Қызғалдақ Еуропаға қалай барды?
Гүл гегомоны Голландия, алма алпауыты Польша әзірден Қазақстанға көз тігіп отыр. Неге? Өйткені, қызғалдақтың да, алманың түп атасы тек Қазақстанда ғана өседі. Алманың жабайы түрі – сиверс Алатау бөктерінде, ал жауқазынның табиғи сорты Түркістан өңірінде ғана бар. Ертең, жер-жаһандағы алма, қызғалдақ тұқымдары азып кетеді. Ол міндетті түрде солай болады. Тарихта ондай оқиғалар көп болған да.
Жасанды тұқымның ең ұзақ дегенде өмір жасы 180-200 жыл. Голландия 1650 жылдан бері қызғалдақ өсіріп келеді. 1930 жылдары Голландиядағы гүл алқабы тозып кеткені сонша, қызғалдақтың арамшөптен айырмасы болмай қалған. Неге? Өйткені, буданды өміршең ету үшін жабайы түр керек. Голландиялықтар осыған дейін қызғалдақтың табиғи тұқымын Осман империясынан алып отырған еді. 1914 жылдан бастап түріктер алапат соғысты бастан өткеріп, ол жақта гүл өсіру емес, өмір сүру қиын боп кетті. Сөйтіп Голландия Түркістандағы шұбайқызыл бөктерден қызғалдақ пиязын алуға аңсары ауды. Мұндағы гүлдер түріктің қолындағы тұқымнан мың есе жақсы еді. Өйткені жер бетіндегі күллі қызғалдақтың шыққан жері осы Ұлы дала болатын.
Голландия 1931-1932 жылдары біздің даламыздан 2 мың тонна қызғалдақтың пиязын қазып алған. Түскен пайда қазіргі ақшамен санасақ, 5 миллиард долларға пара-пар. Бұл кезде қазақ тірерге тұяқ, ішерге ас таппай қырылып жатқан. Өйткені бұған дейін коммунистер қазақтың қолындағы 40 миллион малды тартып алып, етін Еуропаға өте арзан бағаға сатып жатқан еді. Ол аздай малсыз қалған ұлан-ғайыр даладағы соңғы керемет қызғалдақтың пиязын Голландия асырып, содан түскен мол ақшаға КСРО-ны индустриялды елге айналдырды. Ғалымдар айтуынша, осыдан бір ғасыр бұрын қызғалдақтың даламызда қаулап өсетіні сонша, ат омыраулап жүре алмай қалған екен. 1932 жылы картоп қазып алғандай, қопарып-төңкерудің кесірінен, Тұранда жауқазын шоқ-шоқ боп қана өсетін болған.
Содан бері 100 жылдай жуық уақыт өтті. Голландияның гүл алқаптары тоза бастағанын еміс-еміс естіп жатырмыз. Ары кетсе 30-40 жылдан соң ол жақтағы қызғалдақ плантациялары солады. Осы кезде даламыздағы қызғалдақтың бір пиязшығы 1000 долларға бағалануы мүмкін.
Құранның қарпіне ұқсайды
Қызғалдақ плантацияларын өлтіріп алмау үшін Голландия немістерге соғыссыз берілген. Өйткені қызғалдақ бұл мемлекетке жыл сайын 25 миллиард доллар пайда әкеледі. Шынында Голландияны Голландия еткен қызғалдақ еді. Бірақ бұл гүл жергілікті емес, келімсек. Жауқазынның туған жері – Қазақстан. Біздің даламызда осы гүлдің 35 түрі кездеседі. Қызғалдақты Голландықтар иеленіп кетті. Дегенмен гүлдің 12 түрі әлемнің ешбір елінде кездеспейді. Себебі жерсінбейді.
Қызғалдақты ең алғаш Еуропаға апарған Осман түріктері еді. Қазіргі Анатолия жеріне көшіп кеткенге дейін бұл жұрт оғыз атауымен Арал теңізі мен Ташкент аралығын мекендеген. ХІ-ХІІ ғасырларда Сарыарқадан құлаған қыпшақ тайпалары оғыздарды Сыр бойын тастап, Иран, Түркия жеріне ығысып кетуіне себепкер болды. Атамекенін тастап бара жатқанда туған топырақтың тәбәрігі ретінде осы қызғалдақты ала кеткен көрінеді. Неге қызғалдақты қойынға салды? Бар мәселе атауында екен. Біз қызғалдақ деп білетін гүлді оғыз жұрты «лале» деп атайды. Дыбысталуы Алла дегенге қатты ұқсайды. Айтылуы ғана емес, жазылуы да келіңкірейді…
Қызғалдақ Осман өлкесіндегі ою біткенді ығыстырып шығарды. Сұлтандардың тұсында салынған мешіт, сарайлардың қабырғаларына, шатырларына қараңызшы. Бәрінен жайқалған гүлді көресіз. Ол заманда қандай да бір ғимараттан қызғалдақ таңбасын көрсеңіз, ол мұсылманша рәсім жасалатын орын дегенді білдіруші еді. Қызғалдақты осынша сүюдің тағы бір себебі, сүйрік, үшкір күлте гүлі, ұзын майысқақ сабағы Құранның қарпіне ұқсайтын.
Ақ сарайын айырбастады
Осман империясында қызғалдақты ерлер бас киіміне, қыз-келіншектер орамалына іліп алатын. Бұл бір жағы әдемілік, екінші жағынан асқан байлықтың сипаты еді. Қызғалдақ Осман сұлтандары тұсында әлемдегі ең қымбат гүлге айналды. Қаратаудың етегінен осы қызғалдақтың пиязшығын әкелу үшін түріктер ұзынсонар керуендер жұмсайтын. Өте қымбат гүл ұрығын алып, теңселіп келе жатқан керуенге жолай қарақшылар тиісетін. Сол себепті қызғалдақтың бағасы шарықтап кететін.
1560 жылы Осман билеушісі Сүлеймен сұлтанға дипломатиялық миссиямен келген Австрия елшісі көздің жауын алған осы қызғалдақтың бірнеше пиязшығын ешкімге көрсетпей, дорбасына салып алыпты. Сөйтіп елші ол пиязшықты Венадағы ботаник досы Клузиусқа сыйға береді. Араға біршама уақыт салып, Клузиус қызғалдақ пиязшығын Голландияға әкелген. Соңынла қызғалдақ сұрқай, бірсарынды Голландияны құлпыртып жіберді. Әуелде бұл гүлдің тек түрікше түрі ғана өсірілді. Ал ХVII ғасырдан бастап жауқазынның жүздеген буданы пайда болды. Кімнің бақуатты екені бағындағы қызғалдағымен есептелді. 1634-1637 жылдары бағбандар будан тұқымдарды одан әрі араластырып, жыл сайын жаңа, ерекше түр шығарды. Бірі – қан қызыл, енді бірі – қап-қара барқыт. Осылардың ішіндегі ғажабы – Семпер Аугуста сорты еді. Оның бір түйір ұрығы 3500 гульденге сатылды. Бұл –қазіргі ақшамен санағанда 100 миллион теңгеге пара-пар. Осы сортты алам деп талай адам сорлап қалғаны бар. Ақ сарайын саудаға қойып, кемесін айырбастап жібергендер тарихта өте көп.
Қызғалдақтың бір кереметі адамға ұқсайды. Адам секілді 60 жыл өмір сүреді. Даладағы таза, табиғи жауқазын тек 13 жылдан соң барып қана бүршік жарып, гүлдейді екен. Қазақтың «он үште отау иесі» дегеніне келіңкірейді. Он үшінші жылынан бастап тұп-тура 50 жылға дейін гүлдеп, құлпырып тұрады. Сосын қарт кісі сияқты семіп, сола бастайды. Қазақ бұрыннан «гүлді жұлма, обал болады» деп баласын табиғатты бағалауға баулыған. Ендеше, табиғаты адамға ұқсайтын қызғалдақты адам сияқты қастерлеуіміз керек. Бұл – бізге міндет.
Нұрбек БЕКБАУ
«Мұнара» газеті, №9, 2020 жыл
Пікір қалдыру