ШҚО: Өкіл имамдар марапатталды (ФОТО)

Елімізде жыл сайын белгіленіп келе жатқан «18 қазан Рухани келісім күні» қарсаңында Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облыстық Дін істері басқарамасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру–сана ашықтығы, шынайы прагматизм бүкіл казақстандық қоғамның рухани қарқыны» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, ҚМДБ Семей аймағының өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай, Өскемен өңірінің имамдары мен дінтанушылар, діни бірлестіктердің жетекшілері, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Басқосуда облыс басшысының орынбасары Әсем Нүсіпова рухани жаңғыру мен сана ашықтығы және қазақстандық қоғамдағы рухани келісімнің маңызы туралы салмақты баяндама жасады.

Сонымен қатар жиында ҚМДБ Семей аймағының өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай исламдағы рухани келісіммен татулық үлгілері  тақырыбында сөз сөйледі.

Шарада дөңгелек үстелде ақсақалдар және қоғамдық ұйым басшылары сөз алып, бүгінгі таңдағы рухани келісімнің маңызы жайлы ойларын ортаға салды.

Басқосу соңында облыс басшысының орынбасары Әсем Нүсіпова жиынды қорытындылап, «конфессия аралық татулықты нығайту мен діни сауаттылықты арттыруға қосқан үлесі үшін ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы, Семей аймағының өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай бастаған бірқатар тұлғаларды облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

«Өңірде руханият саласында сіздер тарапынан көптеген тың шаралар ұйымдастырылып жатыр, қызметтеріңізге сәттілік тілеймін» деді, марапаттау барысында облыс басшысының орынбасары.