Қазіргі кезде басқаларды кешіру туралы шешім қабылдау қиын дүние. Бірақ бұл мінездің күшін көрсетеді және сіздің рухани дамуыңызға үлкен ықпал етеді. Өмірде бізді ренжіткен немесе жанымызға айтарлықтай жарақат салған адамды кешіру ең үлкен қиындықтардың бірі болуы мүмкін. Алайда, кешірімнің адам баласына берер пайдасы мол, олардың көпшілігі рухани «ішкі» пайдасы. Мұсылмандар ретінде біз «ішкі» дегенімізде психикалық денсаулықты ғана емес, рухани жағдайды да сипаттайтынын білеміз. Кешірімнің адамға пайдалы болуының мынадай маңызды төрт себебі бар:
- КЕШІРІМ СІЗГЕ ЖЕҢІЛДІК БЕРЕДІ. Басқа адам біздің кешірімге лайық емес деп ойлағанымызбен, кейде біз бұл ойларды біржола санадан шығарып, кез келген жағдайда кешіруіміз керек. Кешірім-олар үшін емес, өзіміз үшін өте маңызды дүние. Реніш жайында жазылған әйгілі бір дәйексөзге көз жүгіртейік: «Кек сақтау- өзің у ішіп, одан өзге адам өледі деп күткенмен бірдей». Біздің ренішіміз өзімізден басқа ешкімге әсер етпейді. Бізден кешірім сұрайтын (немесе сұрамайтын) адам болса, біз сияқты жайсыздық пен мазасыздықтың ешбірін сезінбеуі де мүмкін. Реніш, өкпе-жылдарға жалғасқан иықтағы ауыр жүк, ол зілдей жүктен уақыт өте келе қолың талса, жүрегің қатайып, үмітің өшеді, даму тоқтайды. Өзіміздің игілігіміз бен рухани жағдайымыз үшін осындай улы ойлар мен сезімнен арылуға тырысуымыз абзал. Тағы бір маңыздысы, көбінесе бұл бізге осындай жайсыз сезім тудырған адамды кешіргеннен кейін ғана болады. Сонымен қатар жақында американдық ғалымдардың зерделеуі бойынша күйзелістен туындаған арқадағы ауырсыну, ұйқысыздық және іштің сырқаты басқаларды кешіре білетін адамдардың арасында айтарлықтай аз кездесетінін анықтады. Кешірім сіздің жүрегіңізді жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен бірге сіздің физикалық жағдайыңызды жақсартады.
- БҰЛ СІЗДІҢ ОҢАЙ ЖОЛ ІЗДЕМЕЙТІНДІГІҢІЗДІ КӨРСЕТЕДІ. Ренжіту немесе кек алу оңай; алайда кешіру жайында шешім қабылдау қиын мәселе. Осы әрекет мінездің қайсар күшін көрсетеді әрі рухани өсуге жәрдемдеседі.
- КЕШІРІМ БОЙДАҒЫ ӘЛСІЗДІКТЕРМЕН КҮРЕСУГЕ КӨМЕКТЕСЕДІ. Бәріміздің әлсіз жақтарымыз бар. Солардың бірі – кейбіреулеріміз адам кешірім сұрағаннан кейін де оған реніш білдіре береміз. Бұл-бұрыс әрекет. Шын жүректен кешіру (шын мәнінде, мағынасыз «жақсы» деп айту ғана емес) – бұл әлсіздікпен күресудің күрделі, бірақ тиімді тәсілі. Кейде басқалар да көп жағдайда көпшілігіміз өзімізді де кешірмейміз жатамыз. Біз қателерімізді мойындап, Аллаға тәубе етіп, бөгделерді және өзімізді кешіруді үйрену арқылы ешкім бермейтін ішкі рухани тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Осы ішкі тыныштықтың жайлы самалын бүкіл дүниенің байлығын иеленсеңіз де, сезіне алмасыңыз ақиқат. Осы тыныштық басқалардың өміріндегі позитивтің қайнар көзі болуға мүмкіндік береді.
- КЕШІРІМ БІЗГЕ АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ КЕШІРІМІН ӘКЕЛЕДІ. Маған басқаларды кешіруге көмектесетін нәрсе – өзімнің кемшіліктерімді және мінез-құлқыммен, нәпсіммен басқаларға немесе өзіме зиян келтіріп жасаған сәттерді еске түсіру. Алайда мен Ұлы Жаратушы мені кешіреді деп үміттенемін және күтемін. Өйткені, Алла өте мейірімді, ерекше рақымды. Алайда неге мен басқалар үшін кешірім танытқым келмей тұрып, менің ең үлкен қателіктерім мен күнәларым үшін Жаратушы мені кешіреді деп, үміттене аламын?! Құдіретті Алла осы жайында Құранда былай деген: «Сендерден кеңшілік, молшылыққа ие болғандар; жақындарына, міскіндерге, мүһажірлерге Алла жолында бермеуге ант етпесін. Ғапу етіп, кешірсін. Алланың сендерді жарылқауын жақсы көрмейсіңдер ме? Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» (Құран, 24:22). Абдулла ибн Амрдың жеткізуінше, Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Мейірімді болғандарға рақымды Алла да мейірімді болады. Жердегілерге мейірімді бол! Сонда көктегі Ол сендерге мейірімділік етеді» (Ахмад 2/160, Әбу Дауд 4941, ат-Тирмизи 1924, әл-Хаким 4/175).
Қорытынды. Бізге зұлымдық жасаған адамдарды кешіру болашақ өмірдегі жетістіктеріміз үшін өте маңызды. Өйткені, Хақ Тағаланың кешірімі өзгелерді кешіргенге ғана лайық. Сондай-ақ кешірім осы дүниеге көптеген физикалық және рухани пайда әкеледі. Тек ауызша ғана емес, яғни, тілмен ғана емес ділмен, шынайы жүрекпен кешіру жолында өз нәпсімізбен шешуші күресті бастауға шабыттандыру үшін біз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінен үзінді келтіреміз: «Сенушілер оттан құтқарылып, жәннат пен тозақ арасындағы көпірдің соңында ұсталады әрі олар өлім жағдайында бір-біріне жасалған әділетсіздіктерінің жазасын алады. Кемшіліктерінен арылып, тазарған кезде оларға жұмаққа кіруге рұқсат етіледі. Мұхаммедтің жаны қолында болғанға ант етемін, әрқайсысың жұмақтағы үйіңе баратын жолды осы дүниедегі үйіңе қарағанда жақсы білетін боласың!» (Әл-Бухари). Түйіндей келгенде, егер сіз Алланың кешіріміне ие болғыңыз келсе, өрекпіген «нәпсіңізді» басуды үйреніп, бүгіннен ізгі ниетпен өзгелерді кешіруді бастап, жүрегіңізді жылдардың ауыр жүгінен, зіл батпан тасынан босатыңыз. Кешірім жолын таңдаңыз!
Дереккөз: islam.plus Аударған: Меруерт Бақдәулетқызы
Ислам Нұры газеті. №1 (481) 5 қаңтар 2021 жыл
Пікір қалдыру