Сүйікті пайғамбар өмірге келуіне байланысты «Сағынышпен мың салауат айтайық» атты онлайн іс-шара өтті.

Рабиул әууал айының 11 жұлдызы, қазанның 28-нен 29-на қараған түні Пайғамбар мәулітіне арналған шара аясында Семей «Қос мұнаралы» орталық мешітінде «Сағынышпен мың салауат айтайық» атты онлайн іс-шара өтті.

Семейлік имамдар мен мешіт ұстаздары ұйымдастырған тікелей эфирдегі сауапты шара барысында наиб имам Ержан Исаханұлының және мешіт ұстазы Рашид Мейимбекұлының жүргізуімен «Сен Пайғамбарды танисың ба?» атты тақырыпта викториналық сұрақ-жауап ойыны өткізілді. Мұхаммед (с.а.у.) өмірбаяны, адамзат үшін жарық нұр болған Ислам дінін насихаттаудағы қайраткерлігі жайында сауалдар қойылып, әр дұрыс жауапқа ақшалай жүлделер тағайындалды.

Әлеуметтік желі қолданушылары қойылған 15 сауалға instagram желісінде тікелей эфирде жауап жазу арқылы белсенділік танытты.

Онлайн мәуліт барысындағы осынау тағылымы мол шарадан жалпы көпшілік Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тұлғасы, мақсат-мұраты жайлы мол мағлұмат алғаны анық. Викториналық сауалдарға сонымен қатар, республикамыздың өзге өңірлері – Нұрсұлтан, Алматы, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Талдықорған, т.б сынды аймақтар мен облыстың барлық аудандарынан instagram қолданушылары қатысып белсенділік танытты.

Алғаш рет онлайн режимінде өткен мәуліт кешін alashdin.kz сайты мен әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларынан көре аласыздар.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.