Серікхан Рымханұлы: ҚАБІР ӘЛЕМІ

ОЙЛАСАҢ СҰРАҒЫН ҚАБІРДІҢ, БІЛЕСІҢ ӨМІРДІҢ ҚАДІРІН!

Мейірімді Раббымыз Алла тағала Құран кәрімде:

كُلُّ نَفْسٍ ذَائِقَةُ الْمَوْتِ

«Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады»[1], -дейді.

Бұл аятта Жаратушы Иеміз адам баласының мына жалған дүниеде мәңгі қалмайтынын айтып тұр. Әрбір адамның тағдырына жазылған белгілі ғұмыры біткеннен кейін, топырақтан шыққан тән топыраққа қайта тапсырылады.

Адам баласы мейлі су астында, мейлі ғарышта, мейлі денесін жағып күлге айналдырып жіберсін, сонда да міндетті түрде қабір әлеміне, қабірдегі өмірге соқпай өте алмайды.

Қасиетті Құран кәрімде Нұх ﴾а.с.﴿ пайғамбардың қауымы жайлы:

 مِمَّا خَطِيئَاتِهِمْ أُغْرِقُوا فَأُدْخِلُوا نَارًا

«Суға батырылады да, отқа салынады»,- деген аяттағы[2] «фә» жалғауы араб тілінде істің бірден болғандығын білдіреді. Демек Нұхқа ﴾а.с.﴿ иман келтірмеген қауымның суға батып өлгеннен кейін бірден отқа салынғандығы айтылып тұр. Ондай болса, ол от қияметтегі азап емес, керісінше қабірдегі азаптың ақиқаттығының дәлелі.

Бұл өмірде әрбір адамзаттың сағаттары мен минуттары санаулы. Сол санаулы сәттер біткеннен кейін пенденің тәні жанынан ажырайды. Ғалымдар бұл өткінші өмірді мәңгілік өмірмен былай салыстырады. Алла адамзатқа ұйықтағанда нәсіп болатын жасырын бір өмір тәріздес түс деген нығметті берген. Кейбіреулер ояна салып: “түнімен түс көріп шықтым”деп жатады. Алайда адам ешқашан түнімен түс көрмейді екен. Қысқа болса, мейлі қаншалықты ұзақ болсын адам кез-келген түсті сегіз-ақ секунд көреді. Ғалымдардың айтуы бойынша бұл өмір сол сегіз секундтық түс болса, ал мәңгілік өмір бір адамның осы дүниеде жасаған 80 жылдық өмірі сияқты дейді. Сонда адам баласы бұл өмірде 80 жыл өмір сүрсе де мәңгілік өмірмен салыстырғанда сегіз секундтық өмірмен тең көрінеді. Адамның ақырет үшін жинаған жемісі ең бірінші қабірде беріледі. Бұл өмірді Аллаға шын берілумен, тақуалықпен, құлшылық ғибадатпен өткізсе ол адамның қабірі жәннаттың бір бағына айналады, ал егер адам өмірін ғапылдықта дінсіз, Алласыз өткізсе оның қабірі жәһәннамның бір шұңқырына айналары сөзсіз. Алланың елшісі ﴾с.а.у﴿ бір сөзінде: «Қабір жәннат бақтарынан бір бақ немесе тозақ шұңқырларынан бір шұңқыр».

Пенденің уақыт-сағаты біте салысымен екі періште оның жанын көкке көтеріп әкетеді. Әбу Һұрайра ﴾р.а.﴿ Пайғамбарымыздың ﴾с.а.у﴿: «Мүміннің рухы шықса, оны екі періште алып көкке көтеріледі», – дегенін риуаят еткен.

Адамдардың істеген істеріне орай, жанның тәннен ажырауы мен көтерілуі екі түрлі көріністе жүзеге асады.

Салиқалы пенденің рухының көкке көтерілуін пайғамбарымыз ﴾с.а.у﴿ сахабаларына бүге-шігесіне дейін сипаттап: «Егер (мүміннің) рухы (тәнін тастап) шықса, оған аспан мен жердің арасындағы барлық періште және аспандағы әрбір періште игілік тілейді. Ол үшін аспан есіктері ашылып, оған әр есіктің тұрғындары дұға етеді. Егер оны (өлім періштесі) алса, оны қас қағым сәтке де (басқа періштелер) алғанша қолынан түсірмейді. Олар оны жәннаттан әкелген кебінге орап, жәннаттан әкелген жұпармен хош иістендіреді. Алла тағаланың:

وَيُرْسِلُ عَلَيْكُمْ حَفَظَةً حَتَّى إِذَا جَاءَ أَحَدَكُمُ الْمَوْتُ تَوَفَّتْهُ رُسُلُنَا وَهُمْ لَا يُفَرِّطُونَ

«Елшілеріміз (періштелеріміз) жанын алады әрі ешқандай кемістік жасамайды»[3],  – деген сөзінің мәнісі осы. Және одан (рухтан) жер бетінде теңдесі болмаған жұпардың хош иісіндей жағымды иіс шығады. Сосын оны алып, жоғары шығады. Қашан олар періштелер тобының қасынан өтсе, олар (періштелер): «бұл кім деген жақсы рух?» – деп сұрайды. Олар (алып бара жатқан періштелер): «Бұл пәленше ұлы пәленше!» – деп, оны дүниедегі ең көркем есімдерімен таныстырады. Сөйтіп, олар төменгі аспанның соңына жетеді. Содан соң (аспан күзетшілерінен) кіруге рұқсат сұрайды да, ол үшін (аспан) ашылады. Оны әрбір аспаннан жақындары (періштелер) келесі аспанға дейін шығарып салады. Сөйтіп, ол жетінші аспанға жетеді. Сонда Алла тағала: «Пендемнің кітабын ең жоғары дәрежелердің қатарында жазыңдар деді»,-деп айтқан. Мұнан кейін Пайғамбарымыз ﴾r﴿ Алла тағаланың:

 وَمَا أَدْرَاكَ مَا عِلِّيُّون.كِتَابٌ مَرْقُومٌ

«Ең жоғары дәреженің не екенін қайдан білесің? Ол – жазулы бір кітап. Оны Аллаға жақын періштелер бақылайды»[4], – деген сөздерін оқыды.

Пайғамбарымыз ﴾с.а.у﴿ сөзін жалғастырып: «Сөйтіп, оның кітабы ең жоғары дәрежелердің қатарында жазылады. Сосын Алла тағала періштелерге: «Оны жерге қайтарыңдар! Расында, мен оларды содан жараттым және оған қайтарамын. Сосын одан қайта шығарамын», – дейді», – де. Осы оқиғадан кейін қабірдегі «Барзақ» өмірі басталып кетеді.

Ал күнәһар пенденің жанының көтерілуіне тоқталар болсақ: Пайғамбарымыз ﴾с.а.у﴿ кәпір яки күнәһар адамнан алынған рухы туралы: Оны (мәйтті) аспан мен жердің арасындағы әрбір періште лағынеттейді және оған аспан есіктері жабылады. Әр есіктердің тұрғындары Оның рухының өздері жаққа көтерілмеуіне Алладан дұғамен тіледі. Өлім періштесі оның жанын алады. Жанын алып болған соң, оны қас-қағым сәтке болса да қолында ұстап тұрмайды. Сосын оны басқа періштелер от кебінге салады. Одан жер бетінде болмаған өлексенің сасық иісі шығады. Сөйтіп, оны жоғары алып шығады. Олар қашан бір топ періштенің жанынан өтсе, ол (періштерлер): «Бұл жаман рух кім?» – деп сұрайды. Олар: «Бұл пәленше ұлы пәленше!»- деп, дүниедегі оның ең ұнамсыз аттарымен таныстырады. Сөйтіп, төменгі аспанға жетіп, кіруге рұқсат сұрайды, сонда оған аспан ашылмайды, – деп айтқан. Мұнан кейін Пайғамбарымыз ﴾r﴿: Алла тағаланың:

إِنَّ الَّذِينَ كَذَّبُوا بِآَيَاتِنَا وَاسْتَكْبَرُوا عَنْهَا لَا تُفَتَّحُ لَهُمْ أَبْوَابُ السَّمَاءِ وَلَا يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ حَتَّى يَلِجَ الْجَمَلُ فِي سَمِّ الْخِيَاطِ وَكَذَلِكَ نَجْزِي الْمُجْرِمِينَ

«Оларға көктердің есіктері ашылмайды. Және олар түйе иненің көзінен өткенге дейін жұмаққа кірмейді. Осылайша бұзақыларды жазалаймыз»[5] – деген аятын оқыды.

Пайғамбар ﴾с.а.у﴿ сөзін жалғастырып: «Сосын Раббымыз: «Оның кітабын сижжинде, ең төменгі жерде жазыңдар! Құлымды жерге қайтарыңдар! Расында, мен оларды содан жараттым және оған қайтарамын. Сосын одан қайта шығарамын!» – дейді. Сөйтіп, оның рухы аспаннан жерге қарай лақтырылады», – деген. Содан соң Пайғамбар ﴾с.а.у﴿ Алла тағаланың:

 حُنَفَاءَ لِلَّهِ غَيْرَ مُشْرِكِينَ بِهِ وَمَنْ يُشْرِكْ بِاللَّهِ فَكَأَنَّمَا خَرَّ مِنَ السَّمَاءِ فَتَخْطَفُهُ الطَّيْرُ أَوْ تَهْوِي بِهِ الرِّيحُ فِي مَكَانٍ سَحِيقٍ

«Кім Аллаға ортақ қосса, сонда ол көктен құлап, оны құс іліп әкететін немесе оны ұзақ мекенге жел ұшырып кететін нәрсе сияқты»[6], деген аятын оқыған[7].

Адам баласы бұл өмірде қалай өмір сүрсе, қабірде де дәл сол күйде болады. Алланың қалауымен адам қабірдегі құбылыстардың бәрін көріп, ести де алатын болады. Бұған дәлел ретінде Мұхаммед ﴾r﴿: Еш күмәнсіз, өлген кісі көмілгеннен кейін, көміп кетіп бара жатқан адамдардың аяқ дауыстарын еститіндігін,- айтқан[8].

Пайғамбарымыз Мұхаммед ﴾с.а.у﴿ Бәдірде өлтірілген кәпірлерді бір құдыққа тастауға әмір етті. Ертесіне Пайғамбарымыз ﴾с.а.у﴿ сол жерге барып олардың әрқайсысының есімін әкесінің есімімен қосып: «Ей, пәленше ұлы пәленше» деп атады да былай деді: «Раббыларының сендерге берген азабын көрдіңдер ме? Еш күмәнсіз, Раббымның маған сөз берген  жеңісін көрдім», – деді. Оны естіген Хазіретті Омар ﴾р.а.﴿: «Уа, Алланың елшісі! Сен өлген біреулермен сөйлесіп жатырсыңба? – деді. Бұған Пайғамбар ﴾с.а.у﴿: «Мені хақ дінмен жіберген Алланың атымен айтайын, тіпті сен мені олар сияқты жақсы ести алмайсың»[9], – деді.

Қабірдің өзі адам үшін әзірленіп, қайтқан кісі жақсы амал етсе, жерде ол адам үшін жұмсақ, әрі жайлы болады. Ал, адамның жасаған амалы жаман болса, жер де қатулық танытып, тіпті адамды қабылдамауы да мүмкін болатын кездер болады. Адам қабірге қойылғаннан кейін Алланың рұқсатымен екі періште ол адамды сұрақтың астына алады. Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа ﴾с.а.у﴿ өлген кісі көмілгеннен кейін, оған қапқара екі періште келеді. Бұлардың бірі Мүнкәр, екіншісі Накир есімді екі періште. Өлген кісіге Алланың бұйрығымен оған рухын қайтарады да, сұраушының сұрағын түсінерліктей өлім мен тіршіліктің арасында орташа бір халде тірілтеді де, сезімдері мен ақылын қайтарады. Сөйтіп, ол сұралған кезде жауап беруге шамасы келеді, сол кезде оған екі періште: Раббың кім?, дінің не? және сендерге жіберілген кісі жөнінде не айтасың? деп сұрағанда мүмін адам: Раббым – Алла, дінім – Ислам, бізге жіберілген пайғамбар – Мұхаммед ﴾с.а.у﴿ деп жауап береді. Сонда екі періште оған: «ана тозақтағы орныңа қара! Алла оны саған жәннаттағы бір орынмен ауыстырып қойды»,-деп баян етеді. Бұдан кейін қабір жетпіс есе кеңейтіліп, жап-жарық болып нұрға толады. Ал дінсіз немесе екіжүзді адам болса: «білмеймін, ол жайында адамдар не айтса, соны айтар едім»,-дейді. Сонда періштелер: «сен оны айтпадың да, білгің де келмеді»,-дейді. Кейін оған лайықты азап беріледі. Періштелер жерге: «оны қыс»,- деп әмір етеді. Жер адамды қысады да, оның қабырғалары бір-біріне кіріп кетеді. Алла ол адамды қайта тірілетін күнге дейін азаптайды[10].

Осман ибн Аффан ﴾р.а.﴿ қабір қасында отырып қатты жылайды. Қасындағылар жәннат пен тозақты ойлап жыладыңыз ба? – деп сұрайды»,-жоқ, оған емес, ақиқатында, қабір-ақырет мекендерінің бірі, кім қабірдің сұрағынан жеңіл құтылса, одан кейінгі сұрақтар жеңіл болады»[11],-деді.

Әбу Ләйс Самарқанди: «Егер мына жерге тіл бітетін болса, адам баласына былай айтар еді: «Ей, адам баласы, үстімде жүресің, ішімде қамалып жатасың, үстімде кез-келген нәрсені жейсің, ішімде сені құрт-құмырсқалар жейді, үстімде мәз-мейрам болып күлесің, ішімде қайғырып жылайсың, үстімде топпен жүресің, ішімде жалғыз қаласың, үстімде күнә жасайсың, ішімде азапталасың»,-деп айтқан болар еді. Көріп тұрғанымыздай әр адамның кездесетін әлемі қабір болады. Бірақ қабірдегі халымыз жақсы болу үшін біздің бүгінгі амалымыз ізгі болуы тиіс. Кім қабір азабынан құтыламын десе, ғалымдар төрт амалды жасап, төрт нәрседен бойын аулақ ұстау керектігін айтқан.

Жасалынуы тиіс төрт амал:

  1. Намаздарға бекем болу;
    2. Садақаны көп жасау;
    3. Құранды көбірек оқу;
    4. Алланы көп ұлықтау.

Аулақ болатын төрт нәрсе:

  1. Өтірік айтпау;
    2. Ешқашан қиянат жасамау;
    3. Бүкіл өсекшілердің бәрі күнәһәр;
    4. Зәрден сақтану.

Кім осындай жақсы амалдарды өзіне серік етіп, ғұмырын салиқалы өткізсе оның қабірі, жанының  рақаты болары сөзсіз. Ал кім осынау өткінші өмірде бойын күнәлі істерге жеңдіріп, нәпсісіне ерік берсе қабірдегі халінің мүшкіл болатыны да ақиқат десе және тағы бір риуаятта Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ қабірлердің жанынан өтіп бара жатып, екі қабір иесі жағдайын баяндап: «Расында, бұл екеуі азапталып жатыр, бірақ үлкен күнәмен азапталып жатқан жоқ. Кейін, «иә, ол екеуінің бірі сөз тасып жүретін еді, ал екіншісі кіші дәреттен кейін тазаланбайтын еді»,-деді.

Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ қабірлердің жанынан өткенде олардың дауысын еститін болған. Егер адамдарда қабір азабының даусын есту қабілеті болғанда, қабірге деген қорқыныштан олар бірін-бірі жерлемей, тіпті өмір сүруінің өзі қиындап кетер еді.

Әбу Айюб әл-Ансари ﴾р.а.﴿: «(Бірде) Алла елшісі ﴾с.а.у.﴿ күн батқаннан кейін (тысқа) шықты. (Кенет) дауыс естіді. Сонда (сахабалар): «Не естідің, уа, Алланың елшісі?» – деп сұрады. Алланың елшісі ﴾с.а.у.﴿: «Яһудилер қабірлерінде азапталып жатыр деп айтты»[12], – деген.

Өмір ақиқат, өлім ақиқат. Расында, өмір өткінші, алдамшы, өзіндегі барымен адамзатты арбап, жалғанды шындай етеді. Айналаңда қоршаған ортаң, жақындарың, бала-шаға, ата-ана, байлық, билік, бәрі, бәрі де қалар бір күні. Негізінде, нағыз өмір өлімнен кейін басталады. Қараңғы қабір, көр, мола, құрт-құмырсқаның илеуі болған қорқынышты бір мекен. Ол жерде жаныңа жақын болған еш нәрсе болмайды. Керісінше, тіршілікте естігенде жаның түршігерлік ащы шындық, кигенің көргің келмеген кебін, бар болғаны сол. Дегенмен қабіріміздің кең немесе тар болуы, ол тағы да, адамзаттың таңдауына берілді. Яғни қабірді кеңейтетін қабір қазушының күрегі емес, адамның иман толған жүрегі. Қабір біздің көз-көріп құлақ естімеген бір жай. Әбу Бакр ﴾р.а.﴿ айтады: Ақыретіне еш азық жинамай өмірден өткен адам, бейне бір ашық теңізге кемесіз тасталынған адаммен тең. Олай болса сол бір өлмес өмір келместен, есігімізді ажал періштесі қақпастан бұрын, ізгілікті іс жасап, келген жерімізбен, келудегі мақсатымызды және барар жерімізді еш естен шығармағанымыз жөн шығар, сірә! Біз қалайық, мейлі қаламайық, Алланың ажалы келері хақ! Алайда Алладан сұрарымыз Алланың тек қана ақ өлімі. Ащы тұз тамақтың дәмін кіргізгені тәрізді, өлім, бәлкім өміріміздің мәнін кіргізеді. Қашан түбінде қайтар жері Ұлы Раббымыз Алланың алды екенін білген жан иесі, әр басқан қадамы мен әр айтқан сөзі үшін ертең қияметте сұралатынын біліп, кез-келген ісіне саналы түрде қарайтынына еш талас жоқ.

Алла тағала баршамызға екі өмірдің рақатын сыйлап, қабір азабынан сақтап, мәңгілік жәннат бақтарында болуымызды нәсіп етсін!

Серікхан Рымханұлы
ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы

 

[1] «Әли Имран» сүресі, 185-аят.

[2] «Нұх» сүресі, 25-аят.

[3] «Әнғам» сүресі, 61–аят.

[4] «Мутаффифин» сүресі, 19-21 аяттар.

[5] «Ағраф» сүресі, 40-аят.

[6] «Хаж» сүресі, 31-аят.

[7] Ахмад.

[8] Бұхари.

[9] Бұхари, Мүсілім.

[10] Тирмизи.

[11] Тирмизи.

[12] Әл-Бұхари, Мүсілім.

[youtube height=”400″ width=”590″]https://www.youtube.com/watch?v=0MXY-Xztqo0[/youtube]