Сағындық сені я, Расул Алла – атты онлайн мәуліт кеші өткізілді

ҚМДБ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Семей өңірлік өкілдігінің ұйымдастыруымен «Қос мұнаралы» орталық мешітінде «Сағындық сені я Расулалла» атты тақырыпта мәуліт айына арналған танымдық-тағылымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Әуелгі кезекте онлайн режимінде youtube, instagram және facebook әлеуметтік желілерінде ұйымдастырылған сауапты шараның кіріспесін өңірдің Бас имамы Асқар Мұқанов алғысөзбен ашып, Пайғамбар мәулітінің маңыздылығы жайында сөз қозғады.

Расулалла өнегесінің мәні, Жаратушы жіберген ізгілік елшісіне деген құрмет-махаббаттың әр мұсылман үшін маңыздылығы туралы айтып өткен А.Әбітайұлы дәстүрлі дініміздегі мәуліттің алар орнына да тоқталды. Алла елшісінің өз үмметіне деген махаббатын сезіндіретін мәуліт мерекесінің фазилетін де кеңінен түсіндіріп берді.

Сонымен қатар, Төлеубек қажы мешітінің ұстазы, қари Ералы Нұғманов Бәрзәнжи мәулітін нақышына келтіріп әуезді үнмен мәуліт оқыды.

Еліміз бойынша ғана емес, күллі әлемнің мұсылман мемлекеттері арасында онлайн түрінде өткен мәулітке бір мезетте барлық әлеуметтік желілер бойынша қолданушылардың көпшілігі қатысып отыр.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.