Рамазан қайырымдылық айы

Барлық мақтау әлемдердің Раббысы болған Алла Тағалаға тән. Алланың игілігі мен ізгілігі, салауаты мен сәлемі Пайғамбарымызға (сғс), оның отбасы менен сахабаларына сансыз салауаттар мен сәлемі болсын.

Рамазан айы – Алла Тағаланың ерекше ықыласы түскен шарапаты мол, ізгі ниетті іске сауабы көп амал жасайтын ай.

Рамазан айы – мұсылмандардың мейірімділік пен қайырымдылық жасауға жақсылықта жарысатын ай.

Алла Тағала қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 148-аятында  «… жақсылықта жарысыңдар» – деп  бұйырған.

Рамазан айы – мұқтаждардың жоғын жоқтап, сауап ниетімен жәрдем беріп, қайырымдылық көрсетіп, жомарттық танытатын ай.

Ал жомарттық – Исламдағы өзгелерге көмек көрсетуде сауабы мол амал.

Жомарттық жасайтын адам тек Алланың ризашылығын көздейді. Қазақ халқы мұндай адамды «қолы ашық, жаны жомарт адам»-деп бағалаған.

Алла Тағала құранда «Бақара сүресінің 3-аятында» «Сондай олар көмеске иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) пайдаландырады» – десе тағы

 Мұхаммед сүресінің 38-аятында «Негізгі сендер Алла жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда аралаыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені, Алла бай, сендер кедейсіңдер. Егер Алладан теріс айналсаңдар сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар сендер секілді болмайды» – деп ескерткен.

Жомарттық – адам қасиеттері мен көркем мінездерінің бірі.

Дана халқымыз: «Кең болсаң кем болмайсың» – деп қанатты сөз қалдырған.

Жомарттық екі түрі болады Зати  және Рухани.

Зати жомарттық – Ораза кезінде көп садақа беру, дәулет иесінің зекетін беру, мұқтаждарға қол ұшын беру, ораза ұстағандарға ауыз ашар беру.

Рухани жомарттық – Рамазан айының құрметіне кешірімді, рухымды, ілтипатты болу, мұқтаж және қиналған адамдардың көңілін аулау, жақсы сөз айтып, жылы шырай таныту.

Жомарттық жөнінде Пайғамбарымыздың (сғс) көптеген хадистері бар.

Пайғабарымыз (сғс) «Жомарттық – Аллаға, жәннатқа және халыққа жақын, жаһаннамнан алыс. Сараңдық – Алладан, жаннаттан және ел-жұрттан алыс, жаһаннамға жақын» – деген. (Тирмизи Бирр 40)

Айша анамыз (рғ) былай деп әңгімелейді. «Алланың елшісі (сғс) өте жомарт болатын. Ал Рамазан айында ерекше көп жомарттық көрсететін» – деген.

Пайғамбарымыз (сғс) сахабаларын ораза тұтушыларға қамқорлық жасауға шақырған. «Кімде-кім ауыз бекіткен адамға қамқорлық жасаса, сол адамның сауабына тең сауап алады және оның бір түйірі де кемітілмейді» деген. (Сүнән Әт-Тирмизи)

Халық даналығында айтылатын:

«Қайырымдылық жасасаң  – қайырын өзің көресің» – деген нақыл сөздің мәні осы болса керек.

Алла Тағала ниетімізбен амалымызды қабыл етіп, Рамазан айында көптеген қайырымдылықтар мен жақсылықтар жасаған пенделерінен етіп, баршамызды Рамазаннан Рамазанға аман есен жетуімізді нәсіп етсін.

Семей қаласы

«Шағыл» мешітінің Бас имамы

Қайрат Қыдырханұлы