Жауапкердің міндеттері

Жауапкердің тиісті уазипалары фиқһ кітаптарында сегізге бөлінеді:
1. Парыз
2. Уәжіп
3. Сүннет
4. Мұстахап
5. Мүбаһ
6. Харам
7. Мәкрүһ
8. Мүпсид

Осы сегіздің алғашқы бесеуін орындауы, соңғы үшеуінен бойын аулақ ұстауы, яғни жасамауы – оның уазипасы.

1. Парыз
Парыз – анық, бұлтартпас дәлелдермен әмір етілген діни іс-әрекеттер мен міндеттер. Мәселен, дәрет алу, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру.
Парыз өз ішінде «айн» және «кифая» болып екіге бөлінеді: «Айн парыз». Әрбір мұсылманға тікелей жүктеліп, өтеуге борышты парыздар. Мұсылман бұл парыздарды жеке өзі орындауға тиіс. Біреудің парызын басқа біреу өтей алмайды. Намаз бен ораза секілді. «Кифая парыз»: жалпы мұсылманға парыз бола тұрса да, кейбір мұсылмандардың іске асыруы арқылы барша мұсылманның мойнынан түсетін парыздар. Алайда, ешкім орындамаса, барлық қоғам жауапты. Мысалы, жаназа намазын оқығандай. Бір қалада кейбір мұсылмандар қайтыс болған мұсылманның жаназа намазын оқыса жетіп жатыр. Сол кезде қалған мұсылмандар осы жауапкершіліктен құтылады. Бірақ, кифая парыздың сауабы өтеген адамдарға ғана жазылады. Өтелмеген жағдайда күнәсі барлық мұсылмандарға жазылады.

Парыздың өтелуінде зор сауап пен жақсылық бар. Мойнындағы борышын өтемегендер ақырет азабын тартады. Айта кететін бір жайт, кімде-кім парызды теріске шығарып, парыздығын қабылдамаса, діннен шығады. Алайда, парыз екенін мойындап, бірақ өтемесе, тек қана мойнының борышы болып қалады. Яғни, мұсылман – күнәкар деп есептелінеді.

2.Уәжіп
Уәжіп – орындалуы дәл парыз секілді талап етілмеген, бірақ қуатты дәлелдермен анықталған іс-әрекет пен уазипалар. Мысалы, құрбан шалу, үтір және айт намазын оқу, т.б. Уәжіптің үкімі парызға ұқсас. Яғни, орындалса, сауап алады. Іске асырмаса, ақыретте азап бар. Бірақ сенім (и’тиқади) тұрғыдан алғанда уәжіп, парыз емес.
Уәжіпті теріске шығарған адам діннен шықпайды. Бірақ діндегі бір әмірді теріске шығарғаны үшін үлкен күнәға батады.

3. Сүннет
Сүннет – парыз бен уәжіптен бөлек, Аллаһ Елшісі (с.а.у.) жасаған және «жасаңдар» деген әрі жасалуына ризалығын білдірген іс-әрекеттер. Сүннет үшке бөлінеді:
1. Мүәккәд сүннет (бекітілген сүннет)
2. Ғайру мүәккәд сүннет (бекітілмеген сүннет)
3. Зәуәид сүннет (артық сүннет)

Әуелгісі – мүәккәд сүннет, Пайғамбарымыздың әрдайым жасап, ілуде жасамаған сүннеттері. Таң, бесін, ақшам намаздарының сүннеттері тәрізді. Осы сүннеттерді іске асырған сауап алады. Орындамаған адамға жаза берілмесе де, айыпталады.
Екіншісі, ғайру мүәккәд сүннет. Пайғамбарымыздың кейде жасап, кейде жасамаған сүннеттері. Намаздыгердің алғашқы сүннеттеріндей. Бұл сүннетті «мәндүп» яки «мұстахап» деп атағандар да бар. Осыған кірген сүннеттерді іске асырған сауап. Орындамағанға күнә жоқ.
Ақырғысы – зәуәид сүннет, Аллаһ Елшісінің күнделікті іс-әрекеті мен әдептіліктері. Мысалы, әрбір істі оң жақтан бастауы, отыруы, тұруы, киім киюі. Бұл сүннетті Пайғамбарымызға сүйіспеншілік үшін орындаса – сауап. Жасамағанға күнә жоқ. Сүннеттің парыз секілді «айн» мен «кифая» бөлімдері де бар. Мысалы, рамазан айының соңғы он күнінде «иғтиқаф» жасау, тарауих намазында хатым түсіру – кифая сүннетке жатады. Парыз намаздарын жамағатпен оқу – айн сүннет болып табылады. Сүннеттің қажеттілігі мен пайдалары Аллаһ Құранда мұсылмандарды Елшісінің сүннетіне ынталандырып былай дейді: «Расында сендерге, Аллаһтан және ақырет күнінен үміт еткендер мен Аллаһты көп зікір еткендерге Аллаһтың Елшісінде көркем өнегелер бар»13. Басқа бір аятта: «(Елшім!) Оларға былай айт! Егер Аллаһты сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Сонда Аллаһ та сендерді сүйіп, күнәларыңды кешіреді. Аллаһ аса кешірімшіл және рақымды»14, – деп айтылады. Демек, Аллаһ Тағаланы сүюдің белгісі мен өзін Ұлы Жаратушыға жақсы көргізудің жолы – Оның Елшісінің ізімен жүру арқылы іске асады. Өйткені, Аллаһты шын жақсы көрген адам, әлбетте, Оның жақсы көрген және разы болған адамына ұқсауға тырысып, барлық іс-әрекетін үлгі тұтады.
Сүннетпен жүруде мол ақыреттік сауап пен нұр бар. Сүннеттің ең кішкене әдеп-ғұрыптарының өзі бейне бір жал-жал толқындары таумен таласқан аласапыран мына өмір-теңізде кеменің компасындай мұсылманға бейбіт жол көрсетіп, діттеген жағалауына сау-саламат шығуына арқау. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Үмбетім бұзылған заманда кімде-кім сүннетімді ұстанса, оған жүз шейіттің сауабы бар». Яғни, бидғат пен қараңғылық вирустай шартарапқа жайылып, ақырет ұмытылып, адамдар дүниеге ұмтылғанда, кіші үлкенді, бала ата-анасын тыңдаудан қалып, әлемде атеистік қара дауыл ұйтқып, аждаһадай алдына келгеннің бәрін жалмап-жұтқан заманда, құндылықтар құнсызданып, құнсыздар асылданып, адамдық қасиет аяққа тапталып, күллі дүние шыр көбелек айналып, астаң-кестеңі шығады. Құран бейне бір мұражайларға қойылғандай үйдің қабырғалары мен керегелеріне ілініп, мұражайларға қойылған заттың сыртына «қол тигізуге болмайды» – деп жазылғандай, ешкімге, әсіресе, бүлдіршіндерге қолы тисе тоқ ұратындай ұстауға қатаң тыйым салынып, өлінің басында ғана тілі күрмелген қарияның үнінде түсініксіз шала шығады. Адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы атанған Пайғамбардың (с.а.у.) есімі көптеген жүректерден өшіп, сүннеттері жарыққа шықпай, екінің бірі оқи алмайтын көне қолжазба кітаптарда қалады. Ораза мен намаз секілді Ұлы Жаратушыға деген шүкір етудің нышаны болған ғибадаттар алыстағы ауылдың кейбір сексенге келген қаһарман қариялары ғана оқып, бейне бір Ұлы Құдайға шүкір ету, қарттарға ғана тән іс-әрекет көрінеді. Ілуде жас жігіт намаз оқи қалса, қаңыраған қара шаңырақта «атынан айрылып, қанатынан қайрылып», тұяқсыз атанып, жақында кемпірі де өліп, жалғыз қалып жабығып, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде қалған қара шалдың қылығын жасап жатқандай оқыс көріп, үрке қарап, заманауи талапқа теріс келді деп, бір түнде жын жабысып, есі ауысқан адамдай төмен, кертартпа деп елге жат санап, шеттелген бір заманда бір мұсылманның: Басқа бір хадисте те дәл осы мәселені толықтырады: «(Селдей асып тасыған) бүліктер болады. Сол күні адам намазы үшін айыпталады. Бүгінгінің әйелі зина жасағаны үшін айыпталғаны тәрізді».

«Атыңнан айналайын, Пайғамбарым,
Мен сенсіз қалай ғана жай табармын?
Тыным таппай салауат айтсам-дағы,
Есіміңді келеді қайталағым.
Сүннетің ажыратып ақ-қараны,
Саған ерген ғұмырдан бақ табады.
Күллі әлем теріс қарап кетсе-дағы,
Мәңгі есімің жүректе сақталады» – деп жырлағанындай, сол заманда Аллаһ Елшісінің сүннетін жандандыруға ат салысқан кісі жүз шейіттің сауабын алады. Иә, сол бір сұрапыл заман зулап өтіп артта қалды ма, әлде болашақта бола ма? Бізге белгісіз. Бірақ Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) үмбеті тоқырау кезеңін бастан өзкізетіні айдан анық. Пайғамбарымыз бір күні сахабаларына сол сұрапыл дәуір жайлы былай дейді: «Әйелдерің сөз тыңдаудан қалып, тәні ашылып, көшеде жүрген, жамандықтары жер-жаһанға жайылып, ақиқат айтылудан қалған заман туғанда халдерің не болады?». Сол сәтте сахабалар не дерін біле алмай қатты дағдарды. Өйткені, олар мұсылманның басына мұндай жамандық келеді деп ешқашан ойламаған.

Қатты уайымдап, таңырқап:

– Осы айтылғандар бола ма, Пайғамбарым? – деді.
Сонда Аллаһ Елшісі:
– «Нәпсімді құдіретті қолына ұстаған Аллаһқа ант етейін, бұдан да жаманы болады», – деп жауап қатқанда, айналасында отырғандар одан бетер
дағдарып, сең соққандай теңселіп кетті. Тұла бойларын қорқыныш билеген олар аздан кейін: «Бұдан жаманы не, Пайғамбарым?», – деуге ғана шамалары келді. Сол кезде адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы атанған Аллаһ Елшісі:
– «Жамандық атаулы – ізгілікке, күллі жақсылық-жамандыққа саналған күні халдерің қандай болмақ?», – деді.
Сонда сахабалар:
– Жақсылықтар жоғалып, жамандықтар жасалама? – деп сұрады.
– Бұдан да жаманы болады!
– Бұдан жаманы қандай болмақ, Пайғамбарым?
– Теріс қылықтарды көре тұра үнсіз қалып, беттен алып, жамандықтың селіне көміліп кете барғанда, тіпті оларға жамандықтың түр-түрін өздерің үйретіп ынталандырған кезде, бұдан жаманы Аллаһ пен Оның Елшісі жүректерден өшіп, бастарыңа қара күн туған замандағы халдерің неткен аянышты?!
Адамзаттың дара тұлғасы Пайғамбарымыз жоғарыдағы сөздерді айтқанда сахабалардың тыныстары әбден тарылып, дауыстары дірілдеп:
– Бұл да бола ма, Пайғамбарым? – деді.
– Иә, бұдан сорақысы болады», – деп жауап қатты. Осы кезде Аллаһ Елшісі Аллаһ Тағалаға ант ете отырып, Оның мына бір сөздерін жеткізді:«Ұлылығыма ант етейін. Мұндай күйге түскен қоғамға сарқырамадайбүлікті салып жіберемін» … (Хәйсәми. Мәжмәу´з-Зәуәид. Египет. т. 7/280-281)
Осындай қара түнек заманда бір мұсылманның Пайғамбардың сүннетін жандандыруы – шексіз шөлейтке сепкен дақылдай, жасаған ісі шейіттің ерлігіндей бағаланбақ…

4. Мұстахап
Мұстахап – таңдаулы, ең көркем амал. Діни терминде Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) кейде жасап, кейде жасамаған іс-әрекеттері. Сәске намазы секілді кейбір нәпіл намаз бен оразалар осыған жатады. Сонымен қатар таң намазын айналаға жарық түскенде оқу, жаздың шілдесінде бесін намазын салқын түскенге дейін кешіктіріп оқу, ақшам намазын кірісімен оқу – мұстахап.
Мұның үкімін жасағанға – сауап, жасамағанға күнә жоқ. Ибн Абидин мәндүп, мұстахап, нәпіл терминдерінің бір мағына беретінін айтады. (Ибн Абидин. Рәдду´л-Мухтар. Египет. т. 1, 115)

5. Мүбаһ
Мүбаһ – жасалуы мен жасалмауында діни жағынан ешқандай тосқауыл болмаған, яғни жауапкердің еркіндегі іс-әрекеттер. Мәселен, тамақ ішу, ұйықтау, т.б. Мұндай іс-әрекеттердің орындалуына сауап та, іске аспауында күнә да жоқ. Бірақ бұл іс-әрекеттерді жасаған кезде сүннет ниетімен жасайтын болса, сауап алады. Мысалы, бір мұсылман киім киерде, Пайғамбарымыз оң жағынан киінгендіктен, осылай киемін деген ниетпен яки Пайғамбарым оң жағымен құбылаға қарап ұйықтаған деген ниетпен жасаса, сауап алады.
Заттың негізгі сипаты – мүбаһ пен халал. Мүбаһ заттың адалдық сипатын жоққа шығару үшін, оның мүбаһ еместігін негіздейтін шариғаттан арнайы дәлел керек. Мүбаһтығын жоққа шығаратын дәлел табылғанша, зат өзіне тиіс мүбаһтың сипатын сақтап қалады.

6. Харам
Харам – жасалуы мен пайдалануы Исламдық тұрғыдан қатаң тыйым салынған нәрселер. Ішімдік ішу, құмар ойындар ойнау, зина жасау, адам өлтіру, ғайбаттау, жала жабу, т.б. іс-әрекеттер осыған жатады. Харам етілген зат немесе іс-әрекет өзінің затына тән, жамандық пен ластық себебімен харам етілсе, бұл «тікелей харам» (харам ли-а’йниһи) деп аталады. Мысалы, доңыз еті мен арақ осыған жатады. Өз негізі мен сипаты үшін емес, сырттағы себептер арқылы харам болғанға «жанамахарам» (харам ли-ғайриһи) делінеді. Мысалы, кез-келген адал мал ұрланған жағдайда харам болады.
Харамның үкіміне келсек, жасамағаны үшін үлкен сауап алады. Адамды тақуалық мәртебеге шығарады. Жасалған жағдайда, күнәға батып, жүректер қарайып, иман әлсірейді. Адамның қашан да көңілі қашып, ғибадаттардан ешқандай нәр мен ләззат алмайды, күні ертең махшар әлемінде үлкен азап шегеді. Бірақ адам құрани және сүннеттік дәлелдермен харамдығы айқындалған затты «халал», «адал» деп қабыл етсе, иманы көзден бұл-бұл ұшады. Мысалы, бір адам ішімдік ішсе, үлкен күнәға кіреді. Егер ішімдікті «адал» десе, өмірінде ішімдік ішпесе де, діннен шығады. Бұл жерде Ұлы Жаратушының қойған үкімін өзгерту мәселесі бар. Құдай сақтасын, бейне бір «Ол білмейді, мен білемін» дегендей. Сондықтан мұндай іс-әрекет «шірк, күпір» болып табылады. Ал ішімдік ішсе де, оның харам екенін мойындап қабыл еткен адам күнәкар саналғанмен, мұсылман күйінде қала бермек.
Өйткені, Құдайға қарсы шығу оның ешқандай ниетінде жоқ. Айыбы нәпсіге жеңіліп, үлкен күнә жасауы. Ақыретте істеген күнәсіне қарай ауыр азап тартады. Ішімдік ішіп, күнә жасау мен Аллаһ Тағаламен сөз таластыру арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Бірі – күнә, бірі – күпірлік. Нуайман деген сахаба шарап харам етілгеннен кейін, бір күні ішімдік ішіп келіп, Аллаһ Елшісі оған шариғаттағы тиісті жазасын береді. Сонда сахабалардың бірі әлгі адамды кінәлап, қарсы сөз айтқанда, Аллаһ Елшісі қабағын түйіп: «Бауырларыңды зекіп, шайтанға көмекші болмаңдар. Аллаһқа ант етейін, ол Аллаһ пен Елшісін жақсы көреді», – деді. (Бухари, Әбу Абдиллаһ Мухаммед ибн Исмайл, әл-Жами’ус-Сахих, Станбул. 1907. Худуд, 4-5; Әбу Дәәуд, Суләйман ибн әс-Сижистани. Сунән. Египет.т. 35; Муснәд, 2/298-299)
Аллаһ пен Оның Елшісін жақсы көру – олармен бірге болу нәтижесін бергендіктен, мұндай адам қаншалықты күнә жасаса да жаман сөзді естуге лайық емес, өйткені ол Аллаһ пен Елшісін жақсы көреді. Яғни, күнә жасаған адамға «Аллаһ Тағаланың қаһарына ұшырағыр, қараң қал» деген секілді жаман сөздер айтуға болмайды. Өйткені ол – мұсылман адам. Екіншіден, мас адамға яки күнә жасаған адамға зекіп, істеген ісінің харам екендігін айту – оның намысына тиіп, ашумен харамды ерегесіп істеуіне әкелуі мүмкін. Осылайша адам шындық пен ақиқатты айтамын деп жүріп, адамды иманнан мүлдем алшақтатып жіберуі мүмкін. Адам әрқашан ақиқатты айтуы тиіс. Бірақ орнымен айтқаны дұрыс. Орынсыз айту қашан да кереғарлыққа жол ашпақ. Ислам – кеңпейілділік діні. Намаздың парыздығына қарсы шығып оқымаған адам мен қарсы шықпай оқымаған адамның да аражігі осылай…

Харамнан сақтанғанды Аллаһ та сақтайды

Тимур әулетінің басшыларынан Шахырух (779-850) тұсында харам нәрселерден бойын аулақ салып, алыс жүруімен танылған Нығметуллаһ деген өте діндар бір кісі болыпты. Төмендегі жайт сол кісінің осы мәселе төңірегіндегі зеректігін көрсетпек. Шахырух бір күні құзырына сәлем бере келген Нығметуллаһқа тиісе: «Естуімше, жіберілген сый-сияпаттан тартынбай жей беретін көрінесің. Сый-сияпаттың арасында харам жолмен келу ықтималының бар екендігін осы уақытқа дейін білмегенің бе? Білсең соны ескермей қалай жей бересің?» – деп сұрақ қойыпты. Нығметуллаһ бұған: «Бізге харам жағы емес, адал жағы ғана бұйырады. Құл харам жемесем екен деп барынша тырысса, Аллаһ та оған харам нәрсе жегізбейді. Мендегі сыр – осы», – деп жауап беріпті. Бұны естіген патша сөзін дәлелдемек болып, қала шетінде жалғыз қозысын бағып жүрген әйелдің қолындағы қозысын тартып алдыртады. Қозы бірден сойылып, еті қазанға салынып, харам жемейтін Нығметуллаһты әдейі қонаққа шақыртады.
Ол кісі де «шақырғаннан қалма» демекші, бірден-ақ келісімін береді. Хан сарайындағылар енді қайтер екен дегендей нәтижені тыпырши күтеді. Әне-міне дегенше, табақ-табақ ет те тартылып, Нығметуллаһ та, уәзірлер де аса бір тәбетпен алдарындағы асты жеп бітіреді. Нығметуллаһ болса, арасында Аллаһ Тағаланың бұндай бергеніне жиі-жиі шүкір етіп отырады. Әбден болды-ау деген кезде Шахырух жымиып:
– Оу, сіз «Харамнан қашатын құлдарын Аллаһ қорғайды, тіпті харамнан жегізбейді» деген едіңіз. Жаңа ғана сіз жеген ет бір әйелден күштеп тартып алынған харам малдың еті болатын. Аллаһ сені сақтамағаны ма, бұған не дейсің? – депті мысқылдай.
Нығметуллаһ әуелгі қалпын бұзбастан:
– Менің жегенім адал екеніне күмәніңіз болмасын. Ал, сіздердің жегендеріңіз анық харам. Сенбесеңіздер, малынан айрылған әлгі әйелді шақырып сұраңдар, – депті. Шахырух адамдарын дереу жібертіп, әлгі әйелді алдыртып, жайып жүрген қозысының мән-жайын сұрағанда, ол ештеңе түсінбестен:
– Осы жақта Нығметуллаһ деген құдайға қараған, тақуа, діндар адам жайлы көп естіп, қозымды сол кісіге апарып, игі батасын алмақшы едім. Соған апара жатқам. Сіздер болса, менен оны тартып алып, сол кісіге тиесілі үлесті жеп қойдыңыздар, харам жедіңіздер, – депті. Харамнан қолынан келгенше сақтанғанды Аллаһ та сақтайтынын осылайша дәлелдеген Нығметуллаһ кейіннен Кирманда дүниеден өтті. (Аллаһ одан разы болсын).

7. Мәкрүһ

Мәкрүһ – сөздікте жағымсыз, ұнамсыз, жек көрілген нәрсе деген мағынаны білдіреді. Діни терминге салсақ, дін тұрғысынан ұнамсыз, жаман іс-әрекет. Дәрет пен ғұсыл алғанда суды ысырап ету секілді іс-әрекеттер осы мәкрүһке жатады. Мәкрүһ екіге бөлінеді: Харамға жақын мәкрүһ (Тахримән мәкрүһ). Дәрет алғанда суды ысырап ету, т.б. Халалға жақын мәкрүһ (Тәнзиһән мәкрүһ). Мұрынды оң қолмен шаю, т.б. Мәкрүһтің үкіміне келсек, мәкрүһті істемеген жағдайда – сауап. Мәкрүһтің ішінде харамға жақын мәкрүһті жасаған адам ақыретте азапқа ұшырауы ықтимал. Бұл – Имам Ағзам мен Әбу Юсуптың көзқарасы. Имам Мұхаммед: «Харамға жақын мәкрүһ дәл харам секілді қабыл етіліп, ақыретте азапқа лайық», – дейді. Халалға жақын мәкрүһке келсек, жасалуында ақыретте азап жоқ. Бірақ жасамаса – сауап. Мәкрүһті халал санау – қателік. Бірақ адам діннен шықпайды.

8. Мүпсит

Мүпсит – басталған ғибадатты бұзатын нәрсе. Мүпситтің әдейі жасалуы күнә тудырады. Қателесіп жасаса, күнә мен азап жоқ. Намазда өз-өзін ұстай алмай күлу секілді іс-әрекеттер осыған жатады.