Абай Хәкімнің «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, және хақ жол осы деп әділетті» – деп айтқанындай дініміз Ислам адамдар арасында бауырмашылық пен өзара сүйіспеншілікке шақыратын дін. Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистеріне үңілер болсақ адамзатты көркем мінезге баулып, жамандық атаулыдан бойын алыс ұстауға үйретеді. Осы арқылы адамды алдымен өзін жақсылыққа өзгертіп, сол ізгіліктің нұрын айналасындағы шашып, тіпті қоғамның жақсаруына өзіндік үлесін қосуға тәрбиелейді. Дініміздің бізден талап ететін осындай сипаттарының бірі -жамандық жасағанға қарсы жақсылықпен жауап қату. Дін қағидаларын өміріндегі заңдылыққа айналдырып, салт – дәстүрімен дінін ұштастыра білген дана халқымыз бұндайда: «таспен ұрғанды аспен ұр» немесе «жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», – деп жатады. Қасиетті Құранда бұл турасында:
ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِي بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَأَنَّهُ وَلِيٌّ حَمِيمٌ
«Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл) Сол уақытта сені мен екеуің араңда дүшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді»[1].
Айналысындағы адамдармен қарым-қатынаста адамдар үш түрлі болып келеді:
Бірінші: Өзіне жасалған қарым-қатынастан төмен дәрежеде қарым-қатынас жасайтындар;
Екінші: Өзіне қандай дәрежеде қарым қатынас көрсетсе, тура сондай қарым- қатынас жасайтындар;
Үшінші: Өзіне жасалған қарым-қатынастан жақсы қарым жасайтындар;
Осының ішінде дініміздің бізден талап ететіні үшіншісі. Сыйлағанмен сыйласу, жылы жүз танытқанға ғана жылы қабақ таныту, сыйлық бергенге ғана сыйлық беру деген сияқты жақсылық жасаған адамына ғана жақсылық жасау мұсылман адам үшін жеткіліксіз. Өйткені біздер Құран аяты бойынша жамандық жасаған адамның өзіне жақсылықпен жауап беруге міндеттелгенбіз. Жоғарыдағы келтірілген «Фуссилат» сүресіндегі аятқа назар аударсақ Алла Тағала жамандық жасаған адамға тек «хасан» яғни жақсылық жаса деп емес, «ахсан» яғни «ең көркем түрде жақсылық жаса»,- деп бұйырған. Адамзаттың ұлы ұстазы болған Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса:«Сендер үшін жақсылық жасағандарға жақсылық жасау, жамандық істегендерге қарсы жамандық істеу – жетістік емес. Нағыз жетістік – сендерге жамандық жасағандарға қарсы дәл сондай жамандық қылмай, жақсылық жасай білу»[2]-деп айтқан.
Қашанда сөзі мен амалы сәйкес келген Пайғамбарымыз (с.а.у.) бойында осынау сипаттың көрініс табуы себепті көптеген адамдардың, тіпті дін дұшпандарының өзінің ақиқатты мойындап, жүректерінде иман нұрының орнауына себепші болған. Ал жамандыққа жамандықпен жауап беру – адамның бойындағы кемшілік пен кемістіктің белгісі. Кейде адам жамандыққа жақсылық жасаудың керектігін, ол істі орындау діннің талаптарынан екенін біле тұра, сондай жағдайға тап бола қалса ашу, кек, ыза, өшпенділік сияқты жаман қасиеттерден асып түсеалмай, нәпсінің жетегіне еріп кететін жайттарда жиі кездесіп жатады. Дін ғалымдары жамандыққа жақсылық жасауға себепші болатын кейбір факторларды көрсеткен. Олар:
Бірінші:Жамандыққа жақсылық жасау Алла Тағаланың бұйрығы екенін әрдайым есте ұстау: Құран аятында Алла Тағала біздерге жамандыққа қарсы жақсылық жасауымызды бұйырған. Сол үшінде әрбір мұсылман адам бұл істі өзінің мұсылмандық міндеті деп білуі қажет.
Екінші: Дұға етіп, Алла Тағаладан жәрдем сұрау;
Құранның «Мүминун» сүресінде жамандыққа жақсылық қылу турасында мынадай аят келеді:
ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ السَّيِّئَةَ نَحْنُ أَعْلَمُ بِمَا يَصِفُونَ
.وَقُل رَّبِّ أَعُوذُ بِكَ مِنْ هَمَزَاتِ الشَّياطِينِ
.وَأَعُوذُ بِكَ رَبِّ أَن يَحْضُرُونِ
«Жамандықты ең көркем жақсылықпен кетір. Олардың баян еткен нәрсесін жақсы білеміз. Әрі «Раббым! Шайтандардың түртпектерінен саған сиынамын» де. «Раббым! Олардың жаныма келуінен де саған сиынамын»[3]. Қандай да бір адамға жамандық жасалғанда, лағынет шайтан оны жамандықпен жауап бергізу үшін бар ынта-жігерін салып азғыруға тырысатыны мәлім. Осы себепті де Алла Тағала Құран аяттарында біздердің былай деп дұға етуімізді үйреткен: «Раббым! Шайтандардың түртектерінен саған сиынамын. Раббым! Олардың жаныма келуінен де саған сиынамын».
Үшінші: Жамандық жасаған адамды кешіре білу:
«Әр адам қателесуші, бірақ сол қателік жасаушылардың жақсылары тәубе еткендері»,- деп хадисте айтылғанындай, әр адам қателесіп, әрі сол қателігі мен күналарының кешіруін Жаратушысынан үміт ететіндігі мәлім. Ал енді Жаратушысынан кешірім үміт ете тұра басқаларға кешір танытпау мүмін адамға тән қылық емес. Құранда кешірімділік турасында былай делінген:
وَسَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالأَرْضُ أُعِدِّتْ لِلْمُتَّقِينَ
الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ
«Раббыларыңның жарылқауына мен тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жәннәтқа асығыңдар. Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді»[4]. Аталмыш аятта «ашуларын жеңушілер» делінгеннен кейін бірден «адамдарды кешірім етушілер», – деп бекер айтылмаған. Өйткені бір адамдар ашуын басқанымен жүректе кек сақтап қалуы мүмкін. Ал енді Алланың жаннатына лайық болған пендесі ашуын басады әрі жүректе ешқандай да кек сақтамай бірден кешіріп жібереді.
Төртінші: Қателікті өзінен іздеуі;
Әлемді өзгерткісі келген адам бірінші өзін өзгертсін демекші, қандай да бір адаммен келіспеушілік туыла қалған жағдайда мұсылман адам әрқашан қателікті бірінші өз басынан іздегіні жөн. Құран аятттарында бұл жөнінде былай делінген:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا عَلَيْكُمْ أَنْفُسَكُمْ لاَ يَضُرُّكُم مَّن ضَلَّ إِذَا اهْتَدَيْتُمْ إِلَى اللهِ مَرْجِعُكُمْ جَمِيعًا فَيُنَبِّئُكُمْ بِمَا كُنْتُمْ تَعْمَلُونَ
«Әй мүміндер! Сендер өздеріңді түзелтулерің керек. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқан біреу сендерге кесір тигізе алмайды. Барлықтарыңның барар жерлерің Алла жақ. Сонда Алла сендерге не істегендеріңнен хабарын береді»[5].
Бесінші: Жамандыққа қарсы жақсылықпен жауап қайтарудың сауабы жөнінде ойлану;
Адам өз нәпсісін тәрбиелеуде қандайда бір жаман сипаттан арылу үшін оның күнасы мен зиянын, ал қандайда бір жақсы сипатқа ие болу үшін оның сауабы жөнінде білуі өте маңызды. Алла Тағала Құранда «Фуссилат» сүресінде жамандыққа қарсы жақсылық жасауды бұйырғаннан кейінгі келесі аяттарда:
وَمَا يُلَقَّاهَا إِلاَّ الَّذِينَ صَبَرُوا وَمَا يُلَقَّاهَا إِلاَّ ذُو حَظٍّ عَظِيمٍ
«Бұл қасиет сабыр еткендерге ғана нәсіп болады. Сондай-ақ бұл сипатқа зор несібелілер ғана ие бола алады»6]-деп жамандыққа қарсы жақсылық жасаған адам қияметте зор несібеге бөленетіндігі жөнінде хабар берілген.
Мінекей, осы айтылған дүниелерге амал етер болса, адам бойында салихалы амалдарға деген құштарлық, басқаның қателігіне деген кешірімділік, жамандық жасағанға жақсылық жасау сынды ізгі қасиеттердің оянуына себепші болады. Ендеше Алла Тағала баршаларымыздың ізгілік атаулыға жақын болып, қияметте Алланың құрметіне бөленген ізгі құлдарымен бірге болуды нәсіп қылғай!
ҚМДБ-ның
Семей Аймағы бойынша Өкіл имамы
Алтыбай Мақсат Қуанышұлы
[1] «Фуссилат» сүресі 34 – аят;
[2] Тирмизи
[3] «Муминун» сүресі 96-98-аяттар;
[4] «Әли Ғымран» сүресі 133-134 аят;
[5] «Мәида» сүресі, 105-аят;
[6] «Фуссилат» сүресі 35-аят;