Ғалымдарымыз «Әділдік дегеніміз – әр нәрсені өз орнында, ерте де емес, кеш те емес өз уақытында, артық та кетпей, кем де қылмай өз мөлшерінде жасау, – деген анықтама берген екен.
Алла елшісі (с.а.с.) бізге мұның жарқын үлгісін көрсетіп кетті. Ісімен де, сөзімен де, қоғамдық өмірде де, отбасында да әділдікті ұстанудың жолын үйретті.
Әділдік, ең әуелі Алланың әмірі. Жаратушы Иеміз Нахл сүресінің 90 аятында “Алла Тағала әділдікті әмір етеді”, – десе, басқа бір аятта “Уа, иман келтіргендер! Куәлік бергенде Алла үшін қара қылды қақ жарған әділдік танытыңдар! Қандай да бір қауымға қарсы жек көрушіліктерің сендерді әділетсіздік жасауға итермелемесін! Әділ болыңдар! Әділдік тақуалыққа ең жақын нәрсе. Аллаға қарсы келуден сақ болыңдар. Алла сендердің істеріңнен толықтай хабардар”, – деп бұйырады (Маида сүресі, 8 аят).
Абай атамыздың “Досыңа достық – қарыз іс, Дұшпаныңа әділ бол”, – деген өсиеті бұл аяттың қысқаша мазмұны бізге баяндап береді.
Алла елшісі “Мен пайғамбармын”, – деп кеудесін соқпай, әрдайым өзін жолдастырмен тең дәрежеде ұстайтын, олардан ерекшеленуді ұнатпайтын. Бұған дәлел, Бәдір деген жерге дұшпанның шабуылын тойтаруға кетіп бара жатқанда 3 адам бір түйеге кезектесіп мінеді. Жанындағы екі адам Алла елшісіне “Сіз түйеден түспей-ақ қойыңыз, біз жаяу жүре береміз”, – деп ұсыныс жасағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) “Сендер менен күшті емессіңдер, ал, менің сауапқа мұқтаждығым сендерден кем емес”, – деп, кезекті сақтайды.
Алла елшісі (с.а.с.) әділдік заңының баршаға ортақ екенін, бай-кедей деп бөлмейтінін ескертеді. Бірде арабтардың ішіндегі белді рудан бір әйел ұрлық жасап, жазаға кесіледі. Сонда оның руластары араға адам салып араша сұрауға тырысады. Алайда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алланың заңының бұзылуына жол бермейді және кешқұрым халықтың алдына шығып “Сендерден алдыңғы қауымдар күштілері ұрлық жасаса кешіріп, әлсіздері ұрлық жасаса жазаға тартулары себепті құрдымға кетті. Ал, мен, Аллаға ант етейін! Тіпті, қызым Фатима ұрлық жасаса да қолын кесуге үкім беремін”, – деп іске нүкте қояды.
Әділдік біздің өміріміздің әрбір саласында болуы тиіс. Отбасын басқарудан бастап, ел басқаруға дейін әділдік талап етіледі. Адамдардың арасында сақталғаны секілді, адам мен Алланың арасында да сақталуы әділдік сақталуы керек.
Мәселен, Пайғамбарымыз (с.а.с.) “Екі әйелі болып, олардың арасында әділдік қылмаған адам қиямет күні бір жақ жартысын сүйретіп келеді”, – деп ескертеді. Тіпті, балаларымыздың арасында да әділдік жасауымызды талап етеді. Бірін басқасынан артық көріп, біріне сыйлық бергенде басқаларына бермей қалудан тыяды.
Сондай-ақ, бір хадисінде жұмаққа кіретін үш түрлі топтың қатарында әділ басшыны айтса, басқа бір хадисінде тағы да әділ басшының қияметте ешқандай пана болмаған кезде, Алланың панасында болатын 7 түрлі адамның қатарында болатынын тілге тиек етеді.
Сауда-саттықта, адамдардың арасында үкім беруде, дау-дамайлы мәселелерде де әділдік сақтап, титтей де болса басқа біреудің ақысын жеуден қайтарады. Тіпті, байлардан зекет жинауға жіберген қызметкерлерге малдарының ішінен ең семізін таңдап немесе түкке жарамсыз өте арығын алмай, орташасын алуды бұйыратын.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаға бет бұрамын деп, адамдардың ақысын аяқ асты етуден де сақтандыратын. Бір жас үйленген жігіттің әр күн ораза ұстап, әр түні ұйқтамастан Құранды бастан-аяқ оқитынын естігенде, оны шақырып алып “Кей күні ораза ұста, кей күн аузың ашық болсын. Түнде ұйықта, арасында оянып ғибадат жаса. Сенде әйеліңің ақысы бар, қонақтарыңның ақысы бар, көзіңнің ақысы бар, денеңнің де ақысы бар. Бәлкім өмірің ұзақ болатын шығар”, – деп ескертеді. Басында оған айына үш күн ораза ұстап, Құранды бір рет толық оқып шық деп айтады. Алайда жігіттің ынтасы зор болғандықтан азайта-азайта, күнара ораза ұстап, аптасына бір рет Құран хатым жасауға көндіреді. Байқағанымыздай бұл хадисте Алла мен адамдардың арасында да әділдік сақтауды айтып тұр.
Алла елшісінің (с.а.с.) өмірінен осы секілді әділдіктің үлгілерін көптеп келтіруге болады. Ол кісі әр айтқан сөзін өзі де жүз де жүз орындайтын болған. Бұған себеп – ақыретке деген иман, яғни, ақырзаман болғанда қайта тіріліп, ірілі-ұсақты әрбір ісіне есеп беретіндігіне деген шексіз сенім.
Алла Тағала Құранда «Қиямет күнінде адамдар үшін әділдік таразысын қоямын. Ол күні ешкімге титтей де әділетсіздік жасалмайды. Бір қышаның дәнегіндей кішкене нәрсе болса да таразыға тартамын. Мен есеп алуға жеткіліктімін», – дейді. (Әнбиә сүресі, 47 аят).
Адам егер біреудің ақысын жеп, сосын оны бұл дүниеде қайтарып бере алмай, о дүниеге қалатын болса, ол күнгі есептесу сауап пен күнә арқылы болады, яғни, сауабы болса сауабын береді, болмаса оның күнәсін арқалайды. Бұған шын иланған адам ешуақытта әділдіктен аттамайды, ешкімнің ақысын жемеуге тырысады. Қоғамдағы көптеген мәселенің шешімі де осы сенім екенінде күмән жоқ.
Сөз соңын Шәкәрім атамыздың Үш анығындағы қорытындысымен аяқтағым келіп отыр.
«Өлген соңғы жан өміріне нана алмай, өстіп ұждан-совесть, жанның екі өміріне бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, зaң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты».
Қуаныш Файзоллаұлы. Семей қалалық Тыныбай мешітінің наиб имамы.
Пікір қалдыру