Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы республикалық «Айқын» газетіне жариялаған «Ихсан – тәрбие негізі» атты мақаласында: «Сөздікте «жақсылық», «игілік» деп келетін «ихсан» сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы бір нәрсені қолға алғанда оны «ең әдемі, ең кемел түрде жасау» дегенді білдіреді. Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Хақ Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі де осы – ихсан ілімі» деп жазған еді. Осы орайда Семей аймағының Бас имамы Асқар Әбітайұлының ұйымдастыруымен Семей қалалық «Хәкім Хәзірет» мешітінде имамдарға арналған «Хәкім Абай іліміндегі Ихсан ұғымы» атты 7 күндік семинар басталып кетті. Семинарда Ихсан ілімі, Қазақстан тарихы, Ғылымхал, Абайтану, Құран сабақтары жүретін болады. Семинарға Ихсан ілімі сабағын беруге арнайы «Нұр-Мүбарак ислам египет мәдениеті» университетінің ұстазы, әлемге әйгілі Әль-Азхар университетінің түлегі Асқарбек Бегәділұлы шақырылды. Қазақстан тарихы сабағынан тарих ғылымдарының кандидаты, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің профессоры Амантай Исин береді. Абайтану сабағынан Абайтанушы ғалым Асан Омаров береді.
Семей Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдыру