— Айнұр ханым, қазіргі таңда келіннің сәлем салуы Аллаға серік қосумен бірдей деген пікірлер көбейіп кетті. Мұндай көзқарастардың пайда болуына не әсер етті деп ойлайсыз?
— Халқымыздың салт-дәстүрлері ғасырлар бойы ислам қағидаларымен біте қайнасып кетті. Жаһандану үдерісі белең алған бүгінгі дәуірде өкінішке орай радикалды ағымдардың жетегіне ерген кейбір қандастарымыз өз қорасына шапқан қасқырдай қазақ дүниетанымындағы дін мен дәстүр бірлігіне шабуыл жасап жатыр.
Қазақ мұсылмандық мәдениетін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттердің ең пәрменді құралы ретінде олар ұлттың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін ешбір шариғи негізсіз исламға қарсы қойып, күпірлік пен надандықтың, Аллаға серік қосудың көрінісі ретінде айыптауда. Соның бірі осы – беташар дәстүрі мен келіннің сәлем салуы.
Ұлттың мінезі мен дәстүрлері – егіз ұғым. Бірінен бірі туындап, бірін-бірі қалыптастырып жатады. Қазақы мінез бен дүниетанымда ізет пен құрметке ерекше мән беріледі. «Қазақы мінез» деген ұғымның өзі кішіпейілділік, дархандық, еркіндік тәрізді кесек мінездермен айқындалады. Сол қазақы мінездің тінін құраған кішіпейілділіктің көрінісі іспетті дәстүрлердің бірі – келіннің сәлем салуы.
Хадиске жүгінсек, әрбір амал ниетімен қайырлы, яғни ниетіне қарай бағаланады. Ал құрметтеу ниетімен сәлем салудың рукуғпен немесе сәждеге жығылумен бір еместігі, адамға табыну ниетінде жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны айдан анық.
— Өз сөзіңізде сәлем салу мен сәждеге жығылу бір емес дедіңіз. Сондағы негізгі айырмашылықтарды атап өтсеңіз?
— Сәлем салуды рукуғқа жығылумен шендестіретіндердің алдымен рукуғқа бару үшін қаншама әрекеттер жасалатынын сараптап көргені жөн болар еді. Намаздағы рукуғ әрекетіне жету үшін ең алдымен ниет етіліп, дәрет алынады (ғұсыл бар болса, әрине). Оның барысында дәретханаға кірердегі және шығардағы дұғалар мен дәрет алу кезінде әрбір мүшесін жуардағы ниет-дұғалар түстеп, түгенделеді. Дәреттен кейін жайнамазға жеткенше он рет салауат айту тағы бар.
Жайнамазға жеткен соң намазға ниет етіп, тәкбір айту (азан мен қаматтың әйелдерге қатысты еместігін ескерелік), қол байлау, «Фатиханы» және қысқа сүрені оқу, содан кейін барып, «Аллаһу әкбарды» айтып, рукуғқа еңкею керек болады.
Ал енді қайын жұртындағы жолы үлкендерге сәлем салғалы жатқан келін осы айтылғандардың бәрін әр сәлем сайын түгендеп, «Аллаға серік қосуға ниет еттім» деп барып, сәлем салушы ма еді?! Жоқ, әрине! Олай еместігі бесіктегі балаға да мәлім.
Сондықтан көрнекіден көмескі жасап, сау адамды ақылынан адастыратын жалған үкім жасаушылардың түпкі ниеті – дәстүрлі құндылықтарға сына қағып, ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіру дегеннен лайықты тұжырым жоқ.
— Сондағы жалған үкім жасаушылардың мақсаты не? Дұрыс түсінбеу ме, әлде қасақана істелген әрекет пе?
— Біршама уақыт бұрын солардың сойылын соғып жүрген бір замандасымыздың беташар туралы мынадай пікірі жарияланды: «Келіннің бетін ашу неден шыққан? Келін бұрын бұл үйге бөтен адам еді, оның бетіне қарауға болмайтын, сондықтан оның бетін жауып әкеліп, ата-енесінің үйінде ашатын. Бұл «ол енді өзіміздің адамымыз, енді оған қарауға болады» дегенді білдіреді».
Қазақ дәстүрлерін бұрмалап түсіндірудің мұндай мақсатты әрекеттерінің астарында үлкен саясат жатыр. Қазақ қашан өзіне келін болмаған немесе өзімен бір үйде тұрмайтын қыздың бетіне қарауға тыйым салған еді?
Жеті атаға дейін қыз алыспайтын, жеті қырды жайлаған жеті атадан қосылатын ағайынның бәрі бір-біріне бауыр саналатын қазақы қоғамның үш ұйықтаса түсіне де кірмеген ой бұл. Рулас қарындасы тұрмақ, қаймана қазақтың қызын да қазақ жат санап, жүзіне қарауға ұялып, жанарын ала қашқан емес. Немесе «өз бауырларынан өзге ешкім көріп қоймасын» деп қызының бетін жауып, тұмшалап та көрген жоқ.
Немере ағасының қызына үйлене беретін, өз үйінде өсіп келе жатқан ағасының қызына болашақ әйелі ретінде нәпсі көзімен қарау — басқа халықтарға тән дүниетаным. Оны қазақы болмысқа таңудың астарында қазақы дәстүрлерге деген көзқарасты өзгерту, арабтық дүниетанымның көшірмесі етіп көрсету, осындай әрекеттер арқылы ұлттың рухани-мәдени қорғаныс қабілетін әлсіретіп, қолдан жасалған жат құндылықтарды орнықтыру талпыныстары жатыр.
— Айнұр ханым, ата дәстүріміз бойынша келіннің иіліп сәлем беруінің мәнін түсіндіріп беріңізші?
— Қазақта сәлем салмайтын адам болмаған. Ата дәстүрімізде әйел адам ерлермен қол беріп амандаспайды. Бірақ ерлерді көргенде ерін ұшымен ғана амандасып, илікпей қарап та тұрмайды.
Келіннің ізетпен иіліп сәлем салуын былай қойғанда, қыз балалар да ерлермен амандасқанда құрмет белгісі ретінде басын иген. Жас жігіттер де, орта жастағы ер адамдар да көпшіліктің, өзінен үлкендердің арасына келгенде қолын кеудесіне қойып, иіліп сәлемдескен.
Жасы келген аналарымыздың өзі жолы үлкен қайын ағаларын немесе басқа да туыстарын көргенде қартаң тартқанына қарамастан, өз әдебімен сәлем салып жатады. Мұның бәрі әдептіліктің, терең ішкі мәдениеттің белгісі екендігін дәлелдеп жатудың өзі артық.
Бүгінгі әншілер де халыққа құрмет көрсетіп, иіліп жатады. Оны ешкім күпірлікке шығармайды. Мұсылман мемлекеттеріндегі заманауи шейхтардың мұндай амалдарды шариғатқа қайшы санамайтын пәтуалары да бар.
Ең бастысы – «құлшылық әрекетіне жататын намаздағы рукуғ дәрежесінде дейін иілмеген жөн» делінеді.
— Мұндай амалдарды шариғатқа қайшы санамайтын пәтуалар бар болса, шариғатта бұл жайында қандай да бір түсінік берілген бе?
— Иіліп сәлем беруді «ширк» – Аллаға серік қосу деп таныған бірде-бір шариғи үкім жоқ. Ислам ғалымдары иіліп сәлем беруге қатысты төмендегі жалғыз хадисті келтіреді.
Пайғамбарымыздан бір кісі: «Бізден бір кісі («мұсылмандардың бірі», «мұсылман адам» деген мағынада) өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған иіле ме?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Жоқ» дейді. «Оны құшақтап, сүйеді ме?» деп сұрағанда да Пайғамбарымыз: «Жоқ» дейді. «Қолын алып, амандасады ма?» деп сұрайды әлгі кісі. Сонда Пайғамбарымыз: «Иә» деп жауап береді.
Исламтанушы ғалымдар бұл хадисті төмендегіше талдайды. Біріншіден, бұл хадисті ғұламалар «сахих хадистер» қатарына жатқызбаған, ол хасан немесе әлсіз хадистер қатарына жатады.
Екіншіден, хадисте тыйым салу мағынасындағы ешбір сөз қолданылмаған, яғни иіліп сәлемдесуді харам деп танитын ешбір негіз жоқ.
Үшіншіден, «жоқ» деген сөздің тыйым салу мағынасында айтылмағаны осы хадисте «жоқ» делінген құшақтап, бетінен сүю әрекетін Пайғамбарымыз бен сахабаларының жақындары алыс сапардан келгенде жасағанынан аңғаруға болады.
Демек, бұл хадисте сұраушының нақты сауалына ғана қатысты жауап берілген, яғни мұсылмандардың бір-бірімен күн сайын көріскенде әдетке айналдыруы тиіс амал ретінде қол алып, амандасу құпталған. Ал әр күн сайын бір-бірімен құшақтасып көрісу немесе жолыққан сайын иіліп сәлем беру сүннет те, міндет те емес, бірақ ол екеуі харамға немесе ширкке де жатпайды.
— Демек харам немесе ширк болмаған соң, ұлттың дәстүрі ретінде жүруге құқығы әбден бар дейсіз ғой?
— Иә, сосын айта кететін тағы бір мәселе бар. Келіннің сәлем салуын «ширк» деп теріске шығару әрекеттері қарсы шабуылға ұшырап, қатаң соққы алғаннан кейін халықтың санасын өзгертудің сәті түспегенін пайымдаған радикалды ағым өкілдері қазір жаңа әдістемеге көшуде.
Дін қағидаларының сенім жағын діндес ұлттар өзгеріссіз қабылдайды, алайда бір ұлттың дәстүрін екінші ұлт көзсіз көшіре алмайды. Оған дініміз де мәжбүрлемейді.
Қазақы болмыстың өзегінен жаралған өз құндылықтары бар. Құндылық – қоғамды қалыптастырған, ғасырлар сынынан өтіп, асылдығын, өміршеңдігін дәлелдеген рухани бағдарлар.
Сондықтан қазақтың дәстүрлі құндылықтарының ешбірі ислам шариғатына қайшы келмейді.
— Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Пікір қалдыру