Пайғамбарымыз (с.а.с.) кей насихаттарын сөзімен айтқаны секілді, кейбірін де іс-әрекеттері арқылы көрсететін. Соның бірі Әбу Хурайра есімді сахабаның жеткізген мынадай хадис: “Пайғамбарымыз тағамға еш айып таққан емес. Ұнатса жейтін, ұнатпаса жемейтін”. Бұл хадиске түсіндірме жасаушы ғалымдарымыз былай дейді: Тағам дегеніміз сусындарды да қамтиды. “Еш айып тақпайтын”, – деген сөздің мағынасы, яғни, үйінде болса да, қонақта болса да, сапарда жүрсе де, жалғыз өзі жесе де, көпшілікпен отырса да, көңілді кезінде де, ашулы болғанда да, еш жерде, ешбір уақытта “мынаның тұзы көп екен, дұрыс піспеген екен, күйіп кеткен екен” деген секілді сөздерді айтып жамандаған емес. Қайта, басқа да хадистерде келгендей тамақты мақтап отыратын.
Алла елшісінің бұл әдетінің астарында үлкен даналықтар жатыр. Ең алдымен, ас – Алланың бізге берген нығметі. Сол асты жей алатындай денсаулығымыздың болуы да – өз алдына үлкен нығмет. Ал, асты жамандау – осы нығметтердің қадірін білмеу, сондай-ақ, оның алдымызға дайын ас боп келуіне еңбегі сіңген, мысалы, егін еккен, оны суарған, орып-жинап алған, диірменге тартып ұн қылған т.б. барша адамның, сондай-ақ, бар ынтасын салып сол тағамды дайындаған анамыздың, әпкеміздің, жарымыздың немесе басқа бір жауапты адамның еңбегін бағаламағанымыз болып есептеледі.
Ал, сол тамақты жамандап отырып жейтін адам ойланып, өзінің бұл әрекетін қоюға тырысуы керек. Себебі, бұл әдеті мінезге айналып кетсе, кейін басқа да кез келген нәрседен мін іздеп отыратын ауруға соқтыруы мүмкін.
Осы орайда “Тамақты жамандағанның – қарынның тоқтығы, Ағайынды жамандағаның – ақылыңның жоқтығы”, – деген нақыл сөздің де салмағы айтарлықтай.
Ал, тамаққа мақтау айту – сол тамақты әзірлеген адамның көңіліне қуаныш сыйлап, жанын жадыратары сөзсіз. Ал, тамақ жеп болған соң, тамақ иесіне алғысымызды айтып, Аллаға шүкіршілік қылсақ, дастарқанымызға береке тілесек, Алла Тағаланың “Шүкір етсеңдер нығметтерімді арттырамын”, – дегеніндей өмірімізге береке кіріп, әр ісіміз оңынан келуіне, жеген тамағымыз бойымызға дарып, күш-қуатымыздың артуына сеп боларын үміт етеміз.
Семей қалалық Тыныбай мешітінің наиб имамы Қуаныш Файзоллаұлы
Хадисті Имам Бұхари риуаят еткен.
Пікір қалдыру