ҚОҒАМДА АДАЛДЫҚТЫҢ, АДАЛ ЕҢБЕК ПЕН АДАЛ БОЛУДЫҢ МАҢЫЗЫ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Мұсылман адамның бойында болуы керек асыл қасиеттің бірі – адалдық. Алла Тағала қасиетті Құранда:

كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا 

«Таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер», – деп, мұсылман адамның жейтін асы адал, атқаратын ісі де ізгі болуы керектігін бұйырған («Муминун» сүресі, 51-аят).

Адам баласы адалдықты өмірінің өзгермес қағидасы ету арқылы Алла Тағаланың разылығына кенеледі. Өйткені адалдық тек қана асқа, ішіп-жеуде, не кәсіп жасауда ғана қолданылатын сипат емес. Қазақ халқында адал жан, адал дос, адал ас, адал жар, адал перзент сынды т.б. адал сөзімен байланысты ұғымдар өте көп. Бұдан адалдық мұсылманның әрбір ісінде қажет екенін аңғарамыз. Тәмим ибн Әус әд-Дәри (Алла оған разы болсын) бірде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الدِّيْنُ النَّصِيْحَةُ قُلْنَا: لِمَنْ يَا رَسُولَ اللهِ ؟ قَالَ: للهِ، ولكتابه، ولِرَسُوْلِهِ، وَلأَئِمَّةِ المُسْلِمِيْنَ، وَعَامَّتِهِمْ

«Дін – насихат (адалдық)», – деді. Біз: «Кімге қатысты?» – деп (сұрадық). Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға, Оның кітабына, Оның Елшісіне және мұсылмандардың басшыларына, сондай-ақ түгелдей барлық (мұсылмандарға) қатысты», – деді», – деген (имам Мүслим).

Құнанбай қажы мынадай өсиет қалдырған екен: «Абырой, атақ алу үшін – ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім… Өзіме елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ. Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарды. Мені ел – адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң, ақты жақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәрдем ет!».

Хазіреті Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Көркем мінез үш қасиетпен келеді: арамнан аулақ болу, адалды талап ету және отбасына кеңпейілді болу», – деген екен.

Бүгінгі жұма уағызымызда адал адамның бойында болуы керек негізгі сипаттарға тоқталамыз:

Бірінші: адал адам өтірік сөйлемейді

Адал адамның сөзі де ісі де шындыққа негізделіп, жалған мен өтірік атаулыдан аулақ болады. Өтірік – қоғамда адамдар арасында күмәннің тууына, ақиқаттың жоғалуына алып баратын, дінімізде екіжүзділердің сипаттарынан деп танылатын, үлкен күнәлі іс. Ғалымдарымыз өтірікті қандай да бір болған жағдай жайында дұрыс хабар жеткізбеу деп түсіндірген. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 119-аятында:

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар», – деп бұйырып, иман келтіргендерді шыншлыдармен бірге болып, өтірікшілердің қатарында болудан сақтандырған.

Адал адам ешуақыт өтірікті кәсіп етпейді. Өтірік айтып, алдап пайда табуды көздемейді. Ішкі жандүниесі таза, амалы да дұрыс адамның, сөзінде де жалған болмайды. Ал ішінде жоқ нәрсені бар етіп көрсетіп, көзбояушылық жасап, өтірік айту асыл дінімізде екіжүзді адамдардың сипаты ретінде айтылған. Хадисте:

آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلاثٌ: إذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ وَإِذَا اُؤْتُمِنَ خَانَ

«Екі жүздінің үш белгісі бар: сөйлесе өтірік айтады, уәде берсе   орындамайды, аманатқа қиянат жасайды», – делінген (имам Бұхари, Мүслим).

Жүрегінде иманы, бойында тақуалығы бар ізгі адам ешуақыт өтірік айтпайды. Шалкиіз Тіленшіұлы бабамыз: «Айдын сулар, аймақ көл тасыса дөңбек келтірер, көп өтірік, жаман сөз басыңа бәле келтірер», – деп ескертсе, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық», – деген.

Хакім Абай өз өлеңінде ақты қара деп, я  қараны ақ деп, өтірікті шын дейтіндерді:

Расы жоқ сөзінің,

Ырысы жоқ өзінің.

Өңкей жалған мақтанмен,

Шынның бетін бояйды… – деп сипаттаған.

Қисса

Баяғы бір заманда күнәсіз күні өтпейтін біреу болыпты. Бойында бір кісіден артып жығылатын міні бар екен. Күндердің күні Құдай жүрегіне һидаят беріп, түзелгісі келген көрінеді. Бірақ қалай түзелерін білмей басы қатады. Неден бастау керек деген сияқты ой мазалайды. Ақыры, бір ғалымға ақыл-кеңес сұрап іздеп барады. Осыншама күнә істен қалай құтыламын деген сауалына ғұлама бір ғана күнәдан арылуға кеңес береді. Адам баласына және өзіне өтірік айтпау керектігін түсіндіреді. Кез келген жағдайда шыншыл болуды талап етеді. Тіпті, оған ант-су ішкізіп уәдесін де алады. Бірер күннен кейін арақ ішкісі келіп жайғаса бергенде ғалымға берген уәдесі есіне түсіп: «Япырай, ғұлама сұрап қалса, ішпедім деп қалай айтам? Өтірік айтып құтыламын ба? Басқа-басқа уәдеде тұрмасам еркек атым қайда қалды? Жоқ, мұным болмас», – деп райынан қайтады. Қанша қиын болса да, сөзінде тұруға әрекет етеді. Ақыры ішпейді. Келесі күні бұрынғы әдеті бойынша тағы бір күнә жасамақ боп тұрғанда, шындықты ғана айтамын, бір ауыз сөз өтірік айтпаймын деген уәдесі есіне түсіп тыйылады. Осылайша, әлгі кісі жалған сөйлемеу және шыншыл болу арқылы жаман істерінен бір-бірлеп түгелдей арылған екен.

Екінші: адал адам адал кәсіп жасайды

Адамның екі дүние қадір-қасиетінің артуына, ешкімге мұқтаждық етпей, ар-намысын сақтауына себепші болатын іс – адал кәсіп жасау. Алла Тағала қасиетті Құранның «Майда» сүресі, 88-аятында:

وَكُلُوا مِمَّا رَزَقَكُمُ اللَّهُ حَلالا طَيِّبًا

«Алланың өздеріңе адал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» – деп бұйырған.

Арамдық, қулық-сұмдықтан ада болып, ешкімге қол жаймай, тіленшілік қылмай, өз маңдай терімен нәпақа табу – нағыз арлы, адал адамның сипаты. Адал жолмен нәпақа табатын адам ғибадат жасағандай болады. Хакім Абай: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол», – дейді.

Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасынан бір кісі өтеді. Ол адамның қайраты мен жігерін байқаған сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Мына адам Алланың жолында ма?» – деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, ол Алла жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, ол Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса, ол Алла жолында. Ал егер адамдарға көрсету үшін, риякерлік, мақтаншылық мақсатында шықса, ол шайтанның жолында», − деп жауап береді (имам Табарани).

Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَأَنْ يَأْخُذَ أَحَدُكُمْ أَحْبُلَهُ ثُمَّ يَأْتِيَ الْجَبَلَ فَيَأْتِيَ بِحُزْمَةٍ مِنْ حَطَبٍ عَلَى ظَهْرِهِ فَيَبِيعَهَا  فَيَكُفَّ اللَّهُ بِهَا وَجْهَهُ   خَيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَسْأَلَ النَّاسَ أَعْطَوْهُ أَوْ مَنَعُوهُ

«Анығында сендердің біреулеріңнің арқан алып, тауға барып, иығына отын көтеріп келіп, базарда сатып, сол арқылы Алла Тағала оны мұқтаж қылмағаны – оған кейде беріп, кейде бермейтін адамдардан сұрағанынан әлде қайда қайырлы», – деген (имам Бұхари).

Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,

Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.

Арың сатпа, терің сат, алалды ізде,

Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи – деген.

Үшінші: адал адам аманатқа қиянат жасамайды

Адал жанның тағы бір маңызды сипаты – аманатқа берік болып, өзгенің мал-дүниесін ақысыз емденуден сақтану. Шариғатта аманат деп сенімді адамға өзгенің уақытша сақтауға берген бағалы заттары мен қалдырған мүлікке айтылады. Аманатқа ешқандай зиян тигізбей, дәл сол күйінде иесіне қайтару – міндет һәм сауапты іс. Алла Тағала қасиетті Құранда:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ ۚ إِنَّ اللَّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُم بِهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا

«Шын мәнінде, Алла Тағала сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етер болсаңдар, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді. Расында, Алла сендерге нендей керемет насихат айтуда. Шүбәсіз Алла, толық естуші, бәрін көруші», – деп айтқан («Ниса» сүресі, 58-аят).

Аманатқа берік болу – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойында болған асыл қасиет. Дүние есігін ашқаннан, ғұмырының соңғы сәтіне дейін оның мүбәрак аузынан жалған сөз, ісінде өзгелерге деген болған жоқ. Пайғамбарлық келмей тұрып, Құрайыш халқы Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адалдығы, шынайылығы, аманатқа беріктігіне қатысты «Әл-Әмин» деп атады. Пайғамбарлық берілгеннен кейін де мүшриктер өз дүниелерін оған сеніп тапсыратын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке шаһарынан Мәдинаға қоныс аударған уақытта өзіне аманатқа берілген дүние-мүлікті өз иелеріне қайтару үшін хазіреті Әлиді (Алла оған разы болсын) орнына қалдырып кеткен болатын. Құрайыш қауымы хақты мойындамаса да, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адалдығын, аманатқа беріктігін мойындаған болатын.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ізгі қасиеттің өзге де мұсылмандардың бойында болғанын қалап:

أدِّ الْأمَانَةَ اِلَى مَنْ اِئْتَمَنَكَ و لاَ تَخُنْ مَنْ خَانَك

«Саған сенім білдіргеннің аманатын тапсыр. Біреу саған қиянат жасаған болса, сен оған қиянат жасама», – деп өсиет айтқан (имам Әбу Дәуіт).

Төртінші: адал адам әр істе әділ болады

Адалдық пен әділдік егіз ұғым. Өйткені адал жан өзгелермен әділеттілікпен қарым-қатынас жасайды. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَقُلۡ ءَامَنتُ بِمَآ أَنزَلَ ٱللَّهُ مِن كِتَٰبٖۖ وَأُمِرۡتُ لِأَعۡدِلَ بَيۡنَكُمُۖ ٱللَّهُ رَبُّنَا وَرَبُّكُم

«Мен Алла түсірген Кітапқа иман келтірдім. Мен араларыңда әділ болуға бұйырылдым. Алла біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың!» – деп айтқан («Шура» сүресі, 15-аят).

Әділеттілік қағидасы болмаған жерде хақ, құқұқ, ынсап және теңдіктің болуы мүмкін емес. Мәшһур Жүсіп бабамыз: «Алла Тағала пенделеріне ғаділменен әмір қылған. Ғаділдік деген әр нәрсенің ортасы. Қалыбынан асырмай, не кем соқтырмай, орта қып ұстауды «ғаділ», – деп соны айтады. Әуелде адам өзінің ғытиқадында («иғтиқад» сенімінде) ғаділ болу керек. Екінші, пенде өз пиғылында ғаділ болу керек. Үшінші, пенде Құдай тағалаға қылған ғамалында ғаділ болу керек. Төртінші, мінезде ғаділ болу керек», – дейді.

Дана халқымыз: «Әділ іс ағын судың арнасындай, Әділ сөз болат семсер алмасындай», «Әкімің әділ болмаса жұрт бұзылады, Саудаң әділ болмаса нарық бұзылады» деп ұлыттық құндылығымызды айшықтап кеткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисте:

إِنَّ الْمُقْسِطِينَ عِنْدَ اللَّهِ تَعَالَى عَلَى مَنَابِرَ مِنْ نُورٍ الَّذِينَ يَعْدِلُونَ فِي حُكْمِهِمْ وَأَهْلِيهِمْ وَمَا وَلُوا

«Әділдікті ғұмырының темірқазығы етіп, турашыл болғандар (о дүниеде) Алланың құзырында нұрлы мінберлерде отыратын болады. Олар – үкім шығарғанда, отбасы мүшелеріне және өздеріне бағынышты жандарға қатысты әділ болғандар», – деген (имам Мүслим).

Абай Құнанбайұлы:

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шапғат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз

Біте қалса қазаққа,

Алдың – жалын, артың – мұз,

Барар едің қай жаққа? – деп ақыл мен қайрат, әділет пен шапғатсыз рухани сау емес адамның бойында табылса, қасіретке душар ететін себеп екенін өлең жолдарымен жеткізеді.

Қисса

Әділдігімен, адалдығымен танылған халифа Омар (Алла оған разы болсын) бірде мемлекет қазынасынан барлық адамға мата таратады. Екінші күні мінберге шығып сөйлей бергенде бір адам: «Уа, Омар! Сен біздің алдымызда сөйлеуге ақың жоқ. Себебі кеше қазынадан барлығымызға мата тараттың. Бірақ сол мата ешбірімізге киім тігіп алуға жетпеді. Ал өзің киім тігіп алыпсың. Бұл әділетсіздік!» – деген кезде Омар қасындағы баласына: «Уа, ұлым Абдулла! Мұның жауабын сен түсіндіріп берші», – дейді. Сонда Абдулла: «Әкем кеше маған әрі өзіне мата әкелді. Ол мата не өзіне, не маған киім тігуге жетпеді. Кейін әкеме: «Сіз елдің алдында көп жүресіз. Мүминдердің әміршісі мына жыртық, жамау киіммен жүргені ұят болады», – деп өзімнің матамды берген едім. Осылайша әкем екі матаны қосып бір киім тігіп алып, сіздердің алдарыңызға шығып тұр», – деді. Мұны естіген әлгі адам да, халық та Омардың әділдігіне дән риза болған екен.

Қадірменді  жамағат!

Адалдық адамның адамгершілігін арттырып, қоғамның ізгі болуына ықпал ететін маңызды сипат. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәидә» сүресі, 8-аятында:

          يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِين ءَامَنُواْ كُونُواْ قَوَّٰمِينَ لِلَّهِ شُهَدَآءَ بِٱلۡقِسۡطِۖ وَلَا يَجۡرِمَنَّكُمۡ شَنَـَٔانُ قَوۡمٍ عَلَىٰٓ أَلَّا تَعۡدِلُواْۚ ٱعۡدِلُواْ هُوَ أَقۡرَبُ لِلتَّقۡوَىٰۖ وَٱتَّقُواْ ٱللَّهَۚ إِنَّ ٱللَّهَ خَبِيرُۢ بِمَا تَعۡمَلُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Алла үшін қолдарыңнан келгенше турашыл, куәлікке жүргенде қара қылды қақ жарған әділ болыңдар. Қайсыбір қауымға деген өшпенділіктерің сендерді әділетсіздік жасауға итермелемесін. Әрдайым әділ болыңдар, біле білсеңдер, тақуалыққа ең жақыны, ең лайығы, міне, сол. Алладан қорқыңдар. Шүбәсіз, Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар», – деп, адалдық мүминді тақуалыққа жеткізетін ең тура жол екенін ескертеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», – деді.

Қорыта айтқанда, адамзат баласы әрдайым адалдықтан айнымай, адал өмір сүруге талпынуы тиіс. Ясауи бабамыз: «Сенген құлдар – адалдар, садақамен тұрады, дүние-мүлкін сарп етіп жұмақ хорын құшады. Құл Қожа Ахмет, білгейсің, Хақ жолына кіргейсің, Хақ жолына кіргендер: Хақ дидарын көреді» деген жолдарында Алланы Жаратушы ретінде білгендер адалдық пен садақаны жасайды, байлығын мұқтаждарға береді, нәтижесінде кемелденудің мұратына – Хақпен жүздесуге мүмкіндік алады дейді.

Алла Тағала баршамыздың адал да әділ жандардан болуымызды жазып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі