Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: ИМАМДАР ТЕК ШАРИҒИ ЕМЕС, ДҮНИЯУИ ДЕ БІЛІМГЕ ИЕ БОЛУЫ ТИІС

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы ретінде бірінші кезекте қандай мәселелер қолға алынуы тиіс деп ойлайсыз?

– Имамдар сауатты болу керектігі, теріс ағыммен күресетін білікті мамандар дайындау қажеттілігі – бүгінгі талап. Ағартушылық жұмыстарын жүргізу мәселесі де аса маңызды. Осы ретте біздің «Жеті рухани қазық» құжаттамамыз бар. Соның аясында имандылық, отансүйгіштік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, ауызбіршілік, әділеттілік секілді дүниелер халыққа айтылуы тиіс.

Бұдан бөлек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған көптеген құжаттар бар. «Имамның келбеті», «Мұсылманның көркем мінезі» секілді және басқа да қабылданған осындай құжаттарды имамдар білуі керек. Біліп қана қоймай, сол құжаттардың бағыты бойынша семинар-тренинг өткізетіндей дәрежеде болуы қажет. Өйткені имам – халықтың ортасында жүретін адам. Сол ортада жаңағы құжаттар жайлы ақпарат берумен шектелмей, соның негізінде дәріс өткізе алатын ұстаз дәрежесінде болуы тиіс. Сонда мүфтият қабылдаған құжаттар халыққа кеңінен насихатталады. Бұл – біздің бүгінгі имамдарға қойып отырған талабымыз.

– Ендеше, осы ретте бүгінгінің имамдары қандай болуы керек?

– Алматы қаласына сапарлаудағы мақсатымыз – осында орналасқан оқу орындарындағы шәкірттермен, ұстаздармен кездесу. Келешектегі кадр потенциалын пысықтап, соларды дайындайтын жерлердің жағдайымен танысу, білікті мамандар арқылы қолдау көрсету.

Жаһандану дәуірінде ақпараттық кеңістік күннен күнге дамып жатқан заман ағымына ілесе алатын, бүгінгі өмір талабына сай келетін имамдар дайындау – қазіргі талап. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «ХХІ ғасырдың зияткер имамы» деген жобаны қолға алып отыр. Қазіргі имамдарымыз халықтың сұранысына жауап беретін дәрежедегі білімге ие болуы керек.

Имамдарымыз тек шариғи емес, дүнияуи де білімге ие болуы тиіс. Себебі халыққа салыстырмалы түрде жеткізу үшін екі жақты білім иелерін қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы ретте діни басқармаға қарасты имамдарымыздың білім деңгейі күннен күнге артып келе жатқанын айта кеткен жөн.

– Басқарма жұмысының негізгі төрт бағыты белгіленгенінен хабардармыз. Соның төртінші бағыты – деструктивті ағымдармен жұмыс жүргізу. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар істелді, теріс ағымдарға ерген адамдардың осыған дейін қаншалықты бетін бері бұра алдыңыздар және бұдан кейінгі жұмыстар қандай болмақ? 

– Бұл бағыт бойынша теріс ағымдардың алдын алу және оңалту жұмыстары жүргізіледі. Аталған бағытта кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Мүфтияттың жақында өткен жиналысында осы бағытқа арнайы куратор бекіттік. Сол бұл мәселені республика бойынша қадағалайды. Сондай-ақ ҚМДБ жанынан осы бағытқа арнайы бөлім ашу жоспарда бар. Қазір мамандар іріктеліп, конкурстан өтіп жатыр. Оған қоса өңірдегі өкіл имамдардың бір орынбасары осы бағыт бойынша жауапты болып бекітілген. Әрине, тек қана жұмыс істеп қоймай, ай сайын олардың есебі алынады. Әр тоқсан сайын жұмыстарына баға беріледі. Бізде осы оңалту жұмыстарының арнайы әдістемесі жасалды және ол алдағы уақытта барлық өңірге таратылады.

Деректер келтіре кетер болсақ, 2019 жылы теріс ағымдардың жетегінде кеткен 900-ге жуық қандасымызға оңалту жұмыстары жүргізілді және оның нәтижесі де жаман емес. Яғни олар өзіміздің ханафилік дәстүрлі ислам бағытына қосылды. Біз бұл бағытта басқа да көптеген шаралар атқарамыз. Бұл бағытта Республикалық ақпараттық насихат тобы (РАНТ) және Жергілікті ақпараттық насихат тобы (ЖАНТ) жұмыс істеуде. Екеуі де жұмысын мемлекеттік және орыс тілінде жүргізеді. Өйткені теріс ағымның ықпалында кететіндердің арасында орыс тілділердің үлес салмағы басым. Сондықтан оларға насихат жұмыстарын өздеріне түсінікті тілде жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар бұл жұмыстардан түзеу мекемелері де тыс қалмайды. Ол үшін республика бойынша арнайы 100 білікті маманды іріктеп алдық.

Бұл жұмыстарда нәтижеге жетуде имамдарға үлкен міндет жүктеледі. Осы себепті олардың әрбірінен аймағында қызметтерін керекті деңгейде атқару сұралады. Өйткені біз бір болғанда ғана үлкен күшке айналып, жақсы нәтижеге жете аламыз.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Сәкен Орынбасарұлы,

Aqiqat arnasy газеті, №8, 2020 жыл