Ислам күнтізбесі бойынша жыл басынан кейін үшінші келетін ай — Рабиъул-әууал Алла елшісі хазіреті Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) дүниеге келген ай. Осынау мезгіл әлемнің кейбір елдері үшін ерекше саналады. Адамзаттың ардақтысы болған әз-Пайғамбарымыздың құрметіне орай бұл айда оның өмірбаяны мен бұйырған ізгі амалдарын еске түсіріп, күллі үмметке, әсіресе өскелең буынға үлгі-өнеге ету – үлкен тәрбиелік мәнге айналған, кейін келе қалыптасқан ізгі үрдіс. Һәм дін мен дәстүрдің астасқан айрықша түрі саналады.
Дүйсенбі күні қаламыздағы Семей қалалық Абай драма театрында әз Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) құрметіне «Адамзаттың асыл тәжі» атты, рухани-танымдық мәуліт кеші өтті. ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша өкілдігі ұйымдастырған осынау салтанатты шараға хақ пайғамбарды қадір тұтқан қалалықтар мол жиналды.
Мерекенің мазмұнын байытып мәнін аша түскен Семей қалалық “Дариғай жастар театры өнерпаздарының дін насихатындағы ғибратты оқиғаларды көрініс ретінде қойған актерлік шеберліктері көрермен көңіліне ой салып, көздеріне еріксіз жас келтіріп ерекше әсерге бөледі. Семей қаласының мешіт қызметкерлердің айтқан Мәуліт салауаттары мен мадақтары, жиналған жұрттың жүрегін бір серпілтті, бір ерекшілігі мәуліт қазақша мәтінде оқылды. Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарының айтқан діни әндері, ұлтымыздың дәстүрлі әндері мерекенің әрін кіргізіп, жиналған көрермендерді қуанышты көңілге бөледі. Осы мерекені ұйымдастырушы Семей аймағының бас имамы Мұқанов Асқар Әбітайұлы өз сөзінде: “Құрметті мұсылман қауымы Мәуліт мерекесі мүбарак болсын! Ұлық мерекеде Аллаға мадақ сүйікті Мұхаммед с.ғ.с Пайғамбарымызға салауат айту сауапты амал. Құранда да Алла Тағала: «Шынында Алла Тағала және оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Ей мүминдер! Сендерде Пайғамбарға салауат айтып, сәлем жолдаңдар!» — деп бұйырады және Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с хадисінде кімде кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады. Он қателігін сызып, он есе дәрежесін жоғарлатады деген. Жиналған көпшілік тағылымдық мән-мағынасы зор рухани шарадан ерекше әсермен қайтқаны анық.
Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.