СМАЙЫЛ СЕЙТБЕКОВ: ДІНИ ОҚУДЫ ОНЛАЙН ЖҮРГІЗУ – ҚИЫННЫҢ ҚИЫНЫ…

Ғаламдық пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай елдегі біраз саланың ілгері дамуына, әсіресе, білім саласындағы жұмыстардың жүруіне едәуір әсер етті. Карантин режимінің сақталуы жастардың білім алуына айтарлықтай әсерін тигізері сөзсіз.

Осы орайда ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы-ғалым Смайыл Сейтбековпен сұхбаттасып, онлайн білім берудің қиындығы мен ерекшелігін сұраудың сәті түскен еді.

ҚҰРАН ҮЙРЕНУ ШӘКІРТТІ ТЫҢДАУМЕН ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

– Смайыл Сүйерқұлұлы, ең алдымен мынаны айтыңызшы, карантин діни білім жолындағы ұстаздар мен шәкірттерге қалай әсер етті?

–  Әлемді алаңдатқан пандемия Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Бұл жағдай бүкіл елде бұрын болмаған жүйені қалыптастыруға итермеледі. Бәлкім, кейбір оқу орындары студенттерді қашықтан оқытқан болса, қазіргі кезде мектептен бастап жаппай онлайн оқыту жүйесіне көшті. Әрине, алғашында бәрі де абдырап қалды. Тәжірибе жоқ, тәжірибе болмағаннан кейін бұл қиынға соқты.

Екіншіден, интернет желісінде арнайы байланыс құралын пайдалануда қиындықтар болды. Дегенмен, бізге де Білім және ғылым министрлігінің көрсеткен бағдары бар, яғни, төтенше жағдай кезінде Zoom мобильді қосымшасы арқылы қашықтықтан оқыту, онлайн сабақ өткізуді медреселеріміз де жүзеге асыра бастады.

 Онлайн оқытудың интернетке бәрінің бірдей қосыла алмай қалуынан басқа қиын тұстары бар ма?

  Басқа сала өз алдына, діни білім беру саласында онлайн оқыту жүйесін қалыптастыру өте қиын. Бір ғана мысал айтайын, Құран әліппесі, яғни, тәжуид сабағы. Бұл – ұстаз бен шәкірттің бетпе-бет отырып өткізетін дәрісі. Неге қиын? Өйткені құран үйренуші шәкірт аятты оқиды, ал оны тыңдап отырған ұстаз сол сәтте-ақ оның қателігін көрсетіп, түзетіп отыруы тиіс.

Құран оқу ережесінде созып оқу, тоқтау деген бар. Махраж, яғни, әріптердің дұрыс дыбысталу ережесі деген де бар. Мәселен, араб тіліндегі «х», «айн» әріптерінің өзіндік дыбысталу ерекшеліктері бар. Ал ол әріптер орнымен айтылмаса, оқылған құран дұрыс болып саналмайды. Мысалы, қазақ тілін енді үйреніп жүрген бір шетелдік «ң» әрпін айта алмаса, «ғ»-ны «г» деп, «ұ», «ү» әріптерінің орнына «у» дыбысын қолданса, біздің құлағымызға түрпідей тиеді ғой. Міне, сол секілді араб әріптерінің де өзіне тән дыбысталу ерекшеліктері бар. Құранды да қате оқыған жағдайда сол заматта оны түзететін ұстаз шәкірттің жанында болуы керек.

Хадис, тәпсір сабақтарын мысалға алайық. Бұл жерде ұстаз шәкірттермен бірге отырып талқылап, талдап және оларға сызып тұрып түсіндіріп, шәкірттер сол сәтте нәзік жерін сұрап алып, ұстаз да лезде түсіндіріп кетпесе, кейінгілердің қателесу ықтималдығы жоғары болады. Ал қателік көптеген адамдарға зиянын тигізеді.

Сол себепті медицинада дәрігерлер операцияны онлайн жасай алмайтыны, оны олай үйрете алмайтыны секілді, діни білім саласында да онлайн құран үйрету мүмкін болмайды. Көзбе-көз оқығанын тыңдап, қателігін бірден жөндеп кете беруі керек.

 ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ӘЛИ ӘЛ-АББАСИ – МЕККЕНІ ЕУРОПАҒА ТАНЫСТЫРҒАН САЯХАТШЫ  

САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫ САҚТАЙ ОТЫРЫП СЫНАҚ ӨТКІЗЕМІЗ

– Ал биылғы емтихандар қалай өтеді? Диплом алғалы отырған түлектердің жайын айтсаңыз…

– Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, егер де емтихан тапсырушылардың саны аз болса, санитарлық талаптарды ескере отырып, бір кабинетте 5 адамнан сынақ алынады. Ал шәкірттердің саны көп болса, онда емтихан онлайн түрде өтеді. Бірнеше аудиторияға бес-бес шәкірттен кіргізер болсақ, кейін ол жер міндетті түрде дезинфекцияланып, келесі бес адам сынақ тапсыруға кіреді. Амандық болса, медреселерімізде емтиханды осылай өткізуге дайындалып жатырмыз.

Медреселеріміздің шәкірттері айтарлықтай көп емес. Республика бойынша 9 медресе болса, соның ішінде ең көбі – «Сарыағаш» және «Шымкент» медресесінің түлектері. Жоғарыда айтып өткендей, санитарлық талаптардың, әсіресе, осы екі медреседе сақталуына күш саламыз. Карантин режимінде қалып қойған ауыл-аймақтардағы шәкірттерімізден онлайн емтихан алынады.

– Білімін жалғастыратын және медреселерге талаптанып отырған мектеп түлектері жаңа оқу жылына қалай қабылданады?

– Биыл медреселерімізді ұзынсаны 529 шәкірт бітіргелі отыр. Бұл 2010 жылдан бері қарай медреселерімізден ең көп шәкірт шыққан жыл болмақ. Әрине, оның барлығы дерлік дін қызметіне бірден кірісіп кетеді деп айта алмаймыз. Олардың ішінде білімін жалғастырамын деушілер «Нұр-Мүбәрак» университетіне түсуге талпынады, бағы жанып жатса, Түркия Дін істері басқармасына қарасты «Хасеки» академиясына түсетіндер де кездеседі.

Биылғы бітірушілер арасында қыз балалар да жылдағыға қарағанда әлдеқайда көп. 200-ден астам қыз баланың ішінен білімін жалғастыратындар да, мешітке барып ұстаздық қызметке тұратындар да, болмаса басқа мамандық бойынша білімін шыңдайтындар да болатыны даусыз. Біз оған шектей алмаймыз.

Осы орайда ҚМДБ-ның негізгі мақсаты мешіт қызметкерлерін дайындайтын маман дайындау екенін баса айтқымыз келеді. Алайда, бітіруші түлектердің барлығы да мешітке барып қызмет істейді деген талап жоқ. Өйткені бұған дейін айтқанымдай, білімін жалғастырушылар да, қыз бала болса, отау құрып, отбасына қарайтындары да болады.

ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН ДЕГЕН АДАМҒА ЖҰМЫС КӨП

 Шетелде білім алып жатқан шәкірттердің жағдайына тоқталып кетсеңіз…

 ҚМДБ мен Түркия Дін істері басқармасы арасындағы келісімшарт аясында жыл сайын «Хасеки» академиясына бірнеше шәкіртіміз жолдама алып, білімін жалғастырады. Олардың саны жыл сайын өзгеріп отыратынын еске сала кетейін. Яғни, Түркия Дін істері басқармасы қанша талапкерді таңдап алатынын өздері шешеді.

Айталық, 2013 жылы 24 түлектің бағы жанып, академияға жолдама алса, 2014 жылы 20 бала, 2015 жылы 29 шәкірт, 2017 жылы 17 түлегіміз, 2018 жылы сегіз-ақ бала, ал былтыр 18 шәкіртіміз білімін жалғастыруға мүмкіндік алды. «Хасекиге» қабылдау біздің ұсынған шәкірттерімізден емтихан алу арқылы өтеді. Сынақты түркиялықтар өздері жүргізіп, шәкірттерді өздері іріктеп алады.

Бұған дейін 116 шәкіртіміз жолдама алса, соның 77-сі бітіріп келді. Қалғаны оқуын жалғастырып жатыр. Ал басқа шетелдік оқу орындарына біз арнайы түрде талапкерлерімізді немесе қызметкерлерімізді жіберіп жатқан жоқпыз. Өйткені оның бәрі екіжақты келісім арқылы жүзеге асуы керек.

 Биыл қанша шәкірт «Хасеки түлегі» атанды?

– Биыл Түркиядан 17 шәкіртіміз білімін шыңдап келді. Олардың барлығын қызметке тағайындадық. Енді амандық болса, маусым айының соңында осы шәкірттерді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен жүздестіріп, хазіреттің батасын алып, қызметтеріне шығарып салуды жоспарлап отырмыз. Себебі үш жарым жылдай шетелде білім алған шәкірттеріміз еліміздің кез келген аймағында қызмет істеуі тиіс деп есептейміз.

– Осы орайда бір сұрақ туындап отыр. Хасеки түлектерін қызметке тағайындадық дедіңіз. Ал өзіміздің медресе түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесі қалай шешіледі? Өздері іздей ме, әлде сіздер қызмет ұсынасыздар ма?

– Жалпы алғанда Қазақстан бойынша 3 мыңға тарта мешітіміз бар. Солардың бәрінде де маман күтіп тұрған вакансия да баршылық. Біз жыл сайын бітіруші түлектерді әртүрлі аймақтардағы мешіттерге қызметке жібереміз. Өйткені облыстардағы қаншама ауыл-аймақтың мешіттеріне маман жетпей жатыр. Бізде вакансия жағынан мәселе жоқ. Дініме, еліме қызмет етемін деген мақсаты бар әр шәкіртімізге жұмыс көп. Шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке дейінгі ұлан-ғайыр жерімізде қанша мешіт болса, сонша қызмет те бар.

Соңғы сұрағым болсын, біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға әлі күнге дейін «діни сауат ашу курстарын онлайн оқыта аласыздар ма?» деген сұрақтар жиі келеді. Биылғы жағдайға байланысты жазғы лагерь, сауат ашу курстары қалай жүзеге аспақ?

– Ең алдымен жазғы лагерлерді ұйымдастыру мүмкін болмай тұрғанын айта кетейін. Өйткені мешіттеріміздің өзін әлі толық аша алмай отырмыз. Қазіргі каратин режимінің қашанға дейін созылатынын білмегендіктен, әзірге ештеңе де кесіп айта алмаймыз. Ал діни сауат ашу курстарын онлайн түрде өткізу жоспарда бар. Өйткені қазір мүфтиятта да, облыстардағы мамандарымыз да онлайн дәрістер жүргізуді бір жолға қойды. Енді тек бір ғана қиындық бар. Ол – ауыл-аймақтардағы балалар онлайн дәріске кіре ала ма, кіре алмай ма деген мәселе… Ол жерде мешітке келіп сабақ алғандай болмайтыны белгілі. Бірақ біз қолымыздан келгенше онлайн дәрістерді өткізуге тырысамыз.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет! Еңбегіңіз берекелі болсын!

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ