Намаз – Аллаһ пен құл арасындағы байланыс негізі. Бес уақыт намазды орнымен оқып, үлкен күнә жасамаған адамның кіші күнәлары кешірілетіні жайлы аяттар мен хадистер бар. Құранда былай дейді: «(Ей, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»[1].
Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларға: «Сендердің араларыңнан бір адамның есігінің алдында өзен ағып, ол сол өзенге күніне бес рет шомылса, ол адамда кір қала ма?» – деп сұрағанда, сахабалар: «Жоқ қалмайды», – деп жауап қайырады. Сонда Аллаһ Елшісі (с.а.у.): «Судың кірді тазалайтынындай бес уақыт намаз да күнәларды тазалайды»[2].
Басқа бір хадисте былай дейді: «Бес уақыт намаз бен жұма намазы үлкен күнә жасамаған адамды келесі жұмаға дейінгі жасаған күнәларынан арылтады»[3].
Ақыретте адам баласы есепке тартылғанда, ең алдымен намаз сұралады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Адамдардың қиямет күнінде алғаш есепке тартылатын амалы мен іс-әрекеті – намаз». Ұлы Раббымыз хабардар бола тұра періштелеріне былай дейді: «Құлымның парыз намазына қараңдар. Оны толық орындап па, кемістігі бар ма»? Егер оның парыз намаздары толық болса, намаз сауабы толықтай жазылады. Егер парыз намаздарында нұқсандық болса, Аллаһ Тағала былай дейді: «Құлым нәпіл (сүннет) намаздарын толық оқыған ба екен?» Егер ол сүннет намаздарын толық оқыған болса, Аллаһ Тағала «Құлымның нұқсан парыз намаздарын нәпілдермен толтырыңдар», – дейді. Одан кейін парыз болған басқа амалдар да осылайша есепке тартылады»[4].
Иә, адамды ең көркем түрде жаратып, жерді бесік, көкті шаңырақ, күнді шырақ етіп игілігіне ұсынған Ұлы Жаратушы адамға берген мұншалық ырыс-берекетінің қарымына шүкір етулерін қалайды. Намаз – күллі шүкірді қамтыған ғибадат. Мына көрінген және көрінбеген шексіз әлем қаңыраған сарай емес. Керісінше, онда Аллаһ Тағалаға ғибадат еткен сансыз періштелер бар. Кейбір періштелер жаралғалы сәждеде. Енді бірі жаралғалы рүкүғта тұрып, Аллаһ Тағаланы пәктеуде. Енді бірі түрегеп тұрып, Аллаһ Тағаланы нұқсандық пен шірк атаулыдан пәктеп, ғибадат етуде. Міне, намазда осы періштелердегі ғибадат түрінің бәрі бар. Сол себепті, әлем тұтастай Ұлы Жаратушыға ғибадатта. Мысалы, алып бәйтеректер кішілігін паш етіп, қолдарын жерге жайған сүмбі талдар самал желмен тербеле қозғалып, Жаратушыға ғибадат жасайды. Планета мен аспан денелері бір-бірін бейне бір Қағба тәрізді айналып, күллі әлем Ұлы Жаратушыны пәктеп, өз тілдері және іс-әрекеттерімен ғибадат үстінде. Міне, осының бәрі намазда бар.
Әрі намазда адамға парыз, сүннет ғибадат түрінің бәрі бар. Бір мұсылман намазға тұрғанда «Аллаһу әкбар» деп бастайды. Яғни, я, Ұлы Жаратушым! Мына әлемді сен жараттың. Мені де сен жараттың. Мен сенің құлыңмың. Сен Ұлысың. Одан кейін Аллаһты пәктеп, мадақтаған дұға оқылады. Яғни, ей, Ұлы Ием! Сенің ешқандай ортағың да, серігің де жоқ. Сен нұқсандық атаулыдан мүлдем адасың, пәксің. Осылайша мұсылман әрі қарай қырағатқа бастарда барлық қуылған шайтаннан және олардың жамандық пен кесепаттық іс-әрекеттерінен Аллаһ Тағалаға сиынады. Бұл жерде әлсіздігін сезініп, Ұлы біреуді паналау бар. Бұдан кейін қырағат оқиды. Яғни, намазда Құран оқу да бар. Әрі намазда ораза да бар. Өйткені, адам намазда бір нәрсе жесе, намазы бұзылады. Намазда зекет те бар. Бүкіл бес уақыт намаз адамның шамамен жиырма төрт сағатының бір сағатын алады. Адам өзінің күндік өмірінің бір сағатын зекет етіп, Аллаһ Тағала жолына береді. Оның қарымы ретінде ақыретте Аллаһ Тағала жәннатты бермек. Жәннат – адамның қиялына сыймаған, көз көріп, құлақ естімеген, бұл фәнидің бақытты мың жылы оның бір сәтіне де тұрмайтын аса ғажайып мәңгілік бақыт мекені. Алайда, кейбір мұсылмандар бұл ғұмырда өзімнің діттеген межеме жетемін, сондықтан да бір сағат мен үшін аса қымбат деп қанша тырысып, жиырма төрт сағатын жұмсап, өмір бақи ұмтылғанымен көбінесе мақсаттарына жете алмайды. «Біреулер оқысам» деп армандайды. Оқыған соң жақсы қызметім болса дейді. Оған қолы жетсе де қанағаттана қоймайды. Одан әрі жоғары көрінген биікке шықсам деп армандайды. Фәни ғұмырдың биігі ешқашан бітпейді. Бірі бітсе, бірі мен мұндалап тұрады. Біреулер балам болса, артымда тұяқ қалса деп ойлайды. Бірақ ертең баласы әкесін дәл өзіндей жақсы көре алмауы мүмкін. Негізгі мақсат пен тәлім-тәрбиесін бере алмаса, кәрілер үйінен орын алуы ықтимал. Енді біреулер билікке қол жеткізсем деп, көкпен таласқан шыңға қарай күллі өмірін сарп етеді. Енді жеттім дегенде не өлім мұны қуып жетеді, не шыққан шыңының оңай емес екенін, оның жерден қарағанда әлдеқайда суық екенін, кез-келген сәтте найзағай-найзаның ұшына шаншыла кету ықтималы бар екенін аңғарып, үлкен дертке душар болмақ. Қысқасы, фәни ғұмырдың фәни бетіне қараған беті ешқашан адамның жан-дүниесіне рақат әкелмейді. Ал намаз оқыған адамның әрбір іс-әрекеті Аллаһ үшін болғандықтан, қалған жиырма үш сағаты да Аллаһ үшін саналып, күллі өмірі құт-берекеге айналмақ. Өйткені, намаз оқушы – ғұмырға неге келгенін ұғынып, өз міндетін қалтқысыз атқаруға тырысып, фәниде өзін «жат жұрттық» санап, мәңгілік бақыт мекені мен өзін сүйіп жаратқан Ұлы Жаратушысына қарай аса сағынышпен қадам басқан адам. Сондықтан ақырғы Пайғамбар (с.а.у.): «Намаз – көзімнің нұры»,[5] – дейді.
Намазда қажылық та бар. Мұсылмандар намаз оқыған кезде құбылаға қарап тұрады. Яғни, өзін бейне бір Қағбаның алдында күллі мұсылманмен бірге намазға тұрғандай сезініп, Ұлы Жаратушыға мойынсұнып, жүрекпен терең тағзым етеді.
Намаз – адамды Жаратушы Жаппар Иеге жақындатады. Рух пен ерікті күшейтеді. Адамды сабыр мен шүкірге үйретеді. Құранда былай дейді: «Сабыр мен намаз арқылы Аллаһтан жәрдем тілеңдер. Бірақ бұл Аллаһтан қорыққандардан өзгеге қашан да ауыр келмек»[6].
Намаз – адам баласының тән тазалығы мен жан тазалығы. Рух азығы мен ар азығы. Адам намаз арқылы Ұлы Жаратушыға тағзым етіп, өзінің пендешілігіне тәубе етеді.
[1] Анкабут, 29/45.
[2] Бухари, Мәуақит, 6; Муслим, Мәсажид, 283; Тирмизи, Әбад, 80, 90; Насаи, Салат, 7.
[3] Муслим, Таһарат, 14-15, Тирмизи, Мәуақит, 46; Ибн Мажә, Таһарат, 79,106.
[4] Тирмизи, Салат; 118.
[5] Насаи, Ишаратун-Ниса, 1.
[6] Бақара, 2/45.
Пікір қалдыру