Біріншіден, Исламға дейін Қазақ халқының, яғни, біздің арғы бабаларымыз қыпшақ пен түркілердің діні тәңіршілдік болған. Ал, тәңіршілдік қандай дін? Кезінде бұл тақырып бойынша отандасымыз, белгілі ғалым Нұрмағамбет Аюпов пен Әуезхан Қодар және татарстандық Рафаэль Безертинов т.б. зерттеушілер академиялық зерттеулер жүргізді. Бүкіл ғұмырын осы тақырыпты жан-жақты зерттеуге арнаған ғалымдар «тәңіршілдік — монетейстік дін», — деген қорытынды жасаған. Х ғасырда Сыр бойындағы оғұздарға саяхат жасаған Ибн Фадлан түркілердің көпшілігі «Бір Тәңірге» табынатынын, іштерінде полетеистік (көпқұдайшылдық) нанымдағы түркі тайпаларын да кезіктіргенін жазған болатын (Саяхатнама). Дегенмен, бізге жеткен деректерді саралай келіп, түркілердің негізгі сенімі «Бір тәңірге нану» болғанын бажайлаймыз. Ал, түркілерге монетеистік сенімді кім әкелген? Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ескертуші пайғамбар келмеген ешбір үмбет жоқ» (Фатр, 24) деп бұйырады. Хақ Елшісі (с.а.у) өзінің хадис-шарифтерінің бірінде адамзат баласына «Жүз жиырма төрт мың нәби, үш жүз он бес елші» (Ахмат ибн Ханбал, Мүснад, 5/266, Суюти, әд-Дурул-мәнсур фит-Тафсирил-Мәсур, 1/126) жіберілгенін айтады. Демек, біздің жобалауымызша, түркілерге де көне заманда бір Тәңірге табынуға шақырған пайғамбар келген. Бірақ, оның кім болғанын кесіп айта алмаймыз. Әйтсе де, Исламға дейінгі діндердің түрлі өзгеріске ұшырағаны секілді Тәңір діні де әу бастағы саф күйін сақтай алмаған. Бұл пікірімізді қуаттайтын көптеген деректік мысалдар (тәңіршілдерге қарсы) бере аламыз. Шиырып айтқанда, түркі халқы тал бесіктегі құндақтаулы кезінде Тәңір дінін ұстанған десек қателеспейміз.
Екіншіден, Қазақ мемлекетінің рәмізі — көк байрағымыздағы айшықты белгілер ешқандай да тәңіршілдіктің символы емес. Елбасымыздың “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығында: «Мемлекеттік ту көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста — ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек — алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең. Бiрыңғай көк-көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде — көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде “көк” сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн — қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi», деп мемлекеттік ту белгілеріне айқын түсіндірме жасалған.
Яғни, «Қазақтың төл діні тәңіршілдік. Оның айқын дәлелі Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туында тәңіршілдіктің символы — көк аспан мен күн бейнеленген», деген пікір Қазақстан Республикасының конституциялық заң күші бар құқықтық нормаларына қайшы келеді.
Пікір қалдыру