ОРАЗА – ЖАМАНДЫҚТЫҢ ҚАЛҚАНЫ

Алла Тағала құдси-хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», – деп сүйінші хабар жеткізген.

Осы құдси-хадиске түсініктеме жазған ғұламалар былай дейді: «Мұның мағынасы мынадай: амалдар өлшенгенде, реніштер өтелгенде, ораза ұстаушының ауыз бекіту арқылы жинаған сауабын ешкім тартып ала алмайды. Ол сауаптар ораза ұстаған адам үшін сақталады. Ораза ұстаушының басқа сауаптарын оның білместікпен жасаған қате-кемшіліктері, күнәлары жойылуы мүмкін, бірақ оразаның сауабы ешбір себеппен жойылмайды».

Кемшіліксіз адам болмайды. Пенде болған соң кей жағдайда білместікпен қателік жасалады. Өкінішке қарай, осы кемшіліктер мен қателіктер, адамның өз қолымен істеген күнәлары ізгі амал жасап жинаған сауабын азайтады, тіпті жояды. Мәселен, біреуді ғайбаттау арқылы өзімізде бар сауапты өшіреміз. Керісінше, ғайбаттаған кісінің сауабына сауап қосып береміз. Сол секілді біреудің ақысы желінсе, о дүниеде оның ақысы өтеледі. Былайша айтқанда, ақысы қайтарылады. Бұл – сауаптан құр қалу деген сөз.

Жоғарыда айтқанымыздай, адам баласының кез-келген ізгі амал жасау арқылы жинаған сауабының жойылуына оның күнәлары мен кемшіліктері себепші болса, ал шынайы ниетпен ұстаған оразасының сауабын ешкім тартып ала алмайды. Өйткені мұсылман баласы қасиетті Рамазан айында тек ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа түсуден ғана өзін шектемейді. Ол барлық жаман әдеттерден барынша арылуға тырысып, Алла разылығы үшін көзін жаман нәрсені көруден, қолын жаман нәрсені ұстаудан немесе ұрудан, тілін ғайбат сөзден, кісіні сыртынан өсектемеуден, аяғын жаман жерге бармаудан, құлағын әдепсіз нәрсені тыңдаудан, ой-санасын жамандықтан, түйіндеп айтқанда, бүкіл жан-дүниесін Алланың ашуын шақыратын істерден сақтауға тырысады.

Осындай ниет пен амалдың қарымтасын, яғни сауабын Алланың өзі ғана береді. Себебі Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін» деп уәде етуде. Осы құдси-хадистегі «Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат» деген сөз біраз нәрсені аңғартса керек. Әрине барлық құлшылықтарда Алла разылығы көзделеді. Алайда ораза – көзге көрінбейтін, аштық пен шөлге шыдауға тура келетін, сонымен қатар бүкіл тән мен жанды жамандықтан қорғауды талап ететін, шынайы ниетпен орындалатын адам мен Алла арасындағы құпия құлшылық.

Ананың өз баласына деген мейірім-махаббаты жайында қарапайым мысал келтіре кетсек. Жаңа туған сәби ерекше күтімді қажет ететіні белгілі. Осы күтім жолындағы жұмысты біздің аналарымыз, әпке-қарындастарымыз ерекше махаббатпен орындайды. Нәресте бір түнде бірнеше рет оянып, анасының ұйқысын бөледі. Жүрегі мейірімге толы ана әр оянған сайын сәбиіне деген ерекше сүйіспеншілікпен оны емізеді, астын бүлдірсе, тазалайды. Бұл іске ешқашан шағымданбайды.

Жоғарыда келтірілген бұл мысалды не үшін айтып отырмыз? Ораза құлшылығы да осы жағдайға ұқсас. Адам баласы күнұзақ ауыз бекіткен кезде оны шөл қысады, қарны ашады. Дене қимылын қажет ететін жұмыста істейтіндер бір сәтке болсын тынығып алуды қалайды. Алайда осынау қиындықтар мен өткінші сынақтар мұсылман баласының иманын одан сайын күшейте түседі. Өйткені оның бар мақсаты мен ниеті – Алла разылығына кенелу. Әрине Алла жолындағы әрбір істің өзіндік қиындығы мен сынағы болады. Алайда аузы берік адам әрбір ісінде Алланың разылығын көздейді. Оны «осы ісім ораза ұстаушы адамның амалына лайық па?» деген сауал мазалайды. Өйткені ораза – жамандықтың қалқаны.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қасиетті хадис-шарифінде: «Ораза ұстау тек ішіп-жеу мен сондай нәрселерден бас тарту емес. Кәміл және сауабы бар ораза пайдасыз сөзден, уақытты босқа өткізуден, өсек-аяң айтудан және нәпсі әммараның (нәпсі дәрежесінің ең төменгісі, тек жамандықты қалайтын нәпсі) бүкіл бейімділіктерінен аулақ болғанда ғана болады. Егер біреуден сөгіс естісең немесе саған надандықпен бір әрекет жасалса өзіңе-өзің «мен оразамын» деп сабыр ет!» деген.

Расында, адам кейде әр нәрсеге ашуы келіп, өзінің эмоциясын қалай білдіріп қойғанын сезбей қалады. Жамандық пен күнәға тап келгенде қателіктерге, тіпті күнәға бой алдырады. Осы кезде оған «мен оразамын» деген түсінік көмектеседі. Бұл түсінік адам баласының өмірін жеңілдетіп, ораза кезінде кездесетін сынақтарды сабырмен еңсеруге үлкен септігін тигізеді.

Алла Тағала оразаны өз дәрежесінде толық ұстап, сауабын толық алуды нәсіп еткей. Әмин!

Өмірзақ ҚАЗКЕНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №8, 2021 жыл