АРАМ ТАМАҚ АС БОЛМАЙДЫ

Әрбір мұсылман дініміздің халал деген нәрселерін жеп, харам деген нәрселерінен тыйылуы міндет. Себебі Алла Тағала: «Уа, иманға келгендер! Біз сендерге берген таза нәрселерден жеңдер де, Аллаға шүкір етіңдер, егер расымен Оған құлшылық еткен болсаңдар» («Бақара» сүресі, 172-аят), – деген.

Анас ибн Малик (одан Алла разы болсын) Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла Елшісі, мен дұғамның қабыл болуын қалаймын»,  деді. Ол: «Уа, Анас! Адал кәсіп ет, сонда дұғаң қабыл болады. Өйткені, адам баласы бір тістем харам жесе, қырық күнге дейін дұғасы қабыл болмайды», – деген (Бухари, Муслим, Тирмизи, Нәсаи риуаят еткен).

Тақуа жандардың бірі Сәһл ибн Абдулла: «Үш нәрседе құтылу бар: халал тамақ ішу, парыз амалдарды орындау және Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еру», – деген («Хулъят әл-әулия уә табақат әл-асфия», 10/201).

Қазақтың «Арам тамақ ас болмайды» деген сөзі халал астың маңыздылығын тағы да айқындай түседі. «Халал» сөзі шешу деген мағынаны білдіреді. Өйткені халалда шектеу қою және тыйым салу түйіні шешіледі, рұқсат жолы ашылады. Халалға ұмтылу және харамды жек көру секілді шүбә туғызатын нәрселерден де бас тарту тақуа жандардың әдеті болған. Әбу Бәкір Сыддықтың (одан Алла разы болсын) бір тілім шүбәлі тамақ жеп, сосын оны құсып тастағаны баршамызға мәлім.

Хақ Тағала бүкіл адамзатты адал әрі таза тамақ ішуге бұйырып, шайтанның жолына ермеуге шақырады. Бұл жайында: «Уа, адамдар! Жер бетіндегі адал әрі таза нәрселерден жеңдер. Шайтанның ізіне ермеңдер, өйткені ол сендерге анық дұшпан», – делінген (Бухари, Нәсаи риуаят еткен).

Өкінішке қарай, қазіргі таңда көпшілік мұсылмандардың да адал кәсіпке, халал тамақтануға немқұрайлық танытып жатқаны байқалуда. Мұны Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күні бұрын біліп: «Бір заман келеді, онда адамдар мал-дүниені қалай (халалдан не харамнан) тауып жатқанына мән бермей қояды» (Бухари, Нәсаи риуаят еткен), – деп баяндаған.

Халал тамақтануда, харам және күмәнді нәрселерден сақтануда мына мәселелерге айрықша көңіл бөлу керек:

Бірінші мәселе, астың халал (рұқсат етілген) және харам (тыйым салынған) түрлерін анықтап алу қажет. Тікелей харам болып саналатын нәрселерге өлексе, доңыз еті және шарап жатады. Құран Кәрімде былай бұйырылған: «Өлексе, сұйық қан, доңыз және Алладан басқаның атымен сойылған жануарларды жеу харам болады («Әнғам» сүресі, 145-аят).

Таза бірақ жиіркенішті нәрселерді де жеуге болмайды. Ал құрлықта мекен ететін жануар мен құс туралы хадисте: «Ит тісті жыртқыш жануарлар және қорегін тырнағымен аулайтын құстарды жеуге болмайды» (Муслим риуаят еткен) делінген. Оған қасқыр, аю, арыстан, жолбарыс, сусар, маймыл, қорқау, піл, ит, мысық, шошқа, борсық, түлкі, ақ тышқан, ит тісті жыртқыш жануарлар және т.б. кіреді (Шафиғи мәзһабында түлкі, қорқау, бұлғын, тиін және ақ тышқанды жеуге болады).

Қорегін тырнағымен аулайтын және өлексемен қоректенетін лашын, бүркіт, құзғын, қарға, жарғанат, қаршыға, сұңқар, шағала, ләйлек секілді құстарды жеуге болмайды. Тышқан, шаян, жылан түрлері, кесіртке, бақа, тасбақа, кірпі, маса, шыбын секілді жәндіктерді жеуге болмайды (Шафиғи және Малики мәзһабтарында кірпі мен кесірткені жеуге болады)

Ханафиден басқа үш мәзһабта теңіз жануарларының барлық түрін жеуге болады. Ханафиде балық түрінде болмаған ешбір теңіз жануарын жеуге болмайды.

Екінші мәселе, жеуге рұқсат етілген малды бауыздаған кезде «Бисмилләһи Аллаһу акбар!» деп, өткір пышақпен алдымен малдың өңешін, кеңірдегін және екі күре тамырын бір мезетте кеседі. Малдың қаны ағып, жаны үзілгеннен кейін терісін сыдыра бастайды. Сонымен қатар, малды бауыздайтын адамның (қасапшы) мұсылман болғаны абзал. Алайда кітап иесінің (христиан, яһуди дін өкілі) сойған малы халал, ал Құдайға сенбейтін, пұтқа немесе отқа табынушы адамның сойған малы харам саналады. Сондай-ақ, «Бисмиллә» сөзін ұмытып айтпаған болса немесе төрт тамырдың үшеуін кесіп, біреуіне пышақ тимесе де, бауыздалған мал халал есептеледі.

Үшінші мәселе, тезек, нәжіс және органикалық қалдықтармен қоректенген жануарлардың етін жеу – тахрими (харамға жақын) мәкруһ. Бірақ жануарды белгілі уақыт ұстап, таза жем-шөппен бағып сойып жесе болады.

Төртінші мәселе, азықтардың адамға жақсы немесе жаман әсері болатыны сөзсіз. Дегенмен, денсаулыққа зиян келтіретін тамақты жеуге болмайды. Өйткені, Хақ Тағала бұл жайында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» («Бақара сүресі», 195-аят) – деп бұйырған.

Бесінші мәселе, исламдық діни сенім бойынша шариғатта харам болған нәрсені халал деп айту күпірлік саналады. Харамның харам екенін біле тұра, оны қолдану – үлкен күнә.

Хасан АМАНҚҰЛОВ,

Шариғат және пәтуа бөлімі басшысының орынбасары