РАМАЗАНДАҒЫ ТЕҢДЕССІЗ ТҮН

 Рамазан – қасиетті ай. Осынау мүбәрак айдағы қасиетті түн – Қадір түні екендігі баршамызға мәлім. Қасиетті Құран Кәрімде:

«Расында, Біз (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні – (игілікте) мың айдан артық. Сол түнде, Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Жәбірейіл (ғ.с.) түседі. Бұл түнде таң атқанша сәлем жалғасады» – делінген (Қадір сүресі, 1-5-аяттар).

Қадір түнінің басқа түндерден артық бірнеше қасиеті бар. Олар:

  1. Алла Тағала адамзатқа екі дүниеде бақытты болудың жолын көрсететін  қасиетті Құранды осы түні түсіре бастады;
  2. Алла Тағаланың әмірімен осы түні періштелер мен Жәбірейіл (ғ.с.) жерге түседі;
  3. Алла Тағала мың айда жасалған ғибадаттан Қадір түні еткен ғибадаттың сауабын артық етті.

«Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Осыған байланысты қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін білуге болады. Бұл жердегі тағдыр ұғымы, әуелгі тағдырдың паш етілуі.

Ибн Шихаб Зухри: «Қадір» сөзі «Ұлықтау түні» деп те айтылады, яғни бұл түнде жер бетіне періштелер түседі, Алланың мейірімі мен махаббаты түседі деген.

Өйткені Құран Кәрімде: «Ол кеште барлық хикметті істер айырылады», – деп бұйырылған.

Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – деді («Тафсир әт-Табари» 25/65).

Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі Қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Сол түні періштелердің көп болатыны мына хадисте білдірілген: «Қадір түні рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады» (Ахмад хадис жинағы 10316.)

Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Қадір кеші – жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.

Қадірлі болған түннің белгілері жайында түрлі пікірлер бар. Әбу ибн Кағб Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қадір түнінің белгілері жайлы мынадай деректер жеткізген:

Ол түн тыныш болады. Қатты ыстық я қатты салқын да емес. Алла Тағала кейбір адамдарға түсінде немесе өңінде білдіреді. Сол түннің нұрлы екенін көреді. Кейде жүрегіне осы қадір түні екендігі білдіріледі. Алла Тағала барлығын білуші.

Әбу Дәуіт: «Қадір түнінің таңында күн шуақсыз туады. Көтерілгенге дейін бір табақ секілді болып көрінеді», – дейді.

Және сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі, періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелгендігі анық. Убада ибн Самиттен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Қадір түнінің белгілері туралы:

«Қадір түнінің белгісі, оның – тұнық әрі жарық, ал айдың ол түнде бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол түн тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша, жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Және бір белгісі – таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді», – деп сипаттағаны риуаят етілген. (Ахмад, Ибн Касир тәпсірі)

«Қадір» сөзі «абырой, бедел» мағынасын береді. Яғни, қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн дегенді білдіреді. Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Әнас бин Маликтен (Алла оған разы болсын): «Рамазан айы кіргенде Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр алақан қалады» (Ибн Мажәһ хадис жинағы), – деген риуаят бар. Демек, бұл түн мың айдан артық. Сондай-ақ, Қадір түні Алланың жақсылығынан құр қалмауға тырысу керек.

Ибн Кәсир: «Егер адамдар Қадір түнін білсе, тек сол күні ғана құлшылық етуге күш-жігер салар еді. Ол түнді білмеудің себебінен құлшылықтар көбірек орындалуда», ‒ деген екен.

Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі де Рамазанның соңғы он күндігінде ерекше ынтамен құлшылықты күшейтетін болған. Бұл туралы Айша анамыздың «Рамазанның соңғы он күндері келгенде, Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түндерін намазбен өткізетін, отбасы мүшелерін де оятатын және құлшылықтарында ерекше ынта танытатын» (Бұхари және Муслим хадис жинағы), – деп айтқан. Жалпы адам баласы осы ең соңғы түндерде ерекше құлшылық істеуге тырысу керек.

Абдулла ибн Аббас: «Сол түні кітаптың анасынан, яғни Ләухул Махфуздан бір жылдың ішінде кімге қанша ризық бөлінетіні, қашан қанша жаңбыр жауатыны, кімнің дүниеге келетіні, кімнің дүние салатыны, кімнің қажылыққа баратыны да жазылады», – деген.

Қадір түнінде кімдердің қажылық жасайтынына дейін жазылатыны жайлы Икрима ғалым: «Қадір түнінде бір жыл ішінде Алланың үйі ‒ Қағбаны зиярат етіп, қажылық жасайтындардың есімдері әкелерінің есімдерімен қосылып жазылады», – деген.

Имам Куртуби: «Аяттағы мың айдан да қайырлы» деген сөз «бүкіл заман» дегенді білдіреді. Өйткені, арабтар шексіздікті білдіру үшін «мың» деген сөзді қолданады», – дейді.

Хафиз Ибн Ражаб: «Ей, өз өмірін ешбір игілікке қол жеткізбей өткізген адам! Қадір түнін жіберіп алғандарымды қайта толықтыру үшін қолданамын. Өйткені, бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!» – деп айтқан екен.

Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Алла Тағаланың мың айдан қайырлы түні бар, кім сол түннің сауабынан, жақсылығынан мақрұм қалса барша сауап, жақсылықтан құр қалады»– деді.

Ал мың айда 83 жыл 4 ай бар. Егер Қадір түнінде ғибадат етсеңіз, 83 жыл бойы намаз оқып, ораза тұтқанның сауабын аласыз.

«Кімде-кім Қадір сүресін оқыса, оның сауабы рамазан айында ораза ұстағандай болады», – деген Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері Қадір түніндегі ғибадаттардың  айрықша маңыздылығын көрсетеді.

Қадір түні туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: Ғабдулла ибн Жабардан (р.л.ғ.): «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Кімде-кім Қадір түнінде он екі рәкағат намаз оқып әр рәкағатта Фатихаға бес рет Қадір сүресін, бес рет Ықыласты оқыса, Алла Тағала ол кісіге шаһид сауабын берер, қабір азабынан сақтар. Кімде-кім Қадір түнінде ояу отырып ғибадат етсе, Алла Тағала қандай күнәсі болса да кешірер. Болашақтағы күнәларын да кешірер»– деді.

Қадір түні – Жаратушы Жаббар Иеміздің мүминдерге берген шексіз мейірімділігінің белгісі. Бұл түнде Алла разылығы үшін Құран, намаз оқып, дұғада болуымыз керек. Хазіреті Айша Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Осы қасиетті Қадір түнінде қалай дұға жасайын?» – деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Раббым, сен өте кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Мені де кешіре гөр, – деп айт» – деген екен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен осы дұғаны Қадір түнінде біз де айтайық, ағайын. Қасиетті түнде жасаған амалдарымыз бен ғибадаттарымыз  қабыл болып, Алла Тағала баршамызға екі дүниенің жақсылығын нәсіп етсін! 

Асқар Мұқанов,

ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі бас имамы