3 МАМЫРДАН БАСТАП ЖҰМА НАМАЗЫН ОҚУҒА РЕСМИ РҰҚСАТ БЕРІЛДІ (ФОТО)

Еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың кезекті жаңа қаулысы жарияланды. Қаулы 2021 жылғы 3 мамырда сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.
Қаулыға сәйкес еліміздегі мешіттер аумағында жұма намазын оқуға рұқсат берілді.

Бұл жайлы қаулыда: «Мешіттер, православие шіркеулері және басқа да діни объектілер аумағында ұжымдық діни іс-шараларды (оның ішінде «жұма намазы», күнделікті православиелік дұғалар және басқаларын) ашық ауада өткізу маска режимі мен бір адамға кемінде 4 метр есебінен әлеуметтік қашықтық сақталған кезде жүзеге асырылады» делінген.

Айта кетейік, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айының алғашқы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, ел мұсылмандарының жұма намазын асыға күтіп жүргенін хабардар еткен еді. Мемлекет басшысы елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталатынына, мешіттердің толық ашылатын күні алыс емес екеніне сенім білдірген болатын.