Қасиетті Меккедегі Құранды жатқа оқу жарысы әлемнің түкпір-түкпірінен жас қариларды жинаған еді. Жетулла деген жас бала Африка құрлығының қияндағы бір шетінен келіпті. Алғашында шиеттей осы бір қара домалақ баланы көзге ілген ешкім болмады. Қашан сайысқа түсіп, Алланың кәләм сөздерін иінін қандырып, жеріне жеткізіп, жүздердің жүрегін тербейтіндей етіп айтқанда оның шынайы дарынына таң қалмаған ешкім қалмап еді. Қазылық еткен дін ғұламалары да таңдай қағысты. Кіп-кішкентай қара нәсілді баланың бойындағы дарын шынымен көптің ішкі жан-дүниесін қозғап жіберді.
Жетулланың әдемі әуезді дауысы бұрын-соңды ешкім естімеген әуенде қалықтап бара жатты. Арада қанша ғасыр өтсе де, көбінің көз алдына Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сенімді серігі Біләл сахабаның кейпі қайтып оралғандай болды. Құтты Біләл сахабаның азан айтқан әуезі осы баланың үні арқылы ғасырлар тұңғиығындағы сырды ақтарып, бір арнаға тоғысқандай әсер қалдырды. Алланың сөздерін осынша асқақ үнмен жатқа айтқан мына балаға тағзым еткен жұрт жанарына еріксіз жас тұнғанын байқамай қалды.
«Әй, мына баланың ұстазы да осал адам болмады ғой. Бәйгеге түскен шәкірті қыран құстай қанатын қомдап, қиядан көрініп жатса, ұстазы қандай екен?» деп сан сауалға жауап іздегендер Жетулланың ұстазын көруге асықан-ды.
– Менің аяулы ұстазым Жетулла әл-Құрани бүгінде бақилық болған, мен оған өмір бойы қарыздармын. Ата-анам ырымдап қойған ұстазымның есімін асқақ ұстайтын боламын, – деп толғана сөйлеген қари бала ұстазы Жетулла әл-Құранидың өзі жазып қалдырған естелік әңгімені оқи жөнелді. «…Мен араб пен еврейлер қатар қоныстанған өлкеде өмір сүрген едім» деп басталады ұстазының естелігі. «Балалық шағым таршылықта өтті. Ата-анам да қарапайым адамдар еді. Күнде үйдің жанындағы Ибраһим деген араб сатушының дүкенінен нан сатып әкелетінмін. Әр нан сатып алған кезімде сөреде тұрған тәтті кәмпитті ұрлап кететін едім. Арада біраз уақыт өткенде ұятым оянды ма, кәмпит ұрлап жеуді қойғым келді. Бірде нан алып шығып бара жатқан мені сатушы шал тоқтатып: «Балақай, – деді мейірімге толы жылы жүзімен, – Сен кәмпит алуды ұмытып кеттің ғой», – деді. Одан әрі кәмпитті не себепті алмай жүргенімді сұрады. Сондағы ұялғаным-ай, жерге кіріп кетуге шақ қалдым. Менің жермен-жексен болған түрімді көрген ол таяқ ала жүгірудің орнына, күн сайын нанмен бірге кәмпитті тегін алуыма рұқсат берді. Осылай Ибраһим сатушымен менің болашақ өмірімді түбегейлі өзгерткен достығым басталды. Басыма қандай қиындық келсе, ең алдымен одан ақыл сұрайтын едім. Сонда ол биік сөреде тұрған қалың кітабын қолына алып, парақтап, сосын менің не істеу керектігімді айтатын. Алғашында бұл не кітап екен деп ойлайтынмын. Әйтеуір тегін кітап емес екені сол кезде-ақ санама берік құйылған еді.
Күндердің күнінде бір бұйымтаймен оны іздеп келдім. Неге екенін білмеймін, дүкені жабық тұр екен. Көрші сатушылардан Ибраһим атаны сұрап едім, олар: «Сен естімеп пе едің, ол кісі о дүниелік болды ғой» деді. Жүрегім жылап, жанарымнан тоқтаусыз жас тамшылады. Жақын дос адамыңнан айырылу оңай емес екен. Ол жай адам емес, үлкен жүректі жан болатын. Ұлтым басқа болса да тілекші болып, маған деген мейірімін аямайтын.
Сол бетте жан ұшырып оның үйін іздеп бардым. Есік алдында жанары жасқа тұмшаланған жұбайы қарсы алды. Сосын: «Балам, сен Жет емессің бе?» деді. Басымды шұлғып, өзімнің Жет екенімді білдірдім. Ол Ибраһимнің өлер алдында бір есін жинаған сәтінде өзін іздеп Жет деген бала келсе, мына Құран кітапты беруді аманат еткенін айтты. Осылай төргі бөлмеден көзіме жылы ұшыраған баяғы кітапты әкеліп маған берді.
Кітапты құшақтаған күйі үйге жеттім. Мұнда бір даналық барын іштей сеземін. Бірақ ана-анам кітапты көріп, көздері атыздай болды. Бұл мұсылмандардың қасиетті кітабы екенін айтып, алған жеріме апарып тастауды бұйырды. Осылай ата-анамның да көңілін жыққым келмей, кітапты да қимай екі оттың ортасында қалдым. Бірақ бұл кімнің кітабы болсын, оның менің өмірімді жақсы қырына өзгерткенін ойлағанда одан айрылғым келмеді. Бір жағынан көп жыл дос болған Ибраһим сатушының маған қалдырған аманаты ғой. Тірісінде тек жақсылық ойлаған қарапайым адам өлерінде маған жамандықты қаламайтынын тағы білемін.
Сонымен бұл кітапты мектепке баратын жолдағы мешітке апарып бердім. Ондағы ойым өзімнің осы кітапты сатушы атадан көрген сайын ішінде не жазылыпты деген сан сауалға жауап алу еді. Күн сайын мектептен сабақтан қайтып келе жатып, мешітке соғып, ондағы ұзтаздардан арабша сауат ашып, Құран кітапты оқуға машықтана бастадым. Ақыры оны жатқа оқитын дәрежеге жеттім. Расында бұл кітап таңғажайыптарға толы еді. Бір Аллаға ғана аян ғалам жаратылысы туралы таңғажайыптарды осы кітаптан оқып, есімнен адастым. Басқа бір тылсым әлемге ендім.
Одан әрі адамзат жаратылысы жайлы Құран сырларын оқығанда өзімді тура жолға апаратын осы Ибраһим сатушының маған аманат еткен кітабы екеніне көзім жетті. Адамзаттың жаратылысынан бастап, өмір сүрудің сыр-сипаты айшықталып жазылған бұл қасиетті кітаптан айырылғым келмегенін сонда ғана ұқтым. Өз өмірімнің басқа соқпаққа түсетінін көз алдыма елестете алмадым. Менің жолым Құран жолы екенін ұғындым. Исламды хақ дін деп қабылдауым да содан. Есімімді Жетулла әл-Құрани деп азан шақыртып қойғызғанымның сыры да осы. Жаратқан Иемізге баратын тура жолды көрсеткен менің екі ұстазым бар. Біріншісі, қасиетті Құран болса, екіншісі сол Алланың сөзін сезініп, ұғынуыма жол нұсқаған Ибраһим досым еді. Енді өзім Африканың шет түкпіріне барып, өзгеге Құран үйретуді парыз санадым. Қайда жүрсем де, жаны ізгілік пен мейірімділікке толы Ибраһим ұстазымның даналығы жүрек түкпірімде сақталып, сағыныш сезімімді оятады…»
Жетулла өз ұстазының естелігін осылай аяқтады. Барша жамағатты өз өнерімен тәнті еткен Жетулланың жанарынан ыстық моншақтар сырғып бара жатты…
Бақыт СМАҒҰЛ,
Көкшетау қаласы
“Мұнара” газеті, №20, 2020 жыл
Пікір қалдыру