Ханафи мәзһабында таң намазының сүннеті уәжіпке жақын сүннет саналады. Айша анамыз жеткізген хадисте:
لم يكُنِ النبيُّ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم على شيءٍ مِن النوافلِ أَشدَّ تعاهُدًا منْه على رَكعتَي الفجرِ
«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) таң намазының екі бас сүннетіне ерекше көңіл бөлгендей басқа нәпіл намаздарға ондай көңіл бөлген емес»[1], – делінген.
Егер бір адам белгілі бір себептерге байланысты таң намазының сүннетін оқымастан бірден парызды оқыған болса, онда сүннетті парыздан кейін оқымайды. Себебі таң намазының сүннетінің уақыты парыз намазының алдында болып табылады. Яғни таң намазының парызы оқылса, сүннетінің уақыты шығып кеткен болады.
Осы ретте таң намазының сүннеті оқылмай қалса, Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтың пікір бойынша оның қазасы жеке өтелмейді. Тек парызымен бірге қаза болса ғана оқылады. Ал имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша күн тас төбеге келген уақытқа дейін жеке қазасы өтеле береді
[2]. Имам Мухаммед дәлел ретінде «хадису-тағрис» деген атпен танымал болған хадисті алға тартады. Ол хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалармен бірге бір сапарға шығып, жолда қатты шаршап бір жерге демалу үшін тоқтайды. Қатты шаршау себепті ұйықтап қалып, күннің сәулесі шыққанда оянады. Сөйтіп, Біләлға азан шақыртып, әуелі таң намазының сүннетін сосын қамат түсіріп парызын оқыды»
[3], – деп айтылған. Имам Әбу Ханифа мен имам Әбу Юсуф: «Сүннет намаздары парыздарымен бірге бекітілген сүннет болып саналады. Егер сүннеті қаза болып, парыздан бөлек жеке оқылса, онда парызға еру деген қасиетінен айырылып, бекітілген сүннет дәрежесінен шығады. «Тағрис» түніндегі мәселеге келсек, онда парызымен бірге қаза болғандықтан екеуі бірге өтеледі. Бұдан басқалары өз асылында қалады» дейді
[4]. Қорыта айтқанда, таң намазының екі ракағат сүннеті парыздан кейін оқылмайды. Тек парызымен қоса қаза болған жағдайда ғана бесінге дейін парызымен бірге оқылады.
Нұрсұлтан Маметбай Жамбыл облысы бойынша пәтуаға жауапты маман
[1] Бұхари, №1169. Мүслим, №724.
[2] Әл-Кәсәни, «Бәдәиус-Санаи», 2/273.
[3] Мүслим, №681.
[4] Әл-Кәсәни, «Бәдәиус-Санаи», 2/274. Фәтху баби әл-иная, 1/355.
Пікір қалдыру