АРДАҚ ОРАЗБАЕВ – «УАҚЫП» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ (ФОТО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Ардақ Оразбаев Діни басқарма жанындағы «Уақып» қазақстандық қоры» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті болып тағайындалды.
«Оразбаев Ардақ Нүсіпханұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы Алматы облысы Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы қызметінен босатылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Уақып» қазақстандық қоры» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті болып тағайындалсын» делінген Бас мүфти бұйрығында.

«Уақып» қорының жаңа президентін ҚМДБ ұжымына таныстырған Наурызбай қажы Тағанұлы: «Ардақ Нүсіпханұлы Талдықорған өңіріне бас имам болған жылдары өзін білікті басшы, ұйымдастыру-үйлестіру бағыты бойынша іскер адам, уағыз-насихат, қайырымдылық іс-шаралары бағытында үлгілі, белсенді имам ретінде танытты. Діни салада мол тәжірибе жинақтады. Енді «Уақып» қорының жұмысын жаңа деңгейге көтереді деген сенімдемін. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін» деп, Ардақ Нүсіпханұлына бұған дейін атқарған дін жолындағы қызметіне ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыс етті.

Бас мүфти өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын ауыл имамдарына жалақы беру, діни ағарту ісін жандандыру сынды іс-шараларға жүйелі түрде қаржылай көмек көрсетіп келген «Уақып» қорының алда атқаруы тиіс жұмыстары мен жоспарын атап өтті. Осы бағытта қор президентіне нақты тапсырмалар берді.

Айта кетсек, «Уақып» қоры – қайырымдылық ұйым, оның қызметі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, діни ағартушылық саладағы іс-шараларды жүргізуге, сондай-ақ дін қызметкерлерінің жұмысын жетілдіруге бағытталған. «Уақып» қоры көптеген мұсылман елдерінде бар.

Ардақ Нүсіпханұлы Оразбаев

1985 жылы туған

Білімі мен біліктілігі:

1991-2002 жж аралығында ШҚО қазіргі Үржар ауданы, Көктерек ауылдық орта мектебін бітірді;

2002-2004 жж, Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетін;

2004-2008 жж, «Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетін;

2008-2009 жж, аралығында Алматы қаласында орналасқан «Имамдар» институтын;

2009-2011 жж Шет тілдері іскерлік карьера университетінің дінтану факультетін;

2011-2013 жж, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің магистратурасын тәмамдап шықты.

Еңбек жолы:

2008-2011 жылдар аралығында ШҚО, Үржар ауданы, Мақаншы орталық мешітінде ұстаздық қызметте болды.

2013 жылдың шілде айынан бері, Алматы облысы, Талдықорған өңірі бойынша бірінші наиб имам қызметін атқарып келді.

2017 жылдың 21 қыркүйегінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының №1885 бұйрығымен Алматы облысы, Талдықорған өңірі бойынша және Талдықорған қаласындағы аймақтық орталық «Иман» мешітінің бас имамы болып тағайындалды.

2021 жылдың 23 шілдесінен бастап ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының №1680 бұйрығымен Діни басқарма жанындағы «Уақып» қазақстандық қоры» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті болып тағайындалды.