АТА-АНАҒА ҚҰРМЕТ – ҚҰДАЙҒА ҚҰРМЕТ

Жұмақты алыстан іздеп керек емес. Жұмақ әрқайсымыздың үйімізде. Құранда айтылғандай, ата-ананың разылығы – Алланың разылығы. Қартайған шағында ата-анасын бағып-қағып, оларға қызмет еткен жан жәннатқа лайықты болмақ.

Ұлы Алла Тағала қасиетті Құранда: «Адамдарға ата-анасына жақсылық жасап,қарайласуды бұйырдық. Анасы қиыншылық үстіне қиыншылық көріп, оған жүкті болды. Екі жылда омыраудан айыруы бар дейді», Лұқман сүресі 14-аятта.

Ұрпақтың жалғасын табуы үшін барлық ауыртпалықты тартатын ата-ана екені сөзсіз. Ана сәбиін тоғыз ай көтеріп, небір қиыншылықты  бастан  өткізеді. Тіпті өмір мен өлімнің арасында нәрестесін дүниеге әкеледі. Ешбір нәрсеге қауқары жоқ бөбегін мәпелеп, түн ұйқысын төрт бөліп, бағып-қағады. Сондықтан Алла Тағала өзінің қасиетті кітабында:

«Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтерді. Оның емшектен шығуы да екі жыл алады. Ендеше: «(Уа, адам баласы!) Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың (және істеген істерің үшін жауап бересің)» («Лұқман» сүресі, 14-аят) деп бұйырады.

Атақты ғұлама Насраддин ат-Туси, ата-ана ақысын әділеттілік деп түсінеді. Оның пікірінше әке-шешенің балаларын дүниеге әкелуі, олардың тәрбиеленуі секілді қиындықтардан былайша бір қорытынды шығады: Аллаға құлшылық ету және берген рызық-несібесіне шүкіршілік ету әділеттіліктің нышаны болған секілді, Алланың алдындағы парызды өтеуден кейін ата-ана ақысын өтеуден асқан ешқандай бір фазилетті істің болмауы да әділеттіліктің белгісі. Сонымен қатар әке-шешеге шүкіршілік ету және олардың разылығын алудан асқан бір құлшылық болмауы керек. Осы себепті әке-шешеге жақсылық жасау, Алланы мойындау және Оған ғибадат етумен тең көрілген. Оның көзқарасы бойынша бұл ақыны өтеу, Илаһи ақыдан да бұрын келеді. Өйткені Алла Тағаланың бұл нәрсеге мұқтаждығы жоқ. Алайда әке-шеше әр уақытта балаларының көрсеткен қиындықтарының қарымтасы ретінде олардан көп нәрсе күтеді.

Ақиқатында, балаға берілетін тәрбиенің ең бастысы – имандылық тәрбиесі. Өйткені бұл ата-ананың баласының алдындағы ең алғашқы міндеті. Жаратқан Иесі жайлы танымды үйрету, шынайы мұсылман болып өсуіне жағдай жасау басты мақсат.

Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Балаларыңды үш түрлі қасиетке баулыңдар: Пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін сүюге және Құран оқуға. Шындығында Құранды көтергендер (жаттағандар) ешқандай көлеңке болмайтын күні (Қиямет күні) Алланың Аршысының көлеңкесінде болады». (Табарани риуаяты).

Алла Тағала ата-аналарының көзайымы болатын иманды ұрпақ тәрбиелеп өсіруге жазсын! Сол арқылы Өзінің разылығына жеткізей. Әмин!

 

            Әріпжан ҚОЖАНҰЛЫ

                      Бородулиха ауданының бас имамы