СӘЛАФИЛІКТІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ҚАУПІ ҚАНДАЙ?

Тарихқа көз жіберсек, ықылым заманнан бері қандай қауым болмасын дінсіз өмір сүрмегенін байқаймыз. Қай жағынан алып қарасақ та, адам дінге, оның асыл құндылықтарына мұқтаж. Себебі, адамның жаратылысында Жаратушыға, тылсым әлемге деген сенім бар.

Бұл орайда соңғы жылдары асыл дініміз Исламға жастардың жаппай бет бұруы көңіл қуантқанымен, кейбірінің жат ағымдар жетегіне түсіп, ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан ұлттық салт-дәстүріміз бен өмір сүру қағидаларымызды жоққа шығаруы еліміздің ынтымақ-бірлігіне қауіп төндіруде. Бұған соңғы жылдарда тек қысқа балақ қойып, күтімсіз сақал өсіру немесе қара түспен «ниқаб кию» секілді сыртқы сипаты ғана емес, ғасырлар бойы ұстанған әдет-ғұрпымызды жоққа шығару жағдайлары дәлел.

 Егемендік алып, шетелдерге шекарамыз ашылғалы бері түрлі діни ұйымдар өз қызметін біздің елде жалғастырып, жемісін беріп те үлгерді. Бүгінгі күні солардың ішінде қазақ қоғамына, әсіресе жастарымызға қауіп тудырып отырғаны – сәлафилік идеологиясы. Сәлафилік сөзінің түп төркіні араб тіліндегі «сәлаф», яғни бұрынғы өткен, бұрынғылар деген сөзден келіп шыққан. Ислам тарихындағы алғашқы үш буын өкілдері – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың, сахабалардың және табиғиндердің кезеңдерінде сәлафтар деп айтылады. Сонымен қатар бұл үш буынның ұстанған жолы нағыз ақиқат әрі дұрыс болып саналады. Қазіргі таңдағы сәлафилер өздерін біз алғашқы үш буынның жолын ғана ұстанушылармыз, сондықтан біз сәлафилерміз деп жариялауда. Бұл топ өзін қаншалықты алғашқылардың жолын ұстанушы атағанымен, уахабилік қозғалысының жалғасы екенін жасыра алмайды. Ендеше, сәләфилердің негізгі белгілері қандай және қоғамға қаупі қандай деген сұраққа жауап іздеп көрелік.

Біріншіден, сәлафилік бағытын ұстанушылар өздерінің пікірімен келіспейтін тараптың бәрін жоққа шығарады, соның ішінде дәстүрлі ханафи мазхабы мен мәтруди мектебінің тәлімін ұстанатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын да адасушылықпен айыптайды. Бұған мысал ретінде, 2011-2012 жылдары Таразда, Атырауда және Ақтөбеде орын алған өкінішті оқиғаларды сәлафилік идеологияның және «Мұсылман бауырлар» қозғалысынан бөлініп шыққан «Әт-Тәкфир уәл-хижра» жамағатының әрекеттерді, бұрынғы жылдары Ақтөбе қаласында бірнеше жазықсыз адамның өліміне әкелген қару сататын дүкендерге шабуылды  аталмыш идеологияның тікелей нәтижесі ретінде қарастыруға болады.

Екіншіден, бұл жай ағым емес, үлкен саяси, қоғамдық және экономикалық мақсаттары бар ағым. Себебі, араб мұсылман елдерінің өзінде, бір-екі араб елінен басқасында сәләфизм ілімі қолдауға ие болмаған. Осы тұста, неге біздің елге араб мұсылман елдеріндегі дәстүрлі исламның өкілдері келіп дінді уағыздамады деген заңды сұрақ туады. Демек, осы идеологияны ұстанушылардың өз мақсаты бар. Тәуелсіздік алған жылдары елімізге араб елдерінен келіп жұмыс жасаған Ислам дінін уағыздаушылар тек сәлафилік бағытының өкілдері болды. Соның «жемісін» қазір көрудеміз.

Үшіншіден, сәлафи бағытын ұстанған адамның психологиясы өзгереді.  Өзі және өзі секілді жандардың ұстанымын ғана мойындап, басқа ұстанымдағы (яғни сәләфи емес) ата-ана, дос-жаран, туған-туыс, басқаларын мұсылман бола тұра, адасқан деп таниды. Мұндай ой «мұсылман бір-біріне бауыр» деген ұғымды жоққа шығарып, адам бойындағы мейірімділік, жанашырлық, сыйластық қасиеттеріден айырады. Осындай көзқарастың әсерінен айналасына деген қарсылығы күшейіп, уақыт өте келе отбасыдан бас тарту ғана емес, бұдан да зор қылмыстарға өз-өзін итермелейді.   Сәлафизм ұстанушысының мұндай көзқарасын қоғам институтының әлсіреуіне, құндылықтарының жоғалуына, мемлекет қауіпсіздігі мен оның болашағына төнген қатер деп тануға болады.

Төртіншіден, сәлафилік бағытын ұстанған кез келген адамның ақидасы да, оқитын әдебиеттері де бір болғандықтан, олардың өзін бірнеше топқа бөліп қарастыруға негіз жоқ. Себебі соңғы жылдары бұл ағымдағы  ұстанушыларды байсалды (умеренный) және радикалды деп бөліп қарастыру қажет деген пікірлер де айтылады. Ал шындығына келгенде, олардың кейбір саяси ұстанымдарында ғана айырмашылық болмаса, діни негіздегі ұстанымдар мен сенімдердің өзгеріске ұшырауы әдетте мүмкін емес. Ал саяси көзқарастар мен ұстанымдардың мүдде мен ахуал талабына сәйкес құбылып тұратыны заңды нәрсе. Сондықтан сәлафилік ұстанымдағылардың   қарулы іс-әрекетке бару-бармауына қарай байсалды не радикалды деп бөлудің қажеті жоқ. Себебі олардың «байсалдысы» да, «радикалдысы» да Ислам дініндегі ақида және құқықтық мектептердің ешбірін дұрыс деп қабылдамайды. Сонымен қатар оларды адасқандар, бидғатшылар және тозақылар деп санайды. Ал олардың кейінгі әрекеті мұндай адасушылықтан Ислам әлемін тазарту үшін күресуге шақыру болмақ.

Дін адамға екі дүниеде де дұрыс өмір сүрудің, Хақтың разылығына бастайтын ереже-қағидаларды қамтыған илләһи бұйрықтар мен тыйымдар жиынтығын құрайды. Ал сәлафилік секілді теріс ағымның кесірінен осы кезеңге дейінгі ата-бабаларымыздан қалған құндылығымызды жатсынып, мұсылмандар татулығына сына қағып, соңы реніш, дау-дамайға әкелсе, қайсысы қауіпті? Ғасырлар бойы ұстанған дәстүрлі мәдениетіміз, Ханафи мәзһабы мен мәтуриди ақидасы ма, әлде осының бәрін бір мезетте «бидғат» санап, ұстанушыларын «адасқандар, кәпір» санайтын сәлафилік пе?

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» дейді заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Егер ұрпағыңызды, оның болашағын ойласаңыз, жастайынан ана тілі мен дініне, ділі мен дәстүрін біліп өсуіне жағдай жасаңыз. Себебі бойында ұлттық рухы бар, ақылы мен білімі қалыптасқан ұрпақ қана адаспайды.

Бауыржан БАЛТАБЕКОВ,

Семей қалалық  Қос мұнаралы орталық мешітінің наиб имамы.