АДАМНЫҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТІ

Өмір өзендей аққан бойы өтіп жатыр. Үйреншікті күн арайлап атып, алаулап батуда. Адамдардың көбі пәни дүниенің қамын жеп, өздерінің мына дүниеге қайдан, не үшін келгендерін, қайда баратындарын ұмытқан. Бәрі сағым қуғандай бір арманнан екінші бір арманның, бір белестен екінші белестің ізіне түсуде. Біріне енді жеттім дегенде, екіншісі анау жақтан мен мұндалап тұрады. Бірақ адам бәрібір тоймайды, бәрібір қанағаттанбайды. Енді асыл арманыма, аңсаған мақсат-мұратыма жеттім дегенде, өлім оны қуып жетеді. Сөйтіп, адам мына пәнидің алдамшы қызылына қызығып, қайран бір ғұмырды жоқ етеді. Бұл күнде адамдар өмірдегі өзіне жүктелген міндетін орындау үшін тамақ ішпейді, керісінше, тамақ ішу үшін өмір сүреді. Яғни, өмірдегі мақсаты – қарын тойдыру. Ойланғанға екеуі екі бөлек. Тамақты мақсат ететіндей ғаламдағы ең саналы жаратылыс – адамның осындай мағынасыз жаратылғаны ма? Сонда адамның құрсағын тойдыруы үшін мектепте он бір жыл, университетте бес-алты жыл оқып, сол бір қарнының қамы үшін өтірік айтып, өсек айтып, басқаны қызғанғаны ма? Сол үшін қан төгіп, жауласқаны ма? Сонда адам бар ғұмырын құрсақтың қамы үшін арнайтындай осыншама төмен деңгейге түскені ғой… Жо-жооқ, әлемдегі ең саналы, ең кемел жаратылыстың әсте бұндай төмен болуы мүмкін емес. Мал екеш малдың өзін алып қарасақ, әрқайсысының белгілі бір мақсат үшін жаратылған көреміз. Қорадағы мөңіреген сиырдың да өзіндік міндеті бар. Таңертең өріске барып, кеш ауа желінін сыздата аппақ сүт әкеледі. Кім үшін? Адам үшін. Ара да таңның атысы, кештің батысымен мыңдаған гүлдерге қонып жүріп, кешке улы денесінен шипасы мол бал тарту етеді. Демек, бұл өмірдегі әрбір жаратылыс иесінің өзіндік міндеті бар. Олар саналы болмаған күннің өзінде сол міндетін мүлтіксіз орындауда. Ал ең көркем жаратылыс иесі адамның міндеті не? Ол сиыр, ара сияқты денесінен басқаға пайдалы бір нәрсе шығара ма? Иә, ең көркем жаратылыс иесі адамның да өз санасы мен абырой-дәрежесіне қарай өзіндік үлкен міндеті болуы тиіс. Егер адамның да өзіндік орны мен міндеті болмаса, онда оның кім болғаны? Жай ғана асхана мен дәретхананың ортасында жүріп, ас қорытып-шығарудан аспайтын жанды аппарат болғаны ма?! Жо-жооқ, әсте олай емес! Ең кемел жаратылыс иесі адамның өзіне тән жоғары міндеті бар. Ол міндет бәрінен де жоғары, аса абыройлы міндет.

Ол – өзін жоқтан бар еткен құдіреті шексіз Жаратушыны тану. Ол − күллі жаратылыс атаулының бойынан Аллаһ Тағаланың тіл жетпес шеберлігі менұлылығын көріп, Оның құдырет-күшінің алдында таңғала бас иіп, құлшылық жасау.

Ол − өзіне тегін берілген сансыз жақсылық, нығметтер үшін Ұлы жаратушы Иеге алғыс-рақметін білдіріп, Оның алдында мәңгілік қарыздар екенін сезіну. Бұған қоса, табиғатындағы қызғану,сабырсыздық, жалқаулық, қанағатсыздық сияқты жаман қылықтардан арылып, бойындағы асыл қасиеттерді шыңдап, сан алуан сезімдерін кемелдендіріп, әр түрлі қабілеттерін жетілдіру арқылы «кәміл адам» тұғырына көтерілу. Сөйтіп, «кәміл адам» күйінде о бастағы асыл мекені – Жәннатқа оралу. Хақ Тағаланың ризашылығына бөленіп, ондағы мәңгілік бақытқа, бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген, ақыл ойлап елестете алмаған Ұлы Жаратушысының өлшеусіз ғажайып сый-сияпатына қауышу һәм бұның бәрінен де қымбаты – ЖұмақтаАллаһ Тағаланың аса көркем дидарын тамашалап шексіз ләззатқа кенелу.