МҰСЫЛМАНДАР ҮШІН МАҢЫЗДЫ ҮШ АЙ

Осы аптада мұсылман үмбеті үшін маңызды үш айдың алғашқысы Ережеп айы басталды. Сондай-ақ бұл ай – шариғатымызда ұрыс-соғыс, қантөгіске қатаң тыйым салынған төрт «харам» айдың бірі. Бұл жөнінде қасиетті Құран Кәрімде: «Алла Қағбаны – қасиетті үйді адамдарға тірек етті, сондай-ақ қасиетті (харам) айды, құрбандыққа әкеле жатқан және алқа тағылған құрбандық малдарды да (құлшылық етуге негіз етті)», – деп баяндалған («Мәида» сүресі, 97-аят).

Яғни Ережеп айы – Алла Тағаланың соғысуға, қан төгуге тыйым салған Зұлқағда, Зұлхижжа, және жыл басы Мұхаррам айларының қатарына кіреді. Бір жағынан Ережеп пен одан кейінгі Шағбан – айлардың сұлтаны Рамазанды сүйіншілеп келетін ай секілді. Себебі күллі мұсылман баласы өзге айларға қарағанда осы Ережеп пен Шағбанда нәпіл оразаға көп көңіл бөледі. Демек Рамазанға дейінгі екі ай – оразаға дайындық кезеңі.

Қасиетті Рамазан айын жоғары деңгейде өткізу мұсылманның мұраты десек, сырғып өте шығар отыз күн рухани дүниемізге оң әсерін тигізуі үшін Ережеп пен Шағбанды да ойдағыдай өткізуге тиіспіз. Осы орайда оқырман қауымға пайдалы кеңестерімізді бөлісуді жөн санап отырмыз.

Біріншіден, Рамазанға дайындықты ерте бастау. Көпшілік Рамазан айына дайындықты намаз және ораза кестесін көзге көрінетін жерге іліп қою, телефонға сақтап алу деп түсіне ме екен, әйтеуір есігін қағып Ережеп кіргеннен бастап ел тұрғындары дін қызметкерлерін «ораза қашан басталады, кестесі бар ма?» деген сұрақтармен мазалайды. Әрине мұны дұрыс емес демейміз, бірақ одан маңызды нәрсе – қасиетті үш айды, оның ішінде Рамазанды бос өткізіп алмаудың қамын жасау. Ораза басталып кеткеннен кейін де «Түкірік жұтуға бола ма?», «Тіс пастасын қолдану оразаны бұза ма?», «Ауырып тұрған адам ауызын аша ала ма?» деген сынды сұрақтардың жиі қойылуы дайындықта шикіліктің барынан хабар береді. Сол себепті Ережеп пен Шағбан Рамазанның кестесін күтіп жүретін емес, рухани және физикалық дайындықты күшейтетін уақыт. Спортшылар жаттығусыз жарысқа қатыспайтыны, тіпті денесін қыздырып алмай сайысқа түспейтіні секілді Рамазанға да ештеңені үйренбей, дайындықсыз көзді жұмып кіріп кету оң нәтиже бере қоймайды.

Сондықтан Ережеп пен Шағбанда денсаулыққа көңіл бөліп, иманның да, дененің де иммунитетін барынша көтеріп алу керек. Мүмкіндік болса, дәрігерге көрініп, асқазан, ішек жолдарын тексеріп алған жөн. Биыл ораза көктемнің қақ ортасында басталатындықтан авитаминоз, яғни ағзадағы витамин жетіспеушілігі жиі мазалайтын уақытқа дөп келіп тұр. Осы орайда ағзаңызға қажетті дәрумендерді, құнарлы тағамды уақытылы ішіп, ыңғайы келсе дүйсенбі мен бейсенбі күндері немесе аптасына кем дегенде бір күн ораза тұту абзал болмақ. Ал рухани дайындыққа ораза жайлы нақты мәліметтерді білу, Құран Кәрім оқу, білмесе оны үйрену, кәлима шәһадат, салауат, истиғфар дұғаларын көбейту, ағайын-туыспен, отбасымен, достармен байланысты жақсарта түсу, ренжіскенмен татуласуды жатқызамыз.

Екіншіден, жоспар құру. Кез-келген істе жоспар құрып, соған сай қарекет қылу, ал нәтижесін Алладан күту – ізгілердің сипаты. Рамазанның рухани дүниеңізге берері мол болуы үшін жоспарыңыз да жақсы болмақ керек. Ораза уақытында қайда болатыныңыз және немен айналысатыныңызға қарап жоспарды екшеп алған дұрыс. Хадистерде «Ең қайырлы садақа – Рамазан айында берілген садақа» деп айтылғандай, қазірден бастап қайырымды істердің тізімін жазып, оған қажетті қаражат, дүние-мүлікті түгендей беріңіз. Бес уақыт намазыңызды барынша мешітте, ең болмағанда жамағатпен өткізуді дағдыға айналдырыңыз. Ораза тұтқандарға ауызашар беру мен тарауық намазынан қалмауды ерекше көрсетіп, астын сызып қойыңыз.

Үшіншіден, қасиетті түндерге көңіл бөлу. Ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түн Миғраж, ал Шағбан айының 14-інен 15-іне қараған түн Бараат түні. Ислам ғұламалары Бараат түнін Рамазан айындағы Қадір түнінен кейінгі ең ұлық түн деп есептеген. Ал Миғраж кеші Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың қалауымен көкке көтеріліп, ғажайыптарға куә болғаны себепті мұсылман үмметі үшін қастерлі уақыттың бірі. Яғни бұл түндерді де бос жіберіп алмай, шама келгенше құлшылық етіп өткізу Рамазан айындағы мың айдан да қайырлы Қадір түніне дайындық іспеттес. Оның үстіне Миғраж бен Бараат түні белгілі болса, Қадір түнінің нақты қай күн екені белгісіз. Алдыңғы екі айдың түндерінде тұрып намаз оқыған, сәресіні ішкен адамға Рамазанның соңғы түндері жеңіл болмақ.

Төртіншіден, ескі әдеттерді, күнәларды тастау. Қазіргі таңда адам баласының бір нәрсені әдетке айналдырып алуы үшін 21 күн жеткілікті екенін, ал оны 40 күн қайталаса, бойына сіңіріп алатыны жөнінде тұжырым айтылып жүр. Ал Ислам ғұламалары жақсы әдет қалыптастыру үшін 90 күн қажет дейді. Демек, мұсылмандар үшін маңызды үш ай – жақсы әдеттер қалыптастырып, жаман әдеттен арылуға берілген мүмкіндік. Нәпсісін жеңуге басқа айларда шамасы келмеген адам, осы тоқсан күнді пайдаланып қалғаны жақсы. Күн сайын Алла Тағаладан Ережеп пен Шағбан айларының берекесін сұрап, Рамазанға аман жеткізуді тілеуді де ұмытпағанымыз жөн.

Қорыта келгенде, мұсылманның рухани өмірінде үлкен маңызға ие Рамазан айын пайдалы өткізу, баға жетпес нығметке бөлену алдыңғы екі айдың қалай өткеніне тікелей байланысты болмақ. Әйтпесе бір ғалым айтпақшы: «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазан айында одан қандай егін күтуге болады?»