Әбілхан БАЛТАҰЛЫ: АЙЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕСІ – ЕРЕЖЕП

Ислам күнтізбесінде қасиетті болған төрт ай бар. Оның үшеуі – бірінен соң бірі келетін Зулқағда, Зулхижжа, Мухаррам. Ал төртіншісі – бұлардан жеке келген Ережеп айы.

Қасиетті Құран Кәрімде:

 إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِندَ اللَّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا فِي كِتَابِ اللَّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ ۚ ذَٰلِكَ الدِّينُ الْقَيِّمُ ۚ

«Расында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін»[1]-дейді.

Алайда, Құран аятында қасиетті айлар жайлы айтылғанмен оның нақты қай айлар екендігі ашып көрсетілмеген. Мұны тек Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінен нақты қай айлар екенін біле аламыз.

عَنْ أَبِي بَكْرَةَ عَنَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:” إِنَّ الزَّمَانَ قَدِ اسْتَدَارَ كَهَيْئَتِهِ يَوْمَ خَلَقَ اللَّهُ السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضَ. السَّنَةُ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ؛ ثَلاثٌ مُتَوَالِيَاتٌ ذُو الْقَعْدَةِ، وَذُو الْحِجَّةِ، وَالْمُحَرَّمُ، وَرَجَبُ مُضَرَ الَّذِي بَيْنَ جُمَادَى وَشَعْبَانَ. رواه البخاري

Ал, Әбу Һурайра (р.ғ.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Заман – Алла аспан мен жерді жаратқан күндегідей қалпына қайта айналып келді. Бір жылда он екі ай бар. Оның төртеуі қасиетті. Үшеуі бірінен соң бірі келеді: Зул-қағда, Зул-хижжа және Мухаррам, ал төртіншісі—Жумадәл әхир мен Шағбан арасында келетін Ражәб айы»[2],—деген.

Бұл айлардың харам аталуының себебі – оларға ерекше құрмет көрсетуден туған еді. Сонау Ибраһим заманынан бері харам саналған бұл төрт айда арабтар соғысып жатса, соғыстарын тоқтатып, екі тарап та осы айдың құрметіне ғибадаттарын жасау үшін екі айрылатын. Тіпті әкесін өлтірген адамнан кек алмақ болып шыққан адам бұл айлардың бірінде ол адамды көрсе де, қол көтермей өте шығатын. Тіпті исламға дейін осы айларда пұттарына арнап құрбандық шалатын еді.

Ережеп сөзі «رجب» «ражаба» яғни, «бір нәрсені ұлықтау», «қадірлеу» деген мағынаны білдіреді.

Жоғарыда айтқанымыздай арабтар Ислам діні келмей тұрып та бұл айларды ерекше құрметтеген. Күнәлі, жағымсыз істерден өздерін аулақ ұстап, барынша жақсылық жасауға тырысқан.

Ислам діні келгеннен кейін бұл айларға деген құрмет одан әрі еселене түсті. Аталмыш айларда жасалған күнә басқа уақыттарға қарағанда ауыр, ал жақсылықтар, сауаптар басқа уақыттарға қарағанда еселеніп жазылады.

Бірде Хазреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Абдұлла ибн Жахшті (р.ғ.) қолбасшы қылып, бірнеше мухажир сахабаларды Құрайыш керуенінен хабар алдыру мақсатында Нахлі деген жерге жібереді. Тек қана хабар алу мақсатымен шыққан бұл сахабалар мүшіріктердің (Аллаға серік келтіруші, яғни, пұттарға табынушылар) өздеріне жасаған жамандық, қиыншылықтары естеріне түсіп, олардың керуеніне тиіседі. Бұл оқиға ережеп айының соңғы он күнінде болған еді. Олар ережеп айы бітті, шағбан айына кірдік деп ойлады. Керуеннен екі адамды тұтқынға алып, оларды өлтіреді және керуенді алып, Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) апарады. Мүшіріктер арабтарда кісі өлтіруге тыйым салынған бұл айда болған оқиғаны айтып, «Мұхаммед харам айларды халал санады» деп өсек тарата бастайды. Сол жағдай үшін Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде:

يَسْأَلُونَكَ عَنِ الشَّهْرِ الْحَرَامِ قِتَالٍ فِيهِ ۖ قُلْ قِتَالٌ فِيهِ كَبِيرٌ ۖ وَصَدٌّ عَن سَبِيلِ اللَّهِ وَكُفْرٌ بِهِ وَالْمَسْجِدِ الْحَرَامِ وَإِخْرَاجُ أَهْلِهِ مِنْهُ أَكْبَرُ عِندَ اللَّهِ ۚ وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنَ الْقَتْلِ ۗ وَلَا يَزَالُونَ يُقَاتِلُونَكُمْ حَتَّىٰ يَرُدُّوكُمْ عَن دِينِكُمْ إِنِ اسْتَطَاعُوا ۚ وَمَن يَرْتَدِدْ مِنكُمْ عَن دِينِهِ فَيَمُتْ وَهُوَ كَافِرٌ فَأُولَـٰئِكَ حَبِطَتْ أَعْمَالُهُمْ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ ۖوَأُولَـٰئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ ۖ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ

(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен құрметті айда соғысудан сұрайды. Оларға: «Ол айда соғысу зор күнә. Дегенмен, Алланың жолынан тию, Оған қарсы келу, Харам мешітінен тыю және оның тұрғындарын шығару Алла (Т.) ның қасында тағы зор күнә» де. Сондай-ақ бүлік шығару кісі өлтіруден де зор. Егер олардың шамалары келсе, сендерді діңдеріңнен қайтарғанға дейін өздеріңмен соғысуды үзбейді. Сендерден кім діннен қайтып, ол кәпір күйінде өлсе, олардың амалдары дүние, ақыретте де жойылып және олар тозақтық болып, олар онда мәңгі қалады.[3] 

Ережеп айы сондай-ақ, қасиетті саналған үш айдың басы болып табылады. Олар: Ережеп, Шағбан, Рамазан айлары. Ережеп – бейне бір дән егу айы, шағбан – суару айы, ал Рамазан егістікті ору айы іспетті. Биылғы ережеп айы наурыз айының 19-жұлдызына сәйкес келіп отыр.

Бұл қасиетті айлар ішінде жасырылған ерекше түндерімен де қадірлі. Алланың құлдарына берген нығметтерін санап тауыса алмаймыз. Оған ғұмырымыз да жетпейді. Сондай нығметтердің, яғни, құлшылықта сауабы мол түндер мен күндердің сауабымен амалдарымыз еселеніп, зор бақытқа жетеміз. Аталмыш айлардың ішінде  «Миғраж», «Бәраат», «Қадір» секілді қасиетке толы түндер келеді.

Ал, бұл айдың жиырма жетінші түні «Миғраж түні» болып табылады. Бұлай аталуының себебі, Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жақындарынан айырылып, қайғы үстіне қайғы жамылған уақытта Алла тағала Оны (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) құзырына шақырған,  Өзіне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) және үмбетіне бес уақыт намазды сыйға тартқан түн еді. Сонымен қатар бұл сапарда мұсылман үмбетіне арақты харам қылып, «Бақара» сүресінің соңғы екі аяты түсіріліп, Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбеттерінің Аллаға серік қоспай, тәухид сеніміне бет бұрғандардың жұмаққа кіретінін айтып сүйіншіледі. Осы жайында Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде былайша баян етеді:

سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَىٰ بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِّنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آيَاتِنَا ۚ إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ

«Құлын (Мұхаммедті ғ.с.) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбарак қылған Ақса мешітіне апарған Алла әртүрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз, Ол естуші, білуші».[4]

Сонымен қатар «Исра» сүресінің бір бөліміндегі ислам дінінің қысқаша он екі негізі яғни, Аллаға серік қоспауға, ата-анаға жақсылық жасауға, жетім-жесір, міскінге, жолда қалғандарға қарайласуға, ысырап етпеуге, Раббысынан үміт үзбеуге, сараңдықтан бойды аулақ ұстап, жомарттыққа жақын болуға, кедейшіліктен қорқып, балаларын өлтірмеуге, зина жасамауға, жазықсыз жандарды өлтірмеуге, жетімнің малын жемеуге, таразыдан жемеуге, жер бетінде даңдайсып жүрмеуге шақырылған аяттары білдірілген болатын.

Бұл аяттардың түсуі Ережеп айының 27-нші түні яғни Миғраж кешінде болғандықтан да Ережеп айының маңызды ерекшелігіне жатады.

Сондай-ақ, Ережеп айында басқа да әртүрлі оқиғалар Пайғамбарлар мен сахабалардың бастарынан өткен болатын.

Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ережеп айына екі түрлі атау қолданған. Соның бірі – Муғдар. Бұлай деп атауының себебі Муғдар руының бұл айға ерекше құрметінен туындаған.

Бір хабарларда былай делінеді: «Кімде-кім қасиетті (харам) айларда (Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп) үш-үш күннен (кей риуаттарда үш күн: бейсебі, жұма, сенбі) ораза ұстаса амал дәптеріне тоғыз жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады». 

Сондықтан да, ережеп пен шағбан айларында ораза ұстасақ сауабы мол болмақ. Ал, Рамазан айы толық бір ай бойына ораза ұстауға әмір етілгенбіз.  

Иә, Алла тағаланың құлдарына берген сансыз нығметтеріне шүкір ете білейік. Алла тағала:

 

وَسَارِعُوا إِلَىٰ مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالْأَرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ

«Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жаннатқа жарысыңдар»[5]. дейді. Сол үшін біздерге берілген зор мүмкіндіктерді босқа жіберіп алмай, үш айды үш мүмкіндік деп қарап, жақсылықтарда жарысайық. Алланы көп зікір қылып, Пайғамбарға мол салауат айтайық, күнәларымызға түндерде тұрып кешірім тілейік.  

Ережеп айы кіргенде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَب، وَشَعْبَانَ، وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ

«Раббым, режеп пен шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді рамазанға аман-есен жеткізе гөр!» [6]деп дұға тілейтін. Олай болса, біздер де:

قُلْ مَا يَعْبَؤا بِكُمْ رَبِّي لَوْلَا دُعَاؤُكُمْ

«Айт (Мұхаммед Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): егер дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?…»[7]деген Алла тағаланың сөзін еске алып, бүкіл мұсылман қауымының амандығына Ұлы Жаратушымыз ережеп пен шағбанды мүбарак қылып, біздерді кешірім айы болған Рамазанға аман-есен қауыштыра көр!-деп дұға етейік.

 

Әбілхан БАЛТАҰЛЫ,

Петропавл қалалық «Нұр» мешітінің

бас имамы

 


[1] Тәуба сүресі, 36-аят

[2] Бұхари хадистер жинағы

[3] Бақара сүресі, 217-аят

[4] Исра сүресі 1-аят

[5] Әли Имран сүресі, 133-аят

[6] Ахмад ибн Ханбал мүснәді

[7] Фурқан сүресі, 77-аят