Рамазан айында күндіз біле тұра әйелімен жақындасу Алла Тағаланың тыйған нәрселерінің бірі, әрі осы ұлық айға құрметсіздік болып табылады. Имам Тахтауи күйеуінің де, әйелінің де ұстаған оразалары бұзылып, «кәффарат» міндет болады. Ал «кәффарат» дегеніміз – екі ай үзбестен ораза ұстау, оған шамасы жетпесе алпыс міскінді тамақтандыру.
Бұхариде келген хадисте Әбу Һурайра (Алла одан разы болсын): «Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Мен Рамазанда әйеліммен жақындасып қойып едім» – деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Азат ететін құлың бар ма?» – деді. Ол: «Жоқ» – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі ай үзбестен ораза ұстай аласың ба?» – деп сұрады. Ол: «Жоқ» – дегенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алпыс міскінді тамақтандыра аласың ба?» – деді. Ол: «Жоқ» – деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір себет құрма алдыртып: «Осымен тамақтандыр» – деді. Әлгі кісі таңырсып: «Менен де мұқтаж адамға берейін бе? Жер бетінде бізден мұқтаж жан болмас» – дегенінде: Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олай болса өз отбасыңа бер» – деп айтты» – деп келтірді.
Осыған орай шариғат әркімнің шама-шарқына қарай кәффарат өтеу жолдарын тәртіппен бекіткен. Алдымен құл азат ету (әрине қазіргі уақытта құл жоқ), бұған шама жетпесе екі ай үзбестен ораза ұстау, бұған шамасы жетпесе алпыс мұқтажды тамақтандыру. Бұл реттік тәртіп қатаң сақталуы қажет. Бірінші тәсілге шамасы жеткен кісі жеңілдік іздеп келесі тәсілді қолдануы дұрыс емес. Шама жоқтығы нақты расталуы керек. Сонда ғана келесі тәртіпті пайдалануға рұқсат етіледі.
Ал әйелін жақындасуға мәжбүрлейтін болса ер кісінің сол күнінің оразасы бұзылғандықтан орнына бір күн қаза өтеп, артынан кәффарат өтейді.
Ал әйеліне келетін болсақ сол күннің қазасын өтейді және оған кәффарат міндет болмайды.
Ханафи мазхабының әйгілі ғалымы Имам Марғинани: «Егер ораза ұстаған адам ұмытып ас ішсе, не су ішсе немесе әйелімен жақындасса оразасы бұзылмайды. Ал егер қателессе немесе оны мәжбүрлесе, оған тек қаза міндет болады» – деген.
Ибн Аббас (Алла одан разы болсын) жеткізген хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла үмметімнің қателесіп, ұмытшақтықпен және мәжбүр болған істерін кешірді» – деді.
Пікір қалдыру