Адам баласы ақыл-есі дұрыс болып, өзінің іс-әрекетіне жауап бере алатындай деңгейде өмір сүрсе, оның осы дүниедегі тіршілік иелері алдында белгілі бір ақысы болады. «Адамның күні – адаммен» демекші қоғамдық ортада алыс-беріс, барыс-келіс, ұрыс-реніш болып тұратыны белгілі. Маңыздысы, біреудің ақысына кіруден аулақ болуға тырысу, жаза басқан жағдайда жігіттік танытып, уақытылы кешірім сұрау.
Бір қызығы, кісі ақысына келгенде адамдар мұсылман немесе мұсылман емес болып бөлінбейді. Оның кешірімі мен жазасы бірдей болады. Алла Тағала уәде еткендей, осы дүниеде «мәселе» шешілмей, аяқсыз қалар болса, қайтарымы қияметте орындалады. Ең өкініштісі осы дүниеде біреудің ақысына кірудің ақырет күні ауыр жағдайға қалдыратыны ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде баяндалған.
Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінде: «Әлдекім бауырының арына не дүниесіне әділетсіз қол созса, қайтарымға алтын, күміс жүрмейтін қиямет күні келмей тұрып кешірім сұрасын. Олай етпесе, жасаған әділетсіздігі мөлшерінде ізгі істерінен алынып, ақы иесіне беріледі. Ал сауапты амалдары жоқ болса, ақы иесінің күнә-кемшіліктері ақысын жеген адамның мойынына ілінеді. Бұдан кейін ол адам тозаққа тасталады» делінген. Қандай қорқынышты ескерту!
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұндай адамды «муфлис» деп атаған. Қазіргі тілмен айтқанда «банкрот». Өмір бойы аяғы іскенше оқыған намаз, ми қайнатар жаз айларында қиналып тұтқан ораза, маңдай термен тапқан мал-дүниеден берілген зекет-садақа, көңіл түкпірінде бір барсам деп үміт етіп, ақыры жол түсіп барған қажылықтың таудай сауабы тіршілікте біреудің ақысын жегені себепті көз алдынан құстай ұшып кетсе қандай жаман?! Мұны оқу-айту тұрмақ, ойлаудың өзі қандай ауыр?!
Ақылы жоқ жануарларға зер салсақ, мүйіздісі әлі жеткенді сүзгені үшін қияметте Алла Тағала ақысын алып берер болса, ақылы бар біздің, яғни адамдардың іс-әрекеті сұраусыз қалады деуге тіл бармайды. Қияметте жануарлар бір-бірінен ақысын алып, соңында топыраққа айналып кететіні хадистерде айтылған. Ал адамдардың ақысы иесі кешірмейінше кешірілмейді, бұл іске Алла Тағала да кіріспейтінін қатаң ескерткен.
Тіршілік иелерінің ақысына кіру, оларға зұлымдық жасау кейде көрінбей, білінбей де жасалып жатады. Тіпті адам өзінің біреуді ренжітіп тұрғанын, біреудің ақысына кіріп жатқанын білмей қалуы да мүмкін. Мәселен, күнделікті өмірде өтіп бара жатқан әлдекімге немесе жұмыстағы әріптесімізге өте ауыр болмаса да ренжітетіндей сөз айтуымыз, көпшілік жерде біреуді итеріп не аяғын басып кетуіміз, не басқалай да зиян тигізуіміз мүмкін. Мұны өзіміз зәредей қылмыс көрмесек те, қағбаны қиратқаннан да ауыр күнә арқалап жатқанымызды аңдамай қаламыз. Сол үшін әр қадамымызды байқап басып, қателессек дереу кешірім сұрап, көңілді кірбіңнен, жүректі мұңнан арылтып отырған жөн. Сүйексіз тілден шығып жатқан ірілі-ұсақты ғайбат атаулы, әлеуметтік желідегі өзгелердің намысына тиіп, ренішін туғызатын сөздер, мұның бәрі де – кісі ақысына кіру.
Өзгелерге адалдық танытуға шақырып, кісі ақысына кіруден сақтандырмақ ниетпен өмірде болған бір оқиғаны мысалға келтіре кеткенді жөн санадық. Бірде сиыр сауып, соның сүтін, түрлі өнімдерін сатып күнелтіп отырған қарапайым бір жігіттің мектеп жасындағы баласы өзге дінді ұстанатын көршісіне екі литр сүт апарады. Алғашында көрші баланың ілтипатын сый деп қабылдаған ол мұның бірнеше күнге созылатынын білмеді. Келесі күні үш литр, тағы бір күні бес литр, басқа бір күні қайтадан екі литр сүт көтерген кішкене бала көршісін қуантып жүрді. Күйбең тірліктен қолы тимей жүрген әлгі көрші кісі бір күні сәті түсіп сүт әкеліп жүрген баланың әкесімен сыртта жолығып қалады. Көршісінен баласының күн сайын өзіне сүт әкеліп жүргенін, мұның себебін сұрайды. Сонда баланың әкесі: «Сізге айтуға бата алмай жүргенбіз. Оның үстіне үйіңізге күнде шаршап келесіз. Осылай сүт беріп тұрсақ, кешірер деп ойладық», – дейді. «Қандай кешірім?» деп көршісі таң қалады. «Өзіңіз білесіз, сіздің үйдің ауласы көк майсаға толы. Біздің сиырымыз қанша қайтарсақ та сіздің аулаңызға кіріп кетіп, күн сайын тойып шығады. Енді сіздің шөбіңізбен қоректеніп, беріп жатқан өнімді өзіміз ғана кәдеге жаратсақ, адал болмас еді әрі мұсылманшылыққа да жараспайды» деген көрші жігіт жымиған қалыпта үйіне кіріп кетті. Қаққан қазықтай тұрып қалған өзге дін өкілі мұсылман көршісінің бұл қарекетіне қатты таңғалады. Түнімен төсегінде дөңбекшіп ұйықтай алмай, келесі күні таңертең көрші жігіттің есігін қағады. Ислам дінін қабылдап, мұсылманшылықты ұстанғысы келетінін айтады.
Қандай ғажап оқиға! Кісі ақысына адалдық танытуының арқасында бір адамның Ислам дінін қабылдауына себепкер болды әрі арын да таза ұстады. Осындайда бұрынғы ғұламалардың «Кімде кім Алла үшін мұсылман бауырының алдында ақысын өтесе, Алла оған екі рет сауап жазады: өзіңе түскен ақыңды өтегенің үшін және Алланың жаратылысына сол арқылы тигізген пайдаң үшін» деген сөзі еріксіз еске оралады. Ізгілердің «Ең қайырлы ораза – ешкімнің ақысын жемеу. Ол өмір бойы ұсталады» деген сөзін мемлекет қамында жүрген азаматтар да, қарапайым жұмысшы да көзге жиі түсетін орынға, телефонының бетіне жазып қойса болатындай.
Көбіне дін жолындағы қызметкерлердің әлдебір сапардан ораларда, қонақпен қоштасарда «хақымызды халал етіңіз» деп айтып, білмей, бәлкім байқамай ренжіткен тұстары болса кешірім сұрауы кісі ақысына кіруден сақтанудың көркем мысалы деп білеміз. Алла Тағала тіршілік атаулыға зиян тигізуден, адамдарды ренжітуден, олардың ақысын жеуден сақтасын!
Пікір қалдыру