ІЛИЯС ХАЖРИ: ҚҰРАНҒА ҚҰРМЕТ МҰСЫЛМАНДЫ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕДІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай өткен І халықаралық Құран жарысында жеңімпаз атанған марокколық қари Ілияс Хажри «Мұнара» газетіне берген жедел сұхбатында осылай деді.

«Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын. Осындай халықаралық жарыста бақ сынағаным үшін Аллаға сансыз шүкір айтамын. Жарысты ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Мен туған жерім Марокконың бір мешітінде имамдық қызметтемін және медреседе ұстазбын. Мароккода 1,5 миллионға жуық Құран жаттаған қари бар. Халықаралық Құран жарыстарына марокколық қарилар жиі қатысады. Бізде қарилыққа баулу балабақшадан басталады. Мені де анам 4 жастан бастап Құран ға қызықтырды, кейін соңына дейін жаттап шығуыма әкем себепкер болды. Бала болып ойнадым, құрдастарыммен қатар оқыдым, спортпен де айналыстым. Ал Құранды бос уақытымда жаттадым. Қазіргі кезде жақсылықты жаюдың бір жолы әлеуметтік желі екені рас. Барлық әлеуметтік желіні мен де қолданамын. Ондағы мақсатым – адамдарға Құранды таныту, оған қызығып, үйреніп, жаттап жүргендерге қолдау білдіру.

Осы жарыста байқағаным, мешітке келуші жамағаттың Құранға деген ықыласы, махаббаты ерекше екен. Қарилар шыққанда оларды ұйып тыңдап, рухани әсер алып отырды. Шынында, Құранға құрмет мұсылманды жетістікке жетелейді. Онымен дос болу тек қана жақсылыққа кенелтеді. Діннен бөлек, басқа салаларда да білім алып көрдім. Сонда байқағаным, өзге саланы да тез үйреніп, жылдам жаттап алатын болдым. Бұл да Алла Тағаланың берген жеңілдігі деп түсінемін. Қазақстандық бауырларымызды да Құранды құрметтеуге, оны үйреніп, жаттап, соңына дейін жеткізуге шақырамын. Жаратқан Иеміз жақсылығын нәсіп етсін!» дейді жарыстың бас жүлде иегері Ілияс Хажри.