РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, АҒАЙЫН!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті жамағат!

Баршаңызды  қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Ислам әлемі ерекше құрмет тұтатын Рамазан айы – айлардың сұлтаны деп аталады. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде: «Рамазан – ақ пен қараны айырушы әрі ақиқатқа жол көрсететін айқын белгілері бар, адамдар үшін тура жол нұсқаушы Құран түсірілген ай», – дейді.

Дәл осы мүбәрак айда адамзатқа ақиқат жолын көрсетуші Құран Кәрім түсе бастаған және осы айда мұсылмандарға ораза парыз етілді. Сонымен қатар, мың айдан да қайырлы Қадір түні де осы айда. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айының ерекшелігі туралы: «Егер пенделер Рамазан айының қасиетін білсе, жыл бойы Рамазан болуын қалар еді» дейді.

Рамазан – берекелі де кешірімі мол ай. Ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай.

Қасиетті айда жамағаттарымыз жақсылықта жарысып,  төңірегіне мейірімділіктің шуағын көбірек шашса, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе қайырымдылық шараларына белсене  араласып, мұқтаж жандарға көмек қолын ұсынудың  сауабы мол.

Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Сондықтан да бүгінгідей  сын сағатында сабыр сақтап, береке-бірліктің, ынтымақтың өнеге-үлгісін көрсетейік, ағайын! Қасиетті Құран Кәрімнің шарх сүресінде Алла Тағала: «Әр қиындықпен бірге сөзсіз жеңілдік келеді» – дейді.

Алла Тағала індетті елімізден  алыстатып, халқымызға амандық, бақ-береке, мол ырыс  нәсіп етсін! Қасиетті айда жасаған ғибадаттарымыз бен амалдарымыз, дұға ниеттеріміз  қабыл болып, ел іргесі аман болсын!

 

Құрметпен, Асқар Мұқанов,

Семей өңірі бойынша бас имамы.