Ел тарихында XIX ғасырда халық-ағарту саласында Ыбырай Алтынсарин, ұлттық руханиятта Абай Құнанбаев ерекше орын алса, XX ғасырда, әсіресе оқу-білім саласында Ахмет Байтұрсыновтың, әдеби-мәдени өмірде Мұхтар Әуезовтің өлшеусіз еңбектері бар. Аталған үш алыптың өмірлік мақсат-мұраттарына біз сөз еткелі отырған дарын иесі – Мұхаңның аса құнарлы шығармашылық мұрасы алдыңғы өткен ұлы даналардың заңды жалғасы, олармен тығыз байланысқан үлгілі үрдіс іспетті деп білуге болады. Сөйтіп, ол өзінен бұрынғы арыстардың орындай алмаған игілікті істерін жүзеге асырды, «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы туған халқының рухани әлеуетін күллі әлемге паш етіп, сонау тар жол, тайғақ кешу заманының өзінде жер бетінде қазақ деген халықтың өмір сүретінін төрткүл дүниеге танытты.
Биыл ұлы қаламгердің туғанына 125 жыл толып отыр. Бүгінгі таңға дейін жазушы шығармашылығы зерттеушілер тарапынан сан қырынан қарастырылып келеді. Алайда, әлі күнге жұрт назарынан тыс қала беретін, көп зерттеушілер аңғармайтын, енді, біразының тісі бата бермейтін жазушы шығармашылығының өте бір мазмұнды қыры, аса бір құнарлы арнасы – дін тақырыбы десек қателеспеспіз.
Дін қай кезеңде де қоғамдық сананың маңызды түрі ретінде тамыры тереңге жайылған жалпы адамзаттық өркениеттің, рухани игіліктердің құрамдас бөлігі болып есептеледі. Сондықтан, ол әрбір елдің, әрбір халықтың тұрмыс-тіршілігінен, күнделікті өмірінен өзекті орын алған. Өйткені, дін арқылы адамзат баласы ықылым заманнан бері қоршаған ортаны танып-білудің, оны рухани меңгерудің жолдарын қарастырып келеді. Мұны саңлақ суреткер жан-жүрегімен сезінген. Олай дейтініміз, жазушының басқа шығармаларын, ғылыми-зерттеу еңбектерін былай қойғанда, тек «Абай жолы» роман-эпопеясының бір өзі ғана жоғарыдағы ойымызды дәлелдей алады. Себебі, Абайдың қайталанбас тағдыр-табиғатын, мінез-құлық, ой-өрісін, білім-білігін, данышпандық дара дарынын ашу, бар болмыс-бітімін таныту, сол арқылы иісі қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тұрмыс-тірішілігін баян ету жазушыдан Абайдай ғұлама, Абайдай ойшыл, Абайдай діни сауатты болуды талап етеді. Ал, Мұхаң өз бойында осындай қасиет пен қарым-қабілетінің бар екендігін көрсете білді. Ол кемеңгер Абайдың ақындық өнерін ғана емес, оның ғұлама ойшылдығын, діни білімпаздығын, биік пайым-парасатын, асыл мақсат-мұраттарын замана оқиғалары, кезеңдік жағдайлар арқылы кең тыныспен жалпы ғаламдық деңгейде таныта алды.
«Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халық даналығы. Мұны Мұхаңның өсу жолы, есею тарихынан анық көреміз. Өйткені, оның тәлім алған мектебі – ең алдымен жазушы шыққан орта – Әуез қожа әулеті, Құнанбай қажының үлгі-өнегесін көрген, тәрбие-тәлімін алған өзі көзін көрген данышпан Абайдың айналасы, одан қала берді Шығыстың классикалық әдебиет өкілдерінің, орыстың, Еуропаның өркендеген руханиятының озық ойлы қайраткерлерінің әдеби-мәдени байтақ мұралары болды. Болашақ жазушының діни-имандылық көзқарастары, рухани ой-пікірлері бала кезінен қалыптаса бастаған еді. Ол туралы жазушының аталас туыс ағасы Разақ былай дейді: «Мен Мұхтардан он екі жас үлкенмін. Ол 1897 жылы Бөрліге жақын Аяққарағанда, күзем жүнін алып жатқанда жарық дүниеге келді. Бала емшектен шыққаннан кейін атасы Әуез бен әжесі Дінәсілдің бауырына кіріп, мүлде бұла болып өсті. Олар көмірдей қара шашты, қара торы, сүйкімді немересін жандарындай жақсы көрді. Үнемі әлпештеп, мәпелеп өсірді. Алты жасқа іліге берген кезде атасы оған өзі арапша хат танытты. Оның ұғымпаздығының бір мысалы мынау: Бір топ бала атамыздан арабша үйренгенде, иман шартты бұрын жаттап, алғыс алғаны бар. …Атасынан екі елі қалмайтын Мұхтар Абайдың батасына да ие болды. Ұлы ақын дүние салғанда, оның қабірінің басында сарнатып құран оқыған біздің бабамыз – Әуез қожа болатын. Сонда күңіренген елдің ортасында атасымен барған қаршадай Мұхтар да қабірге топырақ салған-ды». Осындай өнегелі тәлім-тәрбиенің нәтижелерін оның есейген шағындағы еңбектерінен, әдеби шығармаларынан анық көреміз.
М.Әуезовтің: «Абайға Шығыстан дарыған құндылықтардың басы – ислам діні. …Абай – анық діншіл ақын. Дін-исләмият жолының қағидаларына табынған, мұсылманшылықтың Алласын, пайғамбарын, иманын үнемі ауызға алып отырғаны дін ұстазының ұғым-нанымын көрсеткендей. Тілде де, ақындық сөздікте де, құранның аятынан алынған әрбір діндар мұсылманның аузында жүрген дұғалықтың, тағат-ғибадаттың сөздері бар»,– деуі бекерден-бекер емес. Мұны роман-эпопеяның өн бойынан, оның мазмұнынан, идеялық-көркемдік сипатынан байқау қиынға соқпайды. Енді, романдағы діни тұрғыда айтылған оқу-білім мәселесіне байланысты жайларға ден қоялық. «Қияда» атты тарауда: «Абай Зерені қойып қайтқан күні кешке, әжесінің төсегіне отырып алып, Құран аударуға кіріседі. Анасының әруағына арнайтын дағдылы «Құран-хатымды» молдаға оқытпай, өзі оқитын болды. Бір жұма бойы сол құранды екі аударып шықты. Осы күндерде ас үстінде бір әредікте Құнанбай Абайға: – Жай аударады екенсің, – деп еді, Абай жауап айтқан жоқ. Құнанбай мұндайда үш-төрт аударып тастайтын сыдыртқыш молдаларды есіне алып айтқан. Абай болса ішкі себебін айтқан жоқ. Ол да жылдам оқи білуші еді. Абай апасына сауап болсын деп, құранды өзгеше ықыласпен, асықпай, соншалық мүлгіп, мінажат қып оқиды. Құранның кейбір парасының үстінде ұзақ отырып қап, жалғыз, жасырын ойлар да ойлайды. Онысы әжесінің адамшылық, аналық қасиеттерін жоқтау еді. Өз ішіндегі адал алғысын бағыштау да дұғалық тілек есепті көрінетін», – дейді. Бұл үзіндіден Абайдың шынайы рухани сенімі берік, діни білімі терең екені көрінеді. Мұнда, оның Зере әжесінің әруағына арнап өзінің Құран оқуынан, әсіресе, «Кәләм-Шәріптен» (Қасиетті сөзден яки Алла сөзінен) молдаға оқытпай, өзінің хатым етуінен ислам шариғаты бойынша дүниеден озған адамның артында қалған ұрпақтарының, туысқандарының «Алла жеңілдік берсін», «Жатқан жерін жайлы етсін», «Иманды етсін», «Алланың нұрына, Пайғамбарымыздың шапағатына бөленсін» деген ізгі ниеті жатқанын білеміз. Ислам дінінде марқұмның әруағына бағыштап хатым-құран түсіріп, дұға еткенде Алла-тағала қайтыс болған адамға да, оқыған, дұға жасаған адамдарға да үлкен сауап жазатындығын ұлы суреткер ескергенін аңғарамыз.
Жазушы Абайға әжесінің соңында қалған қайырлы ұрпақ ретінде әкесі Құнанбай ойлаған кейбір молдалар секілді Құранды сыдыртып аудартпай, жан-жүрегімен беріле оқытады. Ықыласпен, шын көңілмен асықпай оқытады. Құранның кейбір парасын (пара – хатым құранда оқылатын сүрелер тобы) оқу үстінде ол ұзақ отырып әжесінің адамгершілік, аналық қасиеттерін есіне алып ойланады. Бұдан оның таза ниетпен алғыс айтып, тілек етуінің орынды екенін, Алланың сөзі жүрекпен оқылмай тек сыртқа, өзгеге көрсету үшін оқылса, онда ол бос әрекет саналатынын, мұнафиқтық, екіжүзділік болып табылатынын Абай біледі, әрі Абай тұлғасын осыншама шынайылықпен суреттеп жеткізе алған Мұхтар Әуезов те жақсы біліп отыр. Өйткені, Абайдың мұндай наным-сенімге, игі ниетке ие болуына себепші болған бірден-бір жан Зере болатын. Бұл жөнінен біз Абайды мұсылман дінінің бүкіл қағида-шарттарын жете меңгерген, нағыз иманды адам, ислами тәрбие көрген жан ретінде танимыз. Ал, әкесі Құнанбайдың: «Жай аударады екенсің», – деп әредіктен тиісіп қалып айтуына Абайдың оған қарсы жауап қайтармауының да, біздіңше жазушының оқырман ойлауына, пайымдауына қалдырып отырған екі түрлі себебі бар: біріншісі – баланың әке сөзіне қарсы болуы – Алла жолындағы діндар адамға қарсы келуі секілді екендігін аңғарып, әдеп сақтауы; ал, екіншісі – пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаху ғалейһи уассаламның: «Кімде-кім біреу хақсыз, дұрыс болмаған сәтінде де қарсылық етпей (қарсы келмей), үн шығармаса, ол – ең көркем мінезділердің бірі болып есептеледі. Ондайлар жәннаттың ең үстіңгі қабатына лайық», – деген қасиетті Хадис-шәрифін ескергені деп ойлаймыз. Расында да құран оқып, әруақтардың ризашылығына арнап бата бағыштау, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, өткендерді еске алып, дәм беру, нәзір ету – ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан адамгершілік парыз болмақ.
Ұлы жазушы діни сенімге байланысты өз ойын: «…Жуасып, жүдеген елге ақырғы тыныштық, жұбаныш осыдан табылмас па екен, ендігі өмірдің емі бой ұсынып, сабырмен шыдап, діннен тірек іздеуге болмас па екен дейді. Әр заманда әр елдің тарихында үміт кемесі су астындағы жартасқа соғылып, талқан болған шақта, әрбір жан өз жарасымен ыңырануға айналғанда, осындай момындыққа түсіп, мұңға батып – дін бесігін іздейді», – деп түйіндейді «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде. Біз жоғарыда келтіріп отырған хатым-құран түсіруге байланысты үзінді-мысалдан әрі діни оқу-білімге қатысты ойды аңғарсақ, әрі діни рәсімнің сыр-сипатын танимыз.
Мұхтар Әуезов – өз шығармашылығы арқылы, өзінің жалпы адамзаттық деңгейдегі ұлы гуманист-жазушы екендігін әлемге әйгілеген ғажайып дарын иесі, оның бүкіл дүниежүзі өркениеттер үндестігіне, халықтар достығы мен ұлтаралық қатынастарға, дінаралық өзара түсіністік пен күллі адам баласының рухани игіліктеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Данышпан суреткердің діни тақырыптардағы ой-пікірлері – өшпес өнеге, ата дініміздің, ана тіліміздің тазалығы, абырой-беделі үшін аянбай еңбек етудің озық үлгісі ретінде бізге ой салады, еріксіз назар аудартады.
Пікір қалдыру