АҚЫРЕТ КҮНІНЕ ИМАН КЕЛТІРУДІҢ МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ

«Ақырет» немесе «Қиямет» сөздері арабшадан қазақшаға кірме балама сөздер. Соңғы, ақырғы, шек, шет т.б сияқты мағыналары бар. Шариғи тұрғыдан қарағанда – өлімнен кейінгі тұрақ, немесе өлімнен кейінгі о дүниелік өмір, қабірден қайта тірілу күні, Алланың бұйрығымен Исрафил деген періштенің сырнайға үрлеуімен тіршілк, күллі жаратылыстың, адамзат атаулының өлімге қауышуы, бір сөзбен айтқанда мына өмірдің соңы деген мағыналарды білдіреді.

Исламда ақырет күніне иман келтіру иман негіздерінің ең негізгі ажырамас бір бөлігі. Яғни құлдың өлгеннен соң қайта тірілетіндігіне, осы дүниеде істеген барлық жақсы да жаман амалдары үшін Алланың құзырында есеп беретіндігіне иман келтіруі асыл парыздарының бірі. Демек ақірет күніне сенбеген адам нағыз мұсылман бола алмайды. Себебі қасиетті құранда:

يَٓا اَيُّهَا الَّذ۪ينَ اٰمَنُٓوا اٰمِنُوا بِاللّٰهِ وَرَسُولِه۪ وَالْكِتَابِ الَّذ۪ي نَزَّلَ عَلٰى رَسُولِه۪ وَالْكِتَابِ الَّذ۪ٓي اَنْزَلَ مِنْ قَبْلُۜ وَمَنْ يَكْفُرْ بِاللّٰهِ وَمَلٰٓئِكَتِه۪ وَكُتُبِه۪ وَرُسُلِه۪ وَالْيَوْمِ الْاٰخِرِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلَالًا بَع۪يدًا

«Әй мүміндер! Аллаға, Пайғамбарға және оған түсірілген кітапқа, сондай-ақ одан бұрынғы түсірілген кітапқа иман келтіріңдер. Ал кімде-кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса, онда олар тым қатты адасты» [1] деп қатаң ескертсе, шынайы мұсылман құлдарын сипаттағанда:

اَلَّذ۪ينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُق۪يمُونَ الصَّلٰوةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنْفِقُونَۙ وَالَّذ۪ينَ يُؤْمِنُونَ بِمَٓا اُنْزِلَ اِلَيْكَ وَمَٓا اُنْزِلَ مِنْ قَبْلِكَۚ وَبِالْاٰخِرَةِ هُمْ يُوقِنُونَۜ اُو۬لٰٓئِكَ عَلٰى هُدًى مِنْ رَبِّهِمْ وَاُو۬لٰٓئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ

«Міне осы кітапта (құран) күдік жоқ, ол тақуалар үшін тура жол көрсетуші. Олар сондай (мұсылман құлдар) көмеске иман келтіріп, намаздарын толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) жұмсайды. (Мұхаммед) олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрыңғы түсірілгендерге сенеді және ақырет күніне анық иман келтіреді. Міне солар Раббылары тарапынан тура жолда және солар құтылушылар»[2] деп сүйіншілеген.

Ақырет күніне иман келтірудің мәні мен маңызы өте зор. Осы себепті құран аяттарында ақірет өмірі жайында кейде ашық аяттар арқылы сипаттаумен, кейде мысалдар беру арқылы көп айтылған. Мен кіммін?, қайдан келдім?, не үшін келдім? және қайда барам? деген тәрізді өмірдегі әрбір пендені мазалайтын сұрақтардың жауабы да бірге жазылған. Ақірет күніне иман келтіріп қана қоймай, сол өмірге азығын да жинаудың қамын жеген Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз да: «Қайдан келдім? Нетсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?- деген болатын. Олай болса қайдан келіп қайда баратындығын білетін шынайы мұсылманның келешек жайында, өлгеннен соң не болатындығы жайында уайым-қайғысы болмайды деп кесіп айтпасақта Алланың дайындаған жәннатынан үміті болары сөзсіз.

Алла Тағала:

اَفَحَسِبْتُمْ اَنَّمَا خَلَقْنَاكُمْ عَبَثًا وَاَنَّكُمْ اِلَيْنَا لَا تُرْجَعُونَ

“Расында Біз сендерді бостан-босқа жаратты деп және Бізге қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма?” [3] – деу арқылы адамзаттың бұл дүниеге ешбір мақсат-мұратсыз келмегендігін; Ақын Абай Қалшабектің: «Өмір – өзен сияқты ағады. Алайда өмірден мақсат өзен болып ағу емес, жағаны табу» – дегеніндей, өмірге жалғыз Алланы танып, құлшылық ету үшін келгендігін және міндетті түрде о дүниеге қайта қайтарылатындығын ескертеді. Аяттың қосымша жауабы ретінде:

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْاِنْسَ اِلَّا لِيَعْبُدُونِ

«Мен жындар мен адамзатты тек қана маған құлшылық етулері үшін жараттым»[4] деп пенденің бұл дүниеге келудегі асыл мақсатын белгілеп береді.

Ақырет күніне сенбеген адам бақытсыз жан. Мына дүние ол үшін жәннат болып көрінуі бек мүмкін, алайда жаны жай таппайды. Себебі дүние мен ақырет бір-бірінің ажырамас бөлшегі. Құлдың сонау баста шыққан жері, келген тұрағы сол ақырет. Сол үшін қазақта «Қайтыс болды» делінеді. Яғни келген, өзінің асыл Отанына қайта оралды мағынасында айтылған. Сонымен қатар  дүние тіршілігі, ақырет үшін арналған егіндік тәріздес. Өмір егін егу аймағы болса, ақырет сол егінді жинау мекені. Яғни дүние ақырет үшін ақырет дүние үшін жаралған деуімізге негіз бар. Бабаларымыздың сөзімен айтқанда: «Бұ дүниеде не ексең, о дүниеде соны орасың» дегендей; ақырет үшін, ондағы рахат, мәңгі бақи бақытты ғұмыр кешетін жәннат мекенінде мекендеу үшін азық жинайтын бұл дүние өмірі мен ақырет өмірі егіз ұғым тәріздес.

Ақыретте он сегіз мың ғаламның Иесі, Құдіреті күшті Құдай Тағаланың құзырында есеп беретіндігіне иланатын адам не өзіне не басқаға зиян тигізбейді. Қоғамда зұлымдық атаулыға, әділетсіздікке, қатігездікке, түрлі бұзақылық және бүліктерге оңайлықпен жол бермейді. Себебі ол өлгеннен соң қайта тірілетіндігіне және осы тіршіліктегі істеген барлық іс-амалдарының есебін беретіндігіне нақ сенеді, әрі мәңгілік бақытқа осы есеп-қисаптан жаңылмай өткенде ғана жететіндігін біледі.

Қасиетті құранда:

وَمَا تَكُونُ ف۪ي شَأْنٍ وَمَا تَتْلُوا مِنْهُ مِنْ قُرْاٰنٍ وَلَا تَعْمَلُونَ مِنْ عَمَلٍ اِلَّا كُنَّا عَلَيْكُمْ شُهُودًا اِذْ تُف۪يضُونَ ف۪يهِۜ وَمَا يَعْزُبُ عَنْ رَبِّكَ مِنْ مِثْقَالِ ذَرَّةٍ فِي الْاَرْضِ وَلَا فِي السَّمَٓاءِ وَلَٓا اَصْغَرَ مِنْ ذٰلِكَ وَلَٓا اَكْبَرَ اِلَّا ف۪ي كِتَابٍ مُب۪ينٍ

«(Ей, Мұхаммед!) Сен қандайда бір жағдайда болсаң,  Құраннан не оқысаңда немесе сендер қандайда бір амал жасасаңдар, оны іске асырып жатқан кездеріңде, әлбетте Біз сендерді көріп тұрамыз. Сондай-ақ жердегі және көктегі тозаң салмағындай да нәрселер Раббыңа жасырын емес. (Барлығын көріп, біліп тұрады) Тіпті оданда кішісі болсын, үлкені болсын  анық бір кітапта (Лауһул – Маһфузда)  жазылған».[5]

Яғни әрбір зәрредей де іс-қимылдарымыз, ауыздан шыққан сөздеріміз бәрі бәрі бір Жаратушының бақылауында деген сөз. Міне осындай сезімде, осындай ақыл санамен өмір сүрген пенде тура жолдан айнымасы анық.

Күндердің бір күнінде Төрт Халифаның бірі Хз. Омар (Алла ол кісіге разы болсын) мешітке баражатқан жолда өзінен баса озып, мешітке қарай бет алған кішкентай баланы көзі шалып қалады. Хз. Омар да басқан қадамдарын тездетіп әлгі балаға жетіп алады. Қасына жақындап:

– Ей, балақай! Саған намаз парыз емесқой, сен әлі балиғат жасына да жеткен жоқсың, сонша неге асығып барасың мешітке? – деп сұрады. Сонда әлгі бала мына жауапты берген екен:

– Ей, Мүміндердің патшасы! Күні кеше біздің көшеде мен сияқты бір жас бала дүниеден озды. Мен қалай ғана мешітке асықпайын!? – деді.

Демек адамзатқа онсыз тіршілік жоқ; ауа мен су қаншалықты қажет болса, ақырет күніне иман келтіру де соншалықты қажет.

Қасиетті құранда:

يَوْمَئِذٍ يَصْدُرُ النَّاسُ اَشْتَاتًاۙ لِيُرَوْا اَعْمَالَهُمْۜ فَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْرًا يَرَهُۜ وَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرًّا يَرَهُ

«Сол күні адам баласының амалдары  көрсетілу үшін топ-топ болып (қабірлерінен) шығады. Сонда кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай да жақсылық істеген болса, ол оның ақысын алады, ал кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай да жамандық істесе, ол оның жазасын алады».[6] – делінген. Яғни; істелген зәрредейде жақсылықтың сыйы беріліп, зәрредей де жамандықтың жазасы берілетіндігін ескертіп, жауапкершіліктің қаншалықты ауыр екендігін білдіруде. Енді кейінгісін сіз ойлаңыз. Осыншалықты жауапкершілікпен өмір сүретін пенде мына қамшының сабындай, ұшып өткен құспен тең қысқа өмірін қалай өткізбек?!

Мұхаммед (оған Алланың ігілігі мен сәлемі болсын) Пайғамбарымыздың Әбу Саид әл-Худриден жеткен хадисінде: «Бір мұсылман қарны аш болған бір мұсылманды тамақтандырса, қиямет күні Алла оған жұмақ жемістерінен жегізеді. Бір мұсылман шөлдеген мұсылманға су берсе, қиямет күні Алла оған аузы мөрлі жұмақ шәрбатынан ішкізеді. Ал бір мұсылман жалаңаш бір мұсылманды киіндірсе, ұлы Алла қиямет күні оған жұмақ киімдерінен кигізеді»[7] – делінген. Басқа бір хадисінде: «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген жан көршісіне жақсылық жасасын. Аллаға және ақырет күніне иман келтірген жан қонағын күтсін. Аллаға және ақырет күніне иман еткен жан не пайдалы сөз айтсын не үндемесін»[8] деп ескерткен. Пайғамбарымыздың осы тектес көптеген хадистерінде «Аллаға және ақырет күніне иман келтіргендер» деген астарлы сөз тіркестерін көп қолданады. Яғни бұл сөздерінен Аллаға иман келтіру қаншалықты маңызды болса, ақырет күніне де иман келтіру соншалықты маңызды екендігін анық байқауға болады. Сонымен қатар қандайда бір жақсылық не жамандық істесек әйтеуір түбінде сол амалдарымыздың ақырет күнінде алдымыздан шығатындығын түсінуге болады. Демек ақыретін ойлаған пенденің өзіне, отбасына, қоғамға, қоршаған ортаға тигізер пайдасынан басқасы жоқ болуға тиіс. Сүйікті Пайғамбарымыздың да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) меңзеп тұрғаны сол. Мына дүниеде бір мұсылман өмірін, уақытын, күш-қуатын не нәрсеге сарп қылса, мұсылман атына заты сай болса Хақ Тағаланың әрбір жасалған жақсылықтың сауабын, есесін қайтарып беретіндігін баса-баса айтуда. Міне ақыретке иманның мәні мен маңызы осыншалықты маңызды.

Ал ақырет күніне сенбейтін адамдар әрдайым қорқынышта өмір сүреді. Өлген адамды көргенде, тіпті өлім деген сөздің өзін естігенде өздерін қоярға жер таппайды. Себебі ақыреттен үміттері жоқ. Бұл өмірден басқа өмір жоқ олар үшін. Сол себептен де бұл дүниеде қолынан келген күнәлі істерден тайынбайды. Өйткені өмірге бір-ақ рет келетіндігіне және есеп беретіндігіне сенбейді. Дәлірек айтқанда сенгісі, ойланғысы, ойлағысы келмейді. Алайда осы сенімдегі адамдар өмірінің соңында, яғни соңғы дем келгенде бар шындықты көреді. Осылайша Алланың әмірлерін мүлтіксіз, кемшіліксіз орындау үшін өмірге қайта қайтқысы келіп, жалбарынады. Алайда бәрі кеш болады және дұғасы қабыл болмайды. Бұл жайында қасиетті құранда былай деп баяндалған:

حَتّٰٓى اِذَا جَٓاءَ اَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ رَبِّ ارْجِعُونِۙ لَعَلّ۪ٓي اَعْمَلُ صَالِحًا ف۪يمَا تَرَكْتُ كَلَّاۜ اِنَّهَا كَلِمَةٌ هُوَ قَٓائِلُهَاۜ وَمِنْ وَرَٓائِهِمْ بَرْزَخٌ اِلٰى يَوْمِ يُبْعَثُونَ

(Ақыр соңында) Олардың әрбіріне өлім келген сәтте: «Раббым! Мені дүниеге қайтар!» «Мүмкін мен қалдырған дүниеде жақсы амал істермін» деп айтады. Әсте олай емес. Расында бұл, оның айтқан бос сөзі»[9]

Демек ақиқатты тірі кезде көріп, сенуіміз біздің қайталанбас мүмкіндігіміз. Тірі кездегі ең үлкен шындық, ақырет күнінің жаршысы, бір күні болмаса бір күні келетін өлім ұғымы көп нәрсені аңғартатыны баршаға аян. Қасиетті аятта айтылғандай қолымызды кеш сермеп, өкініштен өртеніп санымызды ұрғанша, Алланың бізге берген сансыз нығметтерінің рахатын көріп, оның ішінде ақыреттегі мәңгілік өмірдің мекені жәннатты көксеп өмір сүргенге не жетсін.  Құдіреті күшті Алла Тағала:

مَنْ اٰمَنَ بِاللّٰهِ وَالْيَوْمِ الْاٰخِرِ وَعَمِلَ صَالِحًا فَلَهُمْ اَجْرُهُمْ عِنْدَ رَبِّهِمْۖ وَلَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ…» يَحْزَنُونَ

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе және ізгі амал жасаса, Алланың құзырында олар үшін мол сауап бар. Әрі олар үшін қорқыныш  жоқ  және олар қайғырмайды»[10] деп құлдарына уәде береді.

Яғни біз қамшының сабындай қысқа өмірдегі уақыттың қадірін білуіміз шарт. Себебі уақыт өлшеулі және көзді ашып жұмғанша өтеді де кетеді. Оны әрбір қазақтың баласы жақсы білгені былай  тұрсын тіпті мақалдап та, шумақтап та айта алады. Мысалы Абай атамыз:

Кеше бала-ең, келдіңғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа. – десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз:

Шаранамен туып едің, бөз оранып өтесің,

Бір сағымды қуып, қай уақытта жетесің?

Қанша дәулет жиып едің, Бәрі қалды нетесің?

Мал үшін жан қиып едің, қайтып алып кетесің? – деп біздің көп көрген бақандай тоқсан жасымызды, кейбіріміздің сексен жасымызды, қимастай өмірімізді бір шумақ өлеңнің ішіне сыйдырып қойған.

Ал ардақты Пайғамбарымыз:

نعمتان مغبون فيهما كثير من الناس الصحة والفراغ

«Адамдар екі нәрсенің қадірін білмейді; Бос уақыт (мүмкіндік) және денсаулық»[11]

Басқа бір сөзінде:

لا تزول قدم ابن ادم يوم القيامة من عند ربه حت يسال عن خمس عن عمره فيم افناه وعن شبابه فيم ابلاه وماله من اين اكتسبه و فيم انفقه وماذا عمل فيما علم

«Қиямет күні (Алланың алдына барғанда) ешбір пенде: өзінің өмірін қалай өткізгендігі, алған білімін қалай қолданғандығы, дүние мүлкін қандай жолдармен тауып, қай жолда сарп еткендігі және жастық шағын қайда жүріп тоздырғандығы жайлы есеп бермейінше бір қадам алға жылжи алмайды»[12] деп секертеді. Яғни өмірде қанша жас жасау маңызды емес, сол ұзында қысқа өмірді қалай өткіздік? Сол маңызды!

Бабаларымыз қандай керемет жырлаған десеңізші:

Есің бар да елің тап,

Барғанда кірер жерің тап.

Жаратқанның құлысың,

Жағатұғын ебің тап! (Ш. Құдайбердіұлы)

Ал Аллаға жағу үшін әрине азық жинап еңбек ету, ақыретке дайындалу керек екендігі айтпаса да белгілі. Олай болса өлім жоқ болу емес, жаңа өмірдің қайта басталуы. Ақыретіміз тыныш болу үшін өмірімізге бекем болайық.

Төлеби Оспан, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы 

[1] Ниса сүресі 136 аят.

[2] Бақара сүресі 2-5 аят.

[3] Мүминун сүресі 115 аят.

[4] Зарият сүресі 56 аят.

[5] Юнус сүресі 61 аят.

[6] Зилзәла сүресі 6,7,8 аяттар

[7] Тирмизи, IV, 633; Әбу Дәуіт, II, 130.

[8] Бұхари, Әдеп, 31, 85; Муслим, Иман 77, 48.

[9] Муминун сүресі, 99,100 аят.

[10] Бақара сүресі, 62 аят.

[11] Сахих Бухари, Риқақ, 1.

[12] Тирмизи, Қиямет, 1.