отырсын, тыңдасын, – дейді үлкендер жағы.
– Сонымен, ар жағын айтайын, – дейді сөз бастаған ақсақал. – Тыңдауға құлық бар ма?
– Айтыңыз, айтыңыз.., – деседі жиналғандар.
– Айтсам былай, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Үгітті ұққанға айт» дейді екен. Қасиетті Құранда «Сөз ұқпайтындарға сөз шығындап қайтесің» деген аят бар. «Онсыз да біз оларды кеудесін кекірейтіп, мәңгіге жазалап қойғанбыз» деген. Дүниеде тәкаппарлықтан жаман күнә жоқ. Ібіліс те Алла Тағаланың дегеніне тәкаппарланып, бойұсынбай қойған. Сонымен қай жерге келіп едім?
– Үкіге…
– Құс біткен аман қалған жеріне…
– Дұрыс. Сол Сүлеймен дүниенің байлығы қолында тұрса да, өзі патша болса да, әрі пайғамбар… Бір перзентке зар екен.
– Үш жүз қатынының ешқайсысы тумап па? – деп топ ішінен әлдекім сөзді бөледі кесе-көлденең.
– Тәйт! Не тантып отырсың?
Әңгіме айтып отырған қарияның қабағы қатуланады.
– Оны қайтесіз, айта беріңіз. Біз тыңдап отырмыз ғой, – дейді мәмілегер шалдың бірі.
– Сүлеймен Құдайдан өзіне: «Е, Жаратқан маған бірдеңе бер» деп тілек тілепті, – деп сөзін жалғайды ақсақал алдындағы суыңқырап қалған шай кеседен бір ұрттап. – Самауырды жаңаласа қайтеді бұлар?
Қонақ күтіп жүрген жігіттердің бірі лып етіп, ентігі басылған самауырды сыртқа алып кетіп, іле жаңалап әкеледі. Ыстық шай құйылады. Одан және бір ұрттап, тамағын жібітіп алған ақсақалымыз сөзін жалғайды.
– Арада тоғыз ай, тоғыз күн өткенде Сүлейменнің көп қатынының ішінен біреу жүкті болып, күні келгенде босаныпты. Туғаны мес сияқты бірдеңе. Былқ-былқ етеді. Аузы буулы. Сүлеймен зар еңіреп Құдайдың құзырына қайта барады. «Өзің бірдеңе бер» деген жоқсың ба? – дейді Хақ Тағала. «Алладан сұрағанда анық сұрау керек. Не ұл, не қыз бер деп».
Сүлеймен «Енді қайтем?» дейді.
«Халқыңды жинайсың. Барлығың тек шындықты айтқанда ғана местің аузы ашылады» деп бұйырады тәңірі. Сүлеймен халқын жинайды. Өзі бастап шындығын айтады. «Мен ғой, әрі патша, әрі пайғамбармын. Ішкенім – алдымда, ішпегенім – артымда. Не керектің бәрі бар. Бірақ сөйтіп отырып, қабылдауға біреу кіріп келе жатса, соның қолына қараймын, маған бірдеңе берсе деп емексимін. Менің басымдағы ақиқат осы» дейді.
Патшаның бас уәзірі тұрып айтады: «Менің де қолымда біраз дүние бар. Патша не ішеді, мен де соны ішемін. Жетпейтін дүние жоқ. Менің де ішкенім – алдымда, ішпегенім – артымда. Не керектің бәрі бар. Бірақ, кейде патша бір жаққа кеткенде, зәуім бір ой келеді. «Осы кісінің менен не артықшылығы бар? Бұл кісінің атқарған шаруасын мен де атқара алам ғой» деген бір сұмдық ой келеді. Менің шындығым осы» дейді.
Патшаның жаңа туған сүйікті қатыны ортаға шығады.
– Халайық! Мен патша ағзамның, әрі пайғамбарымыздың сүйген жарымын. Жетпейтін дүние жоқ. Менің де ішкенім – алдымда, ішпегенім – артымда. Не керектің бәрі бар. Бірақ ақыры шындық айтылуы керек екен. Айтайын. Патшамыздың үш жүз қатыны бар. Күніге айналғанда бізге кезек жылына бір-екі рет қана келеді. Сондайда «Құдай-ай, көп қатынның бірі болғанша, өзімнің құл да болса, меншікті байым болса» деп армандайтыным рас, – депті. Бұл сөзді естіген Сүлеймен «Мені құлдан кем көрдің-ау, зәнһар!» деп қаһарланып, қылышын суырып алып, әлгі әйелдің басын шауыпты дейді.
Тап қазір біреудің басы шабылғандай. Отырғандар демін ішіне тартып, бәрі үнсіз қалады. Шалдың аузына қарайды. Біздің де жүрегіміз тарсылдап соғады. «Ойбай-ау, енді не болады?».
– Сол кезде баяғы мес туып еді ғой, соның аузы ашылады да ішінен шүпірлеп қырық бала шығады.
– «Сізді біз енді қайтіп «Әке» дейміз. Жаңа ғана елдің алдында шешемізді өлтірдіңіз. Біз енді сізге бала бола алмаймыз. Жер бетінде қиналған адам баласы болса, біз соның қасында боламыз». Солай депті де қырық бала көкке көтеріліп, дереу көзден ғайып болыпты. Біздің қазақтың «Ғайып ерен қырық шілтен» деп жүргені солар.
– Ойпырмай, шырылдап кеткен екен ғой!
– Бәсе, әжем «Ғайып ерен қырық шілтен» туралы айтушы еді…
Үйдің іші гуілдеп кетеді. Көзіміз бақырайып, естіген әңгімеге елтіп қалған екенбіз. Айтқан оқиға миға сыймай кетеді. «Шынында, шешесін өлтірмесе де болмас па еді?..».
– Әбеке, сіздің айтқан әңгімеден бір нәрсе еске түскені, – дейді қауқылдасқандар тыйыла бергенде қарттардың бірі.
– Айтыңыз, айтыңыз, – деп кеу-кеулеседі өзгелер.
– Мұхаммед пайғамбарымыз бірде атпен келе жатса, алдынан біреу шығып: «О, Пайғамбар! Астыңыздағы атыңыздың аяғы нешеу?» деп сұрапты.
Пайғамбарымыз атынан түсіп, атының аяғын бір-бірлеп санап шығыпты да: «Менің астымдағы атымның аяғы төртеу» деп жауап беріпті.
– Осыны ат үстінде тұрып-ақ айта салмадыңыз ба? – деп таңданыпты сұраған кісі.
– Не нәрсе де анықтық керек. Сондықтан мен атымның әр аяғын санап барып айттым, – депті Пайғамбарымыз. Сүлеймен де жаратқаннан перзент сұрағанда «не ұл, не қыз бер» деп анық сұрауы керек екен ғой.., – деп жаңа сөз алған кісі сақалын тарамдар еді.
Бала кезден еске түсіп отырған әңгіменің бір парасы бұл. Жадымызға жатталып қалған. Өзімізден кейінгілерге ара-тұра осы естіген сөздерімізді тәмсіл етіп айтамыз. Жас күнде естіген жақсы сөз естен шықпайды екен.
Сондықтан, қазіргі ата-аналардың кісі келгенде балаларды тырқыратып басқа бір бөлмеге қууы дұрыс тәрбие емес. Қайта бала келген мейманның сөзін, тағылымды әңгімесін естігені абзал. Осы ретте Сүлеймен (ғ.с) пайғамбардан қолға су құю секілді тәрбиелік мәні зор үрдісімізді қайта жандандырғанның еш артықтығы жоқ.
Жапондарда «шай ішу» деген дәстүр бар. Бір кесе шай құйғанша отырған адам үзіліп өле жаздайды. Бірақ осы дәстүрін жапон ешқашан ұмытпайды. Сақтайды. Сақтап келеді. Неге? Осы дәстүр арқылы олар өздерін өзгеге сыйлы етеді.
Жас балалар үлкендердің әңгімесін естіп өскеннен зиян шекпейді. «Көргенсіз» деген жаман атқа қалмайды. Осыны ескерген жөн.
Кезінде қазақтың қай баласы да құймақұлақ болатын. Атадан балаға бір кісінің аты өзгермей жеткен төл шежіреміз – соның дәлелі. Бұған дәулескер күйшілердің бір орындаған күйін құлағына құйып алып, ешқандай нотасыз, қағазсыз ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген құймақұлақ қасиетін қосыңыз!
Құнанбай кілең игі жақсының қасына Абайды жас күнінен қоспаса, сондай кемел адам шықпас та еді ғой!
Жалпы біз құлақпен тыңдап, жүрекке түйіп өскен елміз. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын көзбен бір оқыңыз, дауыстап қайта оқыңыз. Дауыстап оқығанда кітаптағы оқиғаға еріксіз елтисіз. Сол тәрізді «Абай жолын» жазғанда Мұхтар Әуезов те көбінше «диктовка» жасаған. Яғни, романның оқиға желісін дауыстап айтып тұрып, баяндаған. Осыдан-ақ заңғар жазушымыз халықтың барлық ақпаратты құлағына құйып алатын қасиетін сезінгенін аңғаруға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Еститін мемлекет» құру туралы айтқан еді. Мұқият үңілген, мән берген адамға үлкен мән-мағынасы бар сөз. Біз бір-бірімізді естиміз бе?
Әлеумет жағдайына, халықтың жанайқайына құлақ түріп жүрміз бе?
Естісек, ел болудың естияр әңгімесін естиік. Бұл үшін тыңдай білейік. Бір-бірімізді тыңдаудың төте жолы бала жастан өз ұрпағымызды тәлімді де тағылымды сөз тыңдай білуге баулу болса керек!
“Мұнара” газеті, №5, 2019
Пікір қалдыру