Құрбан айт мейрамы ағымдағы жылдың 31 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді. Мұндай шешім ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің кезекті отырысында қабылданған-ды.
-Кеше еліміздің Бас Мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы Құрбан айт мерекесінің өткізілуі бойынша арнайы брифинг өткізді. Республикамыздағы, соның ішінде Семей қаласындағы мешіттер жабық болуына байланысты 31 шілдеде Құрбан айт намазы оқылмайды. Сондай-ақ, биыл құрбандық шалуда да ерекшеліктер бар. ҚМДБ жанындағы «Зекет» Қоры ағымдағы жылы 24 шілдесінен бастап «Qurban2020.muftyat.kz» арнайы сайтын іске қосты. Осы жүйе арқылы ел бойынша құрбандық шалу рәсімі онлайн-тапсырыс беру арқылы жүзеге асырылады, – деп атап өтті өз сөзінде Бас имам.
Аймақтың бас дін қызметкері сонымен қатар тапсырыс беруші сайтта құрбандық үшін союға таңдаған мал ақысын Kaspi.kz онлайн-банкингі арқылы төлей алатынын, төлемнің қабылданып, тапсырыс орындалғаны жайлы смс-хабарлама келетінін де жеткізді.
Айта кетерлігі, эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбандық еті толығымен тек мұқтаж жандарға таратылады.
Брифинг барысында айтылғандай, Семей қаласында құрбандық шалу рәсімі өтетін арнайы орны бекітілген. Ол жерде тек тиісті мамандар, атап айтсақ имам, қасапшы, бейнеоператор болады. Құрбандық шалу рәсімі толықтай бейнетаспаға жазылып, ролик тапсырыс берушіге бейнеесеп ретінде жолданады. Өзге адамдарға келуге тиым салынған.
Сол тәрізді көмекке аса мұқтаж, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындар құрбандыққа шалынған малдың етін алуға онлайн түрде өтінім бере алады.
Бас имам атап өткендей, онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін мұқтаж жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, БАӘ сынды мұсылман елдерінде бұрыннан қалыптасқан. Егер ел мұсылмандары тілек білдіріп жатса, онлайн-тапсырыс беру ісі келесі жылы да жалғаспақ. Ал, қазіргі күні семейлік дін қызметкерлері Құрбан айтқа дайындықты бастап кетті. Қалалық әкімдік пен бірлесіп барлық сұрақтар шешілуде.
Баспасөз мәслихаты барысында Бас имам Асқар Әбітайұлы БАҚ өкілдерінің қойған сауалдарына да кең көлемде жауап қайырды.
Семей Қос мұнаралы орталық мешіттің баспасөз қызметі.
Пікір қалдыру