Исламдағы алғашқы азаншы кім?
Біз ол жайында не білеміз?
Ол адам Исламнан бұрын міскін және әлсіз құл ғана еді.
Алайда, Ислам діні оның дәрежесін көтерді.
Осындай адамның есімі кім?
Оның есімін мұсылмандардың барлығы жақсы көретін. Ол – Біләл бин Рибах (р.л.ғ.).
Біләл бин Рибах (р.л.ғ.) туысқандарынан және анасынан, елінен жырақ жерде Меккеде құлдықтың тауқыметін тартып, өмір сүріп жатты.
Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккенің атқа мінерлерін дінге шақыра барды. Алайда, олар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ды балағаттап, келемеж етіп, оған иман келтірмеді.
Сонда Алла Тағала мына аятты түсірді. Каһф сүресінің 28-ші аятында:
قال تعالي ** و اصبر نفسك مع الذين يدعون ربهم بالغدوة و العشي
يريدون وجهه و لا تعد عيناك عنهم تريد زينة الحيوة الدنيا و لا تطع من
اْغفلنا قلبه عن ذكرنا واتبع هواه و كان اْمره فرطا .28**
«Мұхаммед (с.ғ.с.) таңертең, кешке Раббыларына Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет. Дүние тіршілігінің сәнін қалап көзіңді басқаға аударма. Сондай-ақ, Біз: жүрегін, Бізді еске алудан кәперсіздендірген, әуеліне ерген және ісі шектен асқан біреулерге бағынба» (28).
Алла Тағала осы жоғарыдағы аятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ға:
– Я, Мұхаммед! Меккенің атқа мінер мүшріктеріне уақытынды зая кетірме. Олар адамдардың алдында атқамінер. Бірақ Алла Тағала алдында жай бір адам. Сол өркөкіректердің арқасында Ислам белең алады деп ойлама. Керісінше. Я, Мұхаммед! Сен Алланы және ахиретті қалайтындармен бол. Және міскін, әлжуаздармен бірге болып, оларды өзіңе тарт – дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы аяттағыдай міскіндер мен әлсіздерді дінге шақыра бастады. Сол әлсіз міскіндердің ішінде Біләл бин Рибахта бар еді.
Біләл бин Рибах (р.л.ғ.) иман келтіргенде мүшріктер жиналып, Біләлға қатты азап көрсетті. Оны иманынан қайтару үшін азаптың әр түрін істеді. Тіпті Меккенің 50° градус жалын атқан ыстығына арқасымен құмға жатқызып қойды. Мүшріктер Біләлға (р.л.ғ.) қандай азап көрсетсе де ол имандылығынан бас тартпады.
Әбу Бәкір (р.л.ғ.) Біләл (р.л.ғ.) азапталып жатқан жерге келіп, оның қожайынына Умия бин Халафқа: «Я, Умия! Мен Біләлді сатып аламын» деді. Умия бин Халаф: «10 динарға сатып ал» деді. Сонда Әбу Бәкір (р.л.ғ.) айтты: «Я, Умия! 100-мың динар десеңде Біләл (р.л.ғ.)-ны сатып аламын» деді. Әбу Бәкір (р.л.ғ.) Біләлді сатып алып азат етті. Әбу Бәкірдің осы істеген амалы үшін Алла Тағала мынадай аят түсірді.
Ләйіл сүресі (17-21) аяттары:
قال تعالي ** و سيجنبها الاْتقي 17 الذي يؤتي ماله يتزكي 18 و ما
لاْحد عنده من نعمة تجزي 19 الا ابتغاء وجه ربه الاْعلي 20 و لسوف
يرضي 21. **
«Тақуарақ болған одан ұзақтастырылады (17). Сондай малын сарып қылып тазарғандар (18). Оның онда ешкімге берер еселі сыйлығы жоқ. (Біреудің өзіне істегенінің бодауы үшін емес) (19). Бірақ ұлы Раббының ризалығын ғана іздейді (20). Сондай-ақ ол, таяуда разы болады (21)».
Әбу Бәкір (р.л.ғ.) Біләлді құлдықтан азат етті. Ол осы ісі үшін Біләлдан еш нәрсе талап етпейді. Өйткені, ол бұл істі тек Алла Тағаланың разылығы үшін істеді. Үсті басы жыртылып, денесінде сау жері жоқ, қатты азап көрген Біләлді Әбу Бәкір (р.л.ғ.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алып келді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Біләлді құшағына алып, оған дұға етіп, Исламдағы алғаш азаншы етіп тағайындайды.
Абу Дәуідте 4 т / 296, Имам Ахмет 5 т / 361, 371 хадистерінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қандай да бір қиындық жетсе Біләлға айтатын:
قال النبي صلى الله عليه وسلم * اْرحنا بها يا بلال . *
«Я, Біләл! Бізді азанмен демалтшы» дейтін. Сонда Біләл намазға азан айтатын.
Біләл (р.л.ғ.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) дәрет суын және аяқ киімін даярлап тұратын. Әрине, бұл әрбір мұсылман үшін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қызмет ету теңдесі жоқ үлкен бақыт. Міне, сол бақытқа Біләлдің (р.л.ғ.) қолы жетті.
Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Біләл (р.л.ғ.)-ға:
قال النبي صلى الله عليه وسلم لبلال * حدثني باْرجي عمل عملته
في الاسلام فاني سمعت دف نعليك بين يدي في الجنة .*
«Я, Біләл! Қандай амал істегеніңді айтшы. Өйткені, мен жәннатта сенің аяқ киіміңнің дауысын естідім» – деді.
Аллаһу Акбар – бұдан үлкен бақыт бар ма? Осы дүниеде жүріп, өзіңді жәннаттық екеніңді білу әрине, асқан бақыт. Біләл бин Рибах (р.л.ғ.) Пайғамбарымыздың сұрағына төмендегідей жауап берді.
فيجيب بلال رسول الله صلى الله عليه وسلم \ ما عملت عملا اْرجي
عندي من اْني لم اْتطهر طهورا في ساعة من ليل اْو نهار الا صليت بذلك
الطهور ما كتب لي اْن اْصلي .*
«Мен түнде болсын немесе күндіз болсын қандай да бір дәрет алсам, сол дәретпен міндетті түрде намаз оқимын» деді.
Бұл хадис Имам Бұхаридің 2/48 бетінде, Имам Муслимнің 4/1910-шы хадис кітаптарында айтылған.
Біләл (р.л.ғ.) жәннаттық. Оның жәннаттық екеніне Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) куәлік етті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабалармен бірге соғысқа шыққанда Біләлді әскерді күзетіп тұруға бұйырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім бізді намазға тұрғызады?» – деп сахабалардан сұрады. Біләл (р.л.ғ.): «Мен тұрғызамын. Я, Аллаһтың Елшісі!» – деп жауап береді.
Біләл (р.л.ғ.) түнімен намаз оқып, таңға жақын шаршап азырақ демін алуға жантаяды.
Біләл (р.л.ғ.) жантайып жатып қатты ұйқыға кетеді. Намаздың уақыты өтіп, тіпті күн шығып кетеді. Біләл (р.л.ғ.) ұйқыда, әскер ұйқыда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да ұйқыда.
Бірінші болып, Әбу Бәкір (р.л.ғ.) тұрады. Соңынан Омар (р.л.ғ.) тұрады. Омар (р.л.ғ.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ға жақындап келіп, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) оятуға ұялады. Өзінің ұстазы болған Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) «Намазға тұр» деп айтудан ұялады.
Өйткені, шәкірттің ұстазына бұлай айту лайықты емес. Омар (р.л.ғ.): «Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар» деп бірнеше рет дауыстайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл дауыстан оянады да Біләлді (р.л.ғ.) шақырады: «Я, Біләл! Бізді неге намазға оятпадың?» деп сұрайды. Біләл (р.л.ғ.): «Я, Алланың Елшісі! Сізді ұйықтатқандай мені де ұйықтатты» деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Біләлдің жауабына жымиып күледі де оған азан айтуын бұйырады. Біләл (р.л.ғ.) күн шығып кетсе де азан айтып Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және сахабалар намаз оқиды. Бұл айтылған хадис Сахих Бұхаридің (4/168-169 бет) және Сахих Муслимнің (1/474-475 бет) және Сахих Сунән Аби Дәуд (1/118-119) беттерінде келтірілген.
Осы оқиға Пайғамбарымыздың үмбетіне Алла Тағала тарапынан бір мейірімділік. Өйткені, егер намазың қаза болса оның өтеуі бар. Яғни, қаза болған намазды өтесеңіз сол намаз мойныңыздан түседі дегенді білдіреді.
Олай болмаса егер сіз намазды қандай да бір себеппен қаза қылып алсаңыз және оның өтеуі, яғни қаза қылып оқуға болмайтын болса қиямет күні әрине ауыр болар еді. Сондықтан, Алла Тағала Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның үмбетіне осындай жеңілдік берді. Қандай бір себеппен өткізіп алған намазды қаза қылып оқу арқылы мойнымыздан түсіруге болады екен.
Бірде сахабалар отырған жиналыста Абу Зар (р.л.ғ.) Біләлді (р.л.ғ.) «Я, қара нәсілдің баласы» деп ренжітіп қояды.
Расында, Ислам дінінде қара, ақ деп нәсілге бөліну жоқ.
Алланың алдында біз нәсілімізге байланысты дәрежеміз жоғары бола ма?
Әсте олай емес. Алла Тағала Хужурат сүресінің 13-ші аятында:
قال تعالي ** ان اْكرمكم عند الله اْتقاكم .**
اْبي
«Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың…»
Біләл (р.л.ғ.) Абу Зардың айтқан сөзіне қатты ренжіп, осы болған жағдайды Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ға айтты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы жағдайды естігенде қатты ашуланып, Абу Зарға: «Я, Абу Зар! Сенде әлі жәһилеттің белгілері бар» деді. Әрине, бұл Абу Зар үшін қатты сөз. (Имам Бұхари (1/13) Муслим (3/1282-83)).
Расында, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла Тағала мына аятымен дінге шақырды.
قال تعالي ** ان اْكرمكم عند الله اْتقاكم .**
اْبي
«Шындығында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың…» (Хужурат, 13 аят).
Бізді Алланың алдында дүниемізбен, атағымызбен және тегімізбен ардақты бола алмаймыз. Біз Алланың алдында тек тақуалығымызбен ғана ардақты бола аламыз. Олай болса неге біз адамдарды тегіне, түріне, жынысына қарап оларды төмендетеміз. Расында, бұл Исламдағы үлкен қателіктердің бірі және Ислам дінінің қабырғасын құлату болып табылады.
Имам Муслимнің хадисінде (2/603).
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айт намазын өткізіп болған соң Біләлға (р.л.ғ.) сүйеніп отырды» дейді. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Біләлді қатты жақсы көретін еді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мекке қаласын мүшріктерден азат еткенде алғаш болып Меккеде азан айту құрметіне ие болған Біләл (р.л.ғ.) еді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әскерімен Мекке қаласына кіріп, Қағбатулланың алдында тұрып Біләлді шақырып:«Ия, Біләл! Қағбаның табалдырығына көтерілде азан айт» деп бұйырды.
Міне, бұл діннің әділдігі емеспе және әлсіздер мен міскіндерге деген әділдік осы емес пе?! Кеше Меккеге құл болып келген қара нәсілдік деп арабтар менсінбеген Біләл бүгін қасиетті орынға шығып, бірінші болып азан айтуда.
Кешегі арабтардың мүшрік атқа мінерлері, байлары Абу Жаһл мен Абу Лаһаб қайда? Әрине олар тозақта.
Біләл (р.л.ғ.) Қағбаның табалдырығына көтеріліп, азан айтқанда жиналған мұсылмандар осы көріністі көріп, осы азанды естіп барлығы көздеріне жас алды. Өйткені, мұсылмандар армандаған Мекке бүгін қолдарына өтті. Меккенің аспанында Біләлдің азан айтқан дауысы шарықтады. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) көзіне жас алды.
Өйткені, осы Меккеде дін жолында мүшріктерден қандай қиыншылық көрген еді. Өзі жақсы көрген Меккені тастап Мәдинаға кетуге де мәжбүр болған еді. Енді міне Алланың жәрдемімен Меккеде өзінің жақсы көретін сахабасы азан айтып тұр.
Біләлға ұстаз болған және оны жақсы көрген. Біләл азаншы болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) имам болған. Ұстаз бен шәкірт, азаншы мен имам бірге өмірдің тәттілігі мен ащысында бірге болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірден өтуі оған қатты әсер етті.
Біләл (р.л.ғ.) таң намазына азан айтуға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітіне келді. Біләл: «Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар» деп айтып тұрып Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) михробына қарады, бос тұр. Үй жағына қарады, ол жақтан да ешкім байқалмайды. Біләлдің алқымына жас тығылды.
Ол өзін тежеп: «Ашһаду ән лә иләһә иллаллаһ, Ашһаду ән лә иләһә илаллаһ» деп айтып, азанды ары жалғастыра алмады. Көзіне жас толып алқымын өксік қысып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның үй жағына қарап қатты жылады. Намазға келген мұсылмандар: «Я, Біләл! Саған не болды?» дейді.
Біләл: «Азан айта алмаймын» дейді.
Халифа Әбу Бәкір: «Я, Біләл! Неге азан айтпайсың?» деп сұрайды.
Біләл: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нан кейін ешкімге азан айтпаймын» – дейді.
Омар бин Хаттабтың кезінде мұсылмандар Құдысты азат еткенде Омар: «Я, Біләл! Азан айт» дейді.
Біләл Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірден өткеннен кейін көп уақыттан кейін бірінші мәрте азан айтады. Мұсылмандар Біләлдің дауысын естіп барлығы жылайды. Өйткені, Біләлдің азаны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ды еске түсірді. Мұсылмандар сол заманды Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-мен бірге болған кездерін естеріне түсіріп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ды сағынғандықтан көз жастарына ерік береді.
Пайғамбарымызбен бірге болып және оның азаншысы болған Біләл расында бақытты екен.
Қиямет күні барлығымыз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның шапағатына бөленуімізді Алла Тағала нәсіп етсін. Әмин!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей аймағы бойынша өкіл имамы Маямеров Ержан Малғажыұлы.