ҺАШИМ ЖӘМИЛ ОҚИҒАСЫ

Бірде бір Ирак ғалымы, шейх Һашим Жәмил (1941 жылы дүниеге келген, қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрады) басынан өткен ғажайып оқиғаны әңгімелеп берген еді.

«әл-Азһар университетінде докторлық диссертация қорғау қарсаңында қаражат қиындығына тап болдым. Емтихан уақыты жақындады. Пәтер иесі үйін босатуды талап етті. Мен одан емтихан аяқталғанша уақыт беруді сұрадым. Бірнеше күн ғана уақыт берді. Артынша Ирактан маған жіберілетін ақша да келмей қойды.

Қатты абыржып қалдым. Көшеге шықтым. Каир көшесіне түсіп, басым ауған жаққа кеттім. Бір кезде ақшам намазына азан шақырылды. Намаз оқуға бір ескі мешітке кірдім.  Намаз оқып болған соң михрабта мына өлеңге көзім түсті.

«Сені нутфадан (бір тамшы судан) жаратқандағы Жәмил (шексіз әдемі) сипатымды еске ал. Анаңның қарнында саған ажар бергенімді ұмытпа. Барлық ісіңде Маған сенім арт. Қорқынышты және ауыр істерде Мен саған жеткіліктімін. Істеріңді Маған тапсыр. Мен үкімдерімді орындап, өз қалағанымды істейтінімді біл».

Өлең маған қатты әсер етіп, рухымды көтерді. Шерім тарқады. Асықпай пәтерге қайттым. Бірнеше минуттан соң біреу есік қақты. Ашсам, пәтер иесі тұр. Ол маған:

«Мазаңызды алғаным үшін кешірім сұраймын. Жарайды, емтихандарды ақырын тапсырып ала беріңіз. Пәтерді кейін босатасыз», – деді. Мен оған қуана алғыс айттым. Бір сағаттан кейін біреу қоңырау шалып, Ирактан маған ақша жібергенін айтты. Таңғалғаннан сілейіп қатып қалдым.

Келесі күні сол мешітке барып, әлгі өлеңнің авторы кім екенін сұрамақ­шы болдым. Алайда михрабтан ол өлеңді таба алмадым. Мен имамнан, азаншыдан және қызметшіден өлең туралы сұрастырып едім. Олар маған: «Есің дұрыс па? Бұл михраб отыз жылдан бері осы күйінде тұр. Ол жерде ешқандай өлең жоқ», – деді. Қайран қалдым. Алла Тағалаға адамның жағдайын өзгерту оп-оңай екен ғой».

Хасан Аманқұл